Қазақстанда волонтерлікті мемлекеттік қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты - Аида Балаева
ҚР премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күніне орай еліміздегі волонтерлік қызметтің маңыздылығына тоқталды. Министр волонтерлікті қолдау мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Аида Балаеваның сөзінше, бүгінгі таңда волонтерлік Қазақстандағы қоғамдық өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Волонтерлер мәдениет, білім, экология, медицина, әлеуметтік қолдау және қайырымдылық сияқты салалардың дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді.
Министр соңғы жылдары елімізде волонтерлікті қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасқанын, бұл жұмыстың үнемі Үкіметтің назарында екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол БҰҰ-ның Нью-Йорк қаласындағы штаб-пәтерінде Орнықты даму жолындағы Халықаралық волонтерлер жылы ресми түрде басталғанын жеткізді. Бұл бастаманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған.
Қазақстан үшін Халықаралық жыл – волонтерлердің орнықты даму мақсаттарын іске асырудағы рөлін айқындайтын, жақсылық пен бірліктің жалпы халықтық мерекесіне айналатын кезең, - деді Аида Балаева.
Министрдің пікірінше, аталмыш жыл жаһандық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашады және миллиондаған адамды әділ, тұрақты және бейбіт қоғам құруға жұмылдырады.
Аида Балаева волонтерлердің азаматтық белсенділігі мен қоғамға пайдалы еңбегін жоғары бағалайтынын айтты. Оның сөзінше, волонтерлік бастамаларды қолдау әрі қарай жалғасады және бұл бағыттағы даму мүмкіндіктері одан әрі кеңейеді.
Барлық волонтерге еліміздің дамуына қосқан үлесі, табандылығы, мейірімділігі мен адалдығы үшін алғыс айтамын. Сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке ие болып, адамдарға қуаныш сыйласын, - деді министр.
Сөз соңында Аида Балаева волонтерлерге зор денсаулық, амандық, күш-қуат және қоғамға қызмет ету жолында табыс тіледі.

