Қазақстанда жасанды интеллект қылмыстың алдын алуға көмектеседі
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Қазақстанда жасанды интеллекттің көмегімен қылмыстың алдын алу үшін қоғамдық қауіпсіздікке арналған жаңа платформа құру жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы Сәбит Нұрлыбай «Kazinform» агенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президент бізге нақты міндет жүктеді: тек құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, оларды алдын ала болжауды және ескеруді үйренуіміз қажет. Яғни, профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуіміз тиіс. Бұл тапсырманы біз стратегиялық мақсат ретінде қабылдадық. Осы бағытта Бас прокурор Берік Асылов та нақты міндеттер қойды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға Комитеттің берік іргетасы бар. Құқықтық ақпаратты жинау, өңдеу және қалыптастыру кезең-кезеңімен қағаз форматынан электрондық жүйеге ауыстырылды. Бүгінде барлық құқықтық деректер заманауи ақпараттық жүйелерде жинақталған. 2021 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төрт ірі ІТ-жоба (ЕРДР, ЕРАП, ЕРСОП және Аналитикалық орталық) іске қосылды. Бұл алдағы реформаларға мықты негіз қалап берді. Біз бұл трансформацияны жүйелі, кезең-кезеңімен және жобалық басқару тәсілдерін қолдана отырып жүргіздік.
Алғашқы маңызды қадам – қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжауға арналған орталықтың пилоттық режимде құрылуы болды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл орталық болжамдық-аналитикалық қызметтің нағыз «ойлау орталығына» айналады. Оған ІТ-мамандар, математиктер мен дата-аналитиктер тартылды. Сондай-ақ орталықтың құрылымын, жұмыс процестерін және KPI жүйесін әзірлеу үшін жобалық басқару саласының ұлттық сарапшылары шақырылды.
Сәбит Нұрлыбайдың айтуынша, елордада қылмысқа қарсы күресте жасанды интеллект технологиялары қолданылып жатыр. Құқықтық статистика комитеті әзірлеген жобалар қылмыстың қай жерде және қашан болуы мүмкін екенін алдын ала болжауға мүмкіндік береді.
Мысалы, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, елорданың Есіл ауданында және Қосшы қаласының полиция бөлімінде тергеушінің цифрлық көмекшісі пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Бұл жүйе жасанды интеллекттің көмегімен тергеу жоспарын құрып, уақытты үнемдейді және күнделікті процестерді автоматтандырады. Айталық, жауап алу кезінде ауызша мәліметтерді мәтінге түсіріп, қайшы ақпараттарды бірден анықтайды. Жақын арада ішкі істер органдарымен бірге елордада көше қылмыстары бойынша жаңа пилоттық жобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» деп аталатын геоақпараттық жүйе жұмыс істейді. Қылмыс тіркелген сәттен бастап, бір минут ішінде деректер картаға түседі, оны полиция да, тұрғындар да көре алады. Енді бұл жүйеге жасанды интеллект қосылмақ. Ол қылмыс қай жерде болуы мүмкін екенін алдын ала болжауға көмектесіп, полицияға патрульдеу бағыттарын тиімді құруға мүмкіндік береді. Осылайша құқық қорғау органдары алдын алу шараларын дер кезінде қабылдай алады, - дейді ол.
Айтуынша, Қостанайда 11 рет ұсақ құқық бұзушылық жасаған азамат ақырында жасөспірімді өлтірген. Егер дер кезінде шара қабылданса, бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді. Енді осындай жағдайларды болдырмау үшін құқықтық статистика комитетінің жаңа модулі іске қосылды.
Енді жасанды интеллект тәуекел тобына жататын азаматтарды анықтап, оларды учаскелік полицияның бақылауына ұсынады. Мысалы, бір адам үнемі ұсақ құқық бұзушылық жасаса, оның себебін анықтап, қажет болса, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу көзделеді. Осылайша құқық қорғау органдары әлеуетті қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік алады.
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрағасы әлеуметтік маңызды мәселелерді анықтау үшін жасанды интеллект қолданылатынын айтты.
Президент Әкімшілігінің тиісті бөлімшесімен бірлесіп, «е-Өтініш» жүйесіндегі әлеуметтік маңызды өтініштерді анықтау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект азаматтардың мемлекеттік органдарға жолдаған өтініштерінің мазмұнын талдап, олардың ішінен әлеуметтік тұрғыдан ең сезімтал тақырыптарды іріктеп шығарады. Кейін бұл өтініштердің қалай қаралғаны және қабылданған шешімдердің заңдылығы тексеріледі.
Мәселен, ата-аналардан сынып жетекшісінің буллингке жол бергені туралы шағым түскен. Алайда білім басқармасы мәселені жылы жауып қойғысы келіп, тиісті шара қабылдамаған. Шын мәнінде бұл өтініш полицияға жіберілуі тиіс болатын. Осы олқылықтың салдарынан жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылды, - дейді Сәбит Нұрлыбай.
Айта кетейік, жалпы «е-Өтініш» жүйесіне келіп түсетін өтініштер саны жыл сайын шамамен үштен бірге өсіп келеді.

