Қазақстанда жеке деректердің таралуы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі
Қазақстанда жеке деректерді заңсыз тарату үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары, жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Жаңа Конституцияның 21-бабына сәйкес, әрбір азаматтың жеке өміріне қол сұғылмаушылық, жеке және отбасылық құпияны сақтау, сондай-ақ жеке деректерді қорғау құқығы заңмен кепілдендірілген.
Бұл норма дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі дамытуға негіз болды. Оны Конституция деңгейінде бекіту азаматтардың деректерін қорғауды күшейтеді, цифрлық сервистерге деген сенімді арттырады және ұйымдардың жауапкершілігін күшейтеді, — деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, бұл талаптарды іске асыру үшін бірқатар техникалық және құқықтық шаралар қабылданады.
Деректерді қорғау үшін маскирлеу және хэштеу сияқты құралдар енгізіледі. Мемлекеттік базалардан деректерді жүктеу шектеледі. Жалпы, ақпараттық жүйелерді интеграциялау басым бағыт болады, — деді министр.
Деректерді жүктеу заңда нақты көрсетілген ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі, — деп нақтылады ол.
Сонымен қатар, жеке деректер операторлары үшін жаңа міндеттер енгізіледі.
Операторлар деректерді өңдеуді бастағаны туралы мемлекеттік органдарды хабардар етуге міндетті болады. Ал деректердің таралуы орын алса, бұл туралы азаматтарға өздері хабарлауы тиіс, — деді Жаслан Мәдиев.
Жаңашылдықтардың бірі — жеке деректерді жаппай таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу. Сонымен қатар, әкімшілік айыппұл көлемі 5000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады.Министр киберқауіпсіздік мәселесіне де тоқталды.
Киберқауіпсіздік жүйесіндегі ең әлсіз буын — адам факторы. Сондықтан кибермәдениетті арттыруға ерекше көңіл бөлінеді, — деді ол.
Сондай-ақ ремьер-министр Олжас Бектенов те дербес деректерді қорғау саласындағы бақылауды күшейтуді тапсырды.
Мемлекет басшысы бұл мәселенің өзектілігін әрдайым атап өтеді. Сондықтан дербес деректерді қорғау нормалары Конституцияда бекітілді. Бұл цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу жағдайында аса маңызды, — деді Олжас Бектенов.
Ол жауапты министрлікке нақты тапсырмалар жүктеді.
Жасанды интеллект министрлігі дербес деректерді қорғау саласындағы бақылау тетіктерін күшейтіп, заңнамалық түзетулерді жеделдетуі қажет, - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, еңбек және экология салаларына қатысты да тапсырмалар берілді.
Цифрлық экономика мен жаңа жұмыс форматтарын ескере отырып, еңбек заңнамасын бейімдеу қажет, - деді ол.
Экологиялық жауапкершілік енді нақты құқықтық міндеттемелермен бірге негізгі конституциялық қағидатқа айналады, - деп атап өтті премьер-министр.

