Қазақстандағы 5 жұлдызды қонақүйлер бағасына лайық па?
2025 жылғы ресми статистика Қазақстандағы қонақүй нарығының қызық әрі бір қарағанда қарама-қайшы көрінісін көрсетіп отыр. Ел аумағында 4 313 қонақүй тіркелгенімен, олардың ішінде ресми star-классификациядан өткендері – небәрі 112, ал 5 жұлдызды қонақүйлердің саны 25-ке ғана жеткен. Бұл – нарықтағы ең жоғары премиум сегмент, бірақ үлесі мардымсыз.
Соған қарамастан, бұл сегментке сұраныс бар. Талдау нәтижесіне сүйенсек, 5 жұлдызды қонақүйлерде түнейтіндердің басым бөлігі – қазақстандықтар. Резиденттер саны шамамен 370 мың адам, ал шетелдік туристер – 265 мың. Бұл дерек люкс қонақүйлердің бастапқы мақсатынан біртіндеп алыстап бара жатқанын аңғартады.
Еліміз бойынша 5 жұлдызды қонақүйлердің географиясы
5 жұлдызды қонақүйлердің географиясы негізінен ірі қалалар мен белгілі туристік аймақтармен немесе іскерлік орталықтармен байланысты. Келушілерге люкс қызметін көрсететін қалалар тізімі де жарық көрген.
5 жұлдызды қонақүйлердің орналасуы да Қазақстан туризмінің қазіргі бағытын айқын көрсетеді. Негізгі шоғыр Астана мен Алматыға тиесілі. Елордада халықаралық брендтердің толық қатары бар: Ritz-Carlton, St. Regis, Hilton, Radisson. Бұған қоса, Есіл бойында Swissôtel құрылысы жүріп жатыр.
Шетелдік туристердің жүрегін бірден жаулап алатын Алатаудың етегі болса, екінші сатыға жайғасқан. Алма қаладағы премиум қонақүйлерге сұраныс жоғары, атап айтқанда The Ritz-Carlton, Rixos, InterContinental, Swissôtel сияқты брендтер жетерлік. Көбіне президенттік нөмір мен люкс бөлмелерді таңдайтын келушілер, терезенің Алатауға қарап тұрғанын қалайды екен. Жайлылық үшін баға таңдамайтын тұтынушыларға, ұйқыдан оянғанда шыршалы таудағы тұмса табиғаттан энергия алу маңызды деседі.
Екі ірі мегаполистен бөлек, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Ақтау және Түркістан секілді өңірлерде де 5 жұлдызды қонақүйлер бой көтерген.
Баға мен сапа арасындағы тепе-теңдік
Биыл 5 жұлдызды қонақүйлерде бір күндік түнеу бағасы: шамамен 71 674 теңгені құрады. Ал кейбір қалаларда орташа баға 85 800 теңгеге дейін көтерілген.
Дегенмен, түрлі қызмет көрсетулерге байланысты қызмет бағасы да қымбаттай береді. Мәселен, біз атаған қонақүйлерде: SPA және велнес орталығы, ресторандар мен барлар, жиналыс және конференц-залдар, Фитнес, моншалар, ойын алаңдары секілді сервистерді пайдалана аласыз. Бірақ қызмет құнына тағы қосымша 100-350 мың теңге аралығында қосылады.
Дәл осы қонақүй саласында 10 жыл бойы қызмет атқарып келе жатқан Айдын Мұхтарұлының айтуынша, қазір шетел азаматтарынан бөлек, жергілікті тұрғындардың демалыс күндері SPA қызметіне жүгінуі жиіледі дейді.
Егер осыдан 5-6 жыл бұрынғы кез-келген қонақүйлердің статистикасын қарайтын болсаңыздар, тек шетелден келген туристер ғана тұрақтайтын еді. Ал қазір Алматы қаласының өзінен демалыс күндері SPA-ға жазылушылар саны өте көп. Көбіне отбасылық демалысты таңдайды. Тіпті, сенбі және жексенбіден бөлек, жұмыс күндері де келушілер жетерлік. Оның үстіне орташа баға да қарапайым халық үшін өте қолайлы деп ойлаймын, - деді қонақүй менеджері.
Өзге елдердегі қонақүйлер құны қанша?
Ең алдымен көршілермізден бастап сараптама жасап көрелік. Booking сайты көрсеткендей, Ташкент қаласындағы 5 жұлдызды Hilton қонақүйіне бір түнге түнеу құны - салықпен қосқанда 110 мың теңге. Ал, Бішкектегі Sheraton қонақүйіндегі бір күндік баға -100 мың теңге тұрады. Ең көп турист баратын Абу-Даби қаласындағы Rixos Marina қонақүйі болса, келушілерден күніне 260 мың теңге табыс табады.
Қонақүйлер көбейсін десек, туризмды дамыту қажет
Біріккен Араб Әмірліктерінде қонақүй саласы бойынша 5 жыл қызмет атқарып келген Қуаныш Сейіткәрімов есімді отандасымыз, қонақүйлер сапасын көтеру үшін бәсекелестіктен бөлек, ішкі және сыртқы туризмді дамыту қажет деген пікірде.
Егер туризмі дамыған өзге елдерді қарайтын болсаңыз, орта деңгейдегі қонақүйлерінің өзі біздің 5 жұлдызды сегменттен асып түседі. Мұның барлығы тәжірибемен келетін дүние Мысалы, сіздің люкс деңгейдегі қонақүйіңіз бар делік, бірақ күніне 10 адам ғана келетін болса сізде ешқандай өсім болмайды. Өзім қызмет атқарған Дубайдағы InterContinental Marina қонақүйіне орташа есеппен күніне 1500 адам тұрақты түрде келіп отыратын. Соның арқасында мол тәжірибе жинадым. Көршілес ресейде де сондай жағдай. Түрлі люкс деңгейдегі қонақүйлер жетерлік, бірақ сапасы мен қызмет көрсету сервисі өте төмен дәрежеде, - деді Қуаныш Сейіткәрімов.
Түрлі қосымшалар мен Maps ұйымдарының бағалау қызметінде отандық қонақүйлер айтарлықтай жоғары бағаға ие болған. Жоғарыда атаған бірнеше брендтерден бөлек, 3-4 жұлдызды орта санаттағы қонақүйлердің өзі бестік шкаладан 4,8 рейтинг көрсетіп тұр. Көбісі аңғара бермегенімен, қонақүй туризм саласындағы ең маңызды аргументтердің бірі. Шетелден келген туристерге де бірінші болып мемлекет жайлы ой қалыптастыратын дәл осы қонақүй саласы.

