Қазақстанда жастарға арналған қандай ипотекалар бар
Krisha.kz Қазақстанда жастарға арналған қолжетімді баспана бағдарламаларының тізімін жасаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
- Жұмыс істейтін жастар үшін тұрғын үй сатып алу құқығынсыз жалға алу
Бұл мемлекеттік бағдарлама Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істейді және 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
— тізімдегі қаланың біреуінде үш жыл тұрақты тіркелген;
— соңғы бес жылда Қазақстанда жалға алынған/меншік үйі жоқ (оның ішінде отбасы мүшелерінде: жұбайы, балалары);
— соңғы 6 айдағы айлық табысы 40 АЕК-тен (147.7 мың теңге, өйткені 2024 жылы 1 АЕК — 3 692 теңге) кем емес.
Өтінім арнайы сайттарда белгілі бір күндерде беріледі. Өтінім қабылдаудың басталғаны туралы хабарландыруды әкімдіктердің сайтында бақылауыңыз тиіс.
Қатысушыларға кәсібі, отбасы, балалары, депозиттері үшін ұпай беріледі. Ұпай саны мен баланың болуы пәтердің аумағына әсер етеді.
Әдетте әкімдіктер салған жаңа үйлерден пәтер береді. Пәтерді ай сайынғы жалдау ақысы — 5-15 мың теңге. Коммуналдық қызмет ақысы бөлек төленеді.
Тұрғын үй үш жылға ғана жалға беріледі. Содан кейін жалға алушылар үйді босатуы керек.
Жалпы бұл бағыт уақытша шара екенін ұмытпаған жөн. Жалға алған кезде мақсатты бағдарламаларға қатысу үшін бастапқы жарнаға ақша жинауға немесе «Отбасы банкте» депозит ашуға тырысуыңыз керек.
- Жергілікті «Жастар» ипотекалары
Олар: «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Жетісу жастары» және т.б..
Ипотеканы жергілікті әкімдіктер мен «Отбасы банк» бірлесіп ақша бөліп, іске қосады. Әкімдіктер қатысушыларға шарт қояды, сондықтан бұған көбінесе мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері кіреді.
Кейбір қалада мәдениет саласындағы жеке кәсіпкерлерге рұқсат етілсе, басқа жерде қатысушылар екі-үш саладан ғана бола алады.
Бағдарлама 15 өңірде жұмыс істейді: Астана, Алматы, Алматы облысы, Шымкент, Талдықорған, Ақтөбе, Қарағанды, Атырау, Теміртау, Семей, Қостанай, Қызылорда, Батыс Қазақстан облысы (Бөрлі ауданы), Жамбыл, Ұлытау облыстары.
Несие шарттары аймақатрға қарай әртүрлі, бірақ аса өзгеріс жоқ:
— пайыздық мөлшерлеме — 5-6 %;
— бастапқы жарна — 10 %-дан бастап;
— кредит мерзімі — 19-25 жыл;
— қарызға берілетін ең көп сома — 10–20 млн тг, пәтер қымбат болуы мүмкін, қалған ақшаны қатысушы өз қалтасынан төлейді.
Пәтерді бірінші нарықтан да, салынып жатқанынан (ҚТК кепілдігімен) да, екінші нарықтан да сатып алуға болады.
Қатысушыларға қойылатын талаптар:
— соңғы 5 жылда меншігінде (отбасы мүшелерінде) жылжымайтын мүлік болмауға тиіс;
— бір немесе үш жыл тұрақты тіркелген болуы керек;
— кемінде бір жыл білім, медицина, мәдениет, спорт, журналистика салаларында жұмыс істеген, полиция қызметкері және т.б.
Өңірлердің көпшілігінде баспана алу үшін әкімдікте кезекке тұрудың қажеті жоқ. Алайда мұндай талап Талдықорған, Теміртау, Семей, Қостанай, Қызылорда, Ұлытау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында бар.
Өтінім қабылдау әр аймақта әртүрлі уақытта болады, БАҚ және «Отбасы банк» жаңалықтарын бақылап отыру керек.
- «Жас Отбасы» жеңілдікті ипотекасы
Бұл «Отбасы Банктің» жақында ғана шаңырақ көтергендерге арналған бағдарламасы.
Талаптар:
— Отбасы банктен депозит ашып, бір жыл ақша жинау керек.
— депозитті ашу кезінде неке туралы куәлікке сәйкес неке бес жылдан аспауы керек және ерлі-зайыптылардың жасы маңызды емес.
— несие алуға өтініш берген кезде тұрғын үй құнының 50 пайызын жинауыңыз немесе депозитке салуыңыз керек.
— мөлшерлеме — жылына 6 % (ЖТСМ — 6.3 %-дан), екі жылдан кейін 5 %-ға (ЖТСМ — 5.2 %-дан) түседі.
— кредит мерзімі — 6-9 жыл.
— Сома — 100 млн теңгеге дейін.
Пәтерді немесе жер үйді бірінші (соның ішінде үлестік қатысу келісімшарты бойынша) және екінші нарықтан сатып ала аласыз.
Үй жөндеуге де несие алуға болады, сонымен қатар жер телімін сатып алуға және/немесе үй салуға болады.
Бағдарламаның артықшылығы — баспана болмауы керек деген шарт жоқ, яғни екінші немесе үшінші нарықтағы жылжымайтын мүлік сатып алуға болады.
- «Отау» ипотекасы
Бағдарлама биыл 1 наурыздан бастап іске қосылды және 7 жылға көзделген.
35 жасқа дейінгі қатысушыларға басымдық беріледі, бірақ Қазақстанның барлық азаматтары мен 18-63 жас аралығындағы азаматтар несие ала алады.
Кімдер қатыса алады:
— соңғы бес жылда баспанасыз жүргендер, оның ішінде қатысушының отбасы мүшелері;
— «Отбасы банкте» кемінде 18 ай депозиті бар және 1 миллион теңге және одан көп ақша жинаған.
Талаптар:
— ипотека мөлшерлемесі — 9 %;
— бастапқы жарна — 20 %-дан бастап;
— несие мерзімі — 19 жылға дейін;
— қарызға берілетін ең көп сома, оның ішінде үйді жөндеуге арналған сома: 30 млн-ға дейін — Астанада, Алматыда, 18 млн-ға дейін — қалған өңірлерде.
Сатып алуға болады:
Астана, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарындағы тек бірінші нарықтағы тұрғын үйлерді, сонымен қатар салынып жатқандарын (ҚТК кепілдігімен). Облыс орталықтарына Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Қонаев, Павлодар, Петропавл, Семей, Жезқазған, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен кіреді.
Басқа өңірлерде: облыстарда, ауылдарда бірінші және екінші нарықтағы үйді сатып алуға болады.
Астанада немесе Алматыда пәтер сатып алғанда үш және одан да көп мерзімде тұрақты тіркеу қажет.
Сәуірдің аяғына дейін «Отау» ипотекасына қатысуға өтінім қабылдануда. Мұнда да ұпай жүйесі бар. 1 мамырдан 15 мамыр аралығында қатысушыларды жинаған сомасына, депозит мерзіміне, отбасы мен балаларының болуына байланысты ұпайлар бойынша іріктеледі.
- Жаңа ипотека
Бағдарлама мамырда іске қосылады деп жоспарлануда. Оның операторы «Отбасы банк» болады. Кейбір шарт қана белгілі.
Кім қатыса алады:
— жұмыс істейтін жастар;
— жас отбасы;
— тұрғын үй төлемін алып отырғандар — әскери қызметкерлер;
— Отбасы банк салымшылары;
— моноқала, аудан орталықтары, сонымен қатар ауыл тұрғындары.
Талаптар:
— 7 % — әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған мөлшерлеме. Оған көп балалы отбасы, жетімдер, мүгедектер, т.б.
— 9 % — қалғандарына.
— несиенің ең жоғары сомасы Алматы мен Астанада 30 миллион теңгені құрайды. Қалған аймақтарда — 18 млн теңге.
— тек Астана, Алматы, Шымкент және 17 қала — облыс орталықтарында бірінші нарықтан баспана сатып алуға болады.
Барлық қалған елді мекенде бірінші, екінші нарықтан, соның ішінде жер үй ала аласыз.
Басқа да шарттар қосылуы әбден мүмкін.
Түйіндеме:
— Көптеген бағдарламаға қатысу үшін жастардың жеке баспанасы болмауы керек. Бағдарламалар бірінші үй сатып алуға көмектеседі.
— Бұл ипотекалардың көбінде әкімдіктің кезегінде тұру туралы талап жоқ, бұл — артықшылық.
— Алайда «Жас отбасыдан» басқа бағдарламалардың барлығында дерлік сатып алынатын баспанаға қатысты шектеулер бар.