Жаңалықтар

Қазақстандағы футбол ақшаны далаға шашумен тең дейтіндер көп еді – Бахтиер Зайнутдинов

Қазақстандағы футбол ақшаны далаға шашумен тең дейтіндер көп еді – Бахтиер Зайнутдинов
Фото: instagram.com/kff_team 08.08.2023 17:13 1348

Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Данияны ұтып, сенсация жасаған. Осы орайда құрамадағы жұлдызды ойыншылардың бірі Бахтиер Зайнутдинов Sports.ru сайтына сұхбат беріп, өткен ойындар мен алдағы кездесулер жайлы ой қозғаған болатын. 

– Қазақстан құрамасының Данияны жеңуі айтулы оқиға болды. Көпшілік мұндайды күтпеген секілді.

– Словениядан ұтылған соң жігіттермен отырып сөйлестік. Данияны ұтуымыз керек деген мақсат болды. Бапкер намысымызды қайрап, президент бізге сенетінін айтты.

Ұтамыз деген сенім болды. Жанкүйерлер де жігерлендірді. Біздің Астанадағы стадионның үсті жабылады, қызықтың көкесі сол кезде басталады. Лық толған стадион жан-жақтан шулағанда келген қонақтардың бәрі шошып кетеді.

Ресейде бірнеше айдан бері санаулы жанкүйердің алдында ойнап, Қазақстанда анадай жағдайды көргенде, өзің де шабыттанып кетеді екенсің. Бұрын бәрі керісінше болатын.  

– Даниямен ойын жайлы толығырақ айтып берші.

– Бірінші тайм өте ауыр соқты. Екі гол өткізіп алдық, Дания матчты толық бақылауында ұстады.

Үзілестен соң бәрі өзгеріп шыға келді. Бапкердің сөздері әсер еткен шығар. Бәріміз алға ұмтылдық. Даниялықтар абдырап қалды.

Алғашқы голды пенальтиден мен соқтым. Доп капитан Асхат Тағыбергенде болған. Қасына барып, кезегін маған беруді өтіндім, күшім тасып тұрғанын сездім. Гол соқсам, бәрі өзгеретінін білгендеймін. Терең тыныс алып, қақпаны дәл көздедім. Жігіттердің бәрі алға ұмтыла түсті.

Екінші голды Тағыберген алыстан тұрып соқты. Аң-таң болдым. Оның қолынан келетінін білетінмін. Қазақстан чемпионатында да осындай голдарды соғып жүрген.

Екінші голдан соң біз тең есепке көңіліміз толмайтынын түсіндік. Айымбетов гол соққанда, жүрегім аузымнан шығып кете жаздады. Магомед Мусаевич орындықта отыр еді, бәріміз соған қарай жүгірдік.

Нағыз той болды! Биледік, ән айттық. Қазақ халқына арнап үлкен мереке ұйымдастырғандаймыз.

Бізді плакаттармен қарсы алып, алғыстарын жаудырып жатты. Бұрын Қазақстан үнемі ұтылып жүретін. Қазір бәрі өзгеріп жатыр. Көзқарас та өзгерді. Бұрын тең есепке қанағаттансақ, қазір тек жеңіске ұмтыламыз.

Әр бапкер өз үлесін қосты: Талғат Байсуфинов те, Андрей Карпович те, қазіргі Магомед Адиев те.

Әзірге Еуроға шықтық деп сеніммен айтуға әлі ерте. Қадам сайын алға жылжып келеміз. Дания – өте мықты команда. «Тоттенхэм» мен «Манчестер Юнайтед» клубтарында өнер көрсететін ойыншылары бар. Әзірге төрт ойын ғана өтті, сондықтан жақсылықтан үміттенеміз.

Өз-өзіңе деген сенімділігің тым артып кетсе де жаман. Мусаевич [Адиев] Сан-Мариномен ойын өте маңызды дейтін. «Себебі бізді бәрі кездесудің жеңімпазы атандырып қойды, тиісінше қарсыласты бағаламай қалу қаупі бар» деген. Сан-Мариноға ерекше дайындалдық.

Иә, Сан-Марино футбол ойнай алады. Бұрын Қазақстанда деңгей төмен дейтін, қазір алдын ала жеңімпаз атағын беретін жағдайға жетіппіз. Бізге жанкүйерлер сенбейтін кездерді көзіммен көргенмін. Бәрі «Қазақстанда футбол жоқ, ақшаны далаға шашу» дегенді айтатын. Қазір бәрі өзгерді. Еуроға өтеміз деген де үмітіміз бар.  

Сыни пікірлерді естігенде ойнау да қиын шығар?

– Әрине, көңіліңе қатты тиеді. Бірақ жігерлендіретін де осындай сөздер. Біз жігіттермен жиналып адамдардың ойын, көзқарасын өзгертуіміз керек деп, сол үшін футбол деңгейін көтеру жолдарын талқылайтынбыз. Дәлелдейік дейтінбіз.

– Дәлелдей алдыңдар ма?

– Әзірге жоқ. Еуроға шықсақ, онда хейтерлердің ауыздарына құм құйылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға