жасанды интеллект

Қазақстанда жүргізушісіз такси қызметі пайда болуы мүмкін

23.02.2026 11:00

Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысының аумағында пилоттық режимде жүргізушісіз такси жобаларын іске қосу жоспарлануда. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлім етті.

Қалалық мобильдік пен логистика бағытында бірқатар инновациялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, Алматы және Астана қалаларында, сондай-ақ Ақмола облысының аумағында пилоттық режимде жүргізушісіз такси жобаларын іске қосу жоспарлануда. Ұзақ мерзімде қарастырсақ, бұл бағыт цифрлық экономиканың жаңа сегментін қалыптастырып, бюджетке қосымша қаражат әкелуге мүмкіндік береді, - деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. 

Оқи отырыңыз: 

Әлем роботакси қызметін қалай пайдаланып жатыр?

Бүгінде АҚШ пен Қытай автономды такси нарығында көш бастап тұр.

  • Waymo компаниясы Финикс пен Сан-Францискода толыққанды коммерциялық роботакси қызметін ұсынады.
  • Cruise жобасы бірқатар америкалық қалаларда сынақтан өтті.
  • Қытайда Baidu-дың Apollo Go платформасы бірнеше мегаполисте жолаушы тасымалдауда.

Сарапшылар бағалауынша, 2030 жылға қарай автономды көлік нарығы жүздеген миллиард долларлық индустрияға айналуы мүмкін. Кей өңірлерде роботакси қызметі дәстүрлі таксиге қарағанда 20-30 пайыз арзан болып отыр.

Орталық Азиядағы жағдай

Орталық Азия елдерінде толыққанды роботакси қызметі әлі кең тарала қойған жоқ. Дегенмен Өзбекстан мен Қырғызстанда интеллектуалды көлік жүйелері мен «ақылды қала» жобалары талқыланып жатыр.

Қазақстан бұл бағытта алғашқылардың бірі болуға ниетті. Егер пилоттық жоба сәтті іске асса, өңірлік деңгейде технологиялық көшбасшылыққа ұмтылу мүмкіндігі бар.

Неге бұл технология маңызды?

Дүниежүзіндегі жол апаттарының 90 пайыздан астамы адам факторынан туындайды: шаршау, алаңдау, жылдамдық асыру, мас күйде көлік жүргізу. Ал жүргізушісіз көліктерде керісінше: 

  • шаршамайды
  • эмоцияға берілмейді
  • телефонға алаңдамайды
  • жол қозғалысын деректер арқылы талдайды

Олар LIDAR сенсорлары, радарлар, камералар және жасанды интеллект алгоритмдері арқылы айналаны 360 градус бақылайды. Бір секундта мыңдаған деректі өңдеп, шешім қабылдай алады.

Қазақстанда жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетінін ескерсек, қауіпсіздік факторы бұл жобаның басты аргументтерінің бірі болуы мүмкін.

Экономикалық мүмкіндік

Автономды такси тек көлік қызметі емес. Бұл:

  • деректер экономикасы
  • ІТ-инфрақұрылым
  • жасанды интеллект экожүйесі
  • жаңа инвестициялық бағыт.

Ұзақ мерзімде роботакси жеке автокөлікке деген сұранысты азайтып, қалалардағы автотұрақтар санын қысқартуы мүмкін. Урбанистер болашақта көлік иелену мәдениеті өзгереді деп болжайды: адамдар жеке машина сатып алудың орнына сұраныс бойынша көлік шақыруға көшеді.

Қазақстан шынымен дайын ба?

Қазақстан соңғы жылдары цифрлық трансформацияны мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы ретінде айқындап келеді. Электронды үкіметтен бастап жасанды интеллектті білім беру мен мемлекеттік басқаруға енгізуге дейінгі қадамдар - соның дәлелі. Роботакси жобасы осы стратегиялық бағыттың логикалық жалғасы іспетті. Бұл - жай көлік саласындағы жаңалық емес, елдің жасанды интеллект технологияларын нақты секторда сынауға деген ниетінің көрінісі.

Жоба жүзеге асса, бірнеше маңызды нәтиже беруі мүмкін. Біріншіден, Қазақстанның инновациялық ел ретіндегі имиджі күшейеді. Екіншіден, ІТ-индустрияға, стартаптарға және венчурлік капиталға қосымша серпін беріледі. Үшіншіден, Орталық Азия кеңістігінде технологиялық бастамалар бойынша көшбасшылық позицияға ұмтылуға мүмкіндік тумақ. 

Бұған дейін біз айыппұлдағы 50 пайыз жеңілдік жойылуы мүмкін екендігі  туралы жазған едік.