Қазақстанда жаңа туған сәбиге паспортты қалай рәсімдеуге болады

 ©El.kz/Мәди Ысқақов
Фото: ©El.kz/Мәди Ысқақов

Қазақстанда балаға паспортты туған сәттен бастап рәсімдеуге болады. Құжатты беру тәртібі Ішкі істер министрлігі бекіткен қағидалармен реттеледі.

Ішкі істер министрлігінің ресми жауабына сәйкес, Қазақстан азаматының негізгі құжаты – жеке куәлік. Ал паспорт азаматтың жеке басын әрі ел ішіндегі, әрі шетелдегі мәртебесін растайтын құжат ретінде қарастырылады. Сондықтан оны алу міндетті емес, ата-ананың қалауымен беріледі. Дегенмен баланың паспорты туған күнінен бастап рәсімделуі мүмкін.

Қайда жүгіну керек және қандай құжаттар қажет

Кәмелетке толмаған балаға паспорт алу үшін ата-анасы немесе заңды өкілдері (қамқоршы, қорғаншы) баламен бірге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жанындағы полиция бөлімшелеріне жүгінуі тиіс.

Қажетті құжаттар тізімі:

– баланың туу туралы куәлігі (немесе оның цифрлық нұсқасы);
– ата-ананың бірінің жеке куәлігі (немесе цифрлық нұсқасы);
– егер ата-ананың бірі шетелдік болса, оның нотариалды куәландырылған келісімі.

Рәсімдеу мерзімі мен ерекшеліктері

Паспортты дайындаудың стандартты мерзімі – 15 жұмыс күні. Қажет болған жағдайда жеделдетілген қызметті пайдалануға болады: құжат 1 күннен 7 күнге дейінгі аралықта дайындалады (қосымша ақы төленеді, өңірге байланысты).

2024 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балаларға 24 беттен тұратын паспорттар беріледі:

– 12 жасқа дейінгі балаларға – 5 жыл мерзімге;
– 12 жастан 16 жасқа дейін – 10 жылға.

Ал 36 және 48 беттен тұратын паспорттар 16 жастан кейін ғана рәсімделеді.

Құны қанша

2026 жылы балалар паспорты үшін мемлекеттік баж мөлшері 4 айлық есептік көрсеткішті құрайды – бұл шамамен 17 300 теңге.

Бірқатар санаттағы азаматтар бұл төлемнен босатылады. Олардың қатарында жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, интернатта тәрбиеленушілер және мүгедектігі бар балалар бар.

Сұраныс артып келеді

Соңғы жылдары балаларға паспорт рәсімдеуге деген сұраныс айтарлықтай өскен. Ресми деректерге сүйенсек, 2022 жылы 265 мыңнан астам құжат берілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 300 мыңға жуықтаған. Ал 2024 жылы 439 мыңнан асып, айқын өсім байқалған.

2025 жылы қазақстандықтар 307 мыңнан астам паспорт рәсімдеген. Ал биылғы алғашқы үш айда 53 мыңнан астам құжат берілген.

Былтыр ең көп өтініш Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан және Жамбыл облыстарында тіркелген.

Сарапшылар мұндай өсімді балаларға арналған жаңа үлгідегі паспорттардың енгізілуімен және қазақстандықтардың шетелге шығу белсенділігінің артуымен байланыстырады.

Оқи отырыңыз