Қазақстанда волонтерлер саны артып келеді
Қазақстанда волонтерлік қозғалыс қарқынды дамуда. Нәтижесінде волонтерлер саны артып келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, 2024–2026 жылдарға арналған Волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жол картасы аясында Ұлттық және 20 өңірлік фронт-кеңсе жүйелі жұмыс жүргізуде. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде волонтерлердің қатысуымен 27 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есе жоғары нәтиже.
Наурыз айында бастау алған «Жақсылық жаса» марафоны бүкіл ел аумағында жалғасуда. Осы уақыт ішінде әлеуметтік, экологиялық және мәдени бағыттарды қамтыған 1600-ден астам игі іс атқарылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ТМД елдері волонтерлерінің форумын өткізуге арналған халықаралық ереже әзірленіп, ереже негізінде жыл сайынғы Волонтерлер форумы құрылды. Сонымен қатар, Қазақстан 2026 жылы өтетін Халықаралық волонтерлер жылына қызу дайындық үстінде. Жыл басынан бері еліміздің түрлі аймақтарында 10 мақсатты топтың кездесуі өтті. Екі қазақстандық волонтер халықаралық хатшылықтарға, Түркия мен Таиландқа жіберілді.
Волонтерлер қарттар және балалар үйлерінде көмек көрсетіп, құтқару жұмыстарынан бастап оқыту жобаларына дейін түрлі салада белсенділік танытуда. Сонымен бірге, төтенше жағдайлардың алдын алу мен қауіпсіздік бағытында ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Барлық өңірде 63 жастан асқан азаматтарға арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы жемісті жұмыс істеуде. Олар әлеуметтік, білім беру, экологиялық және мәдени жобаларға белсене атсалысуда,-делінген ведомство мәліметінде.
Құқықтық волонтерлік те дамып келеді. Бүгінде елімізде 3,5 мыңнан астам заңгер, адвокат, нотариус пен заң факультеттерінің студенттері халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп отыр. Жыл басынан бері 9 мыңнан астам азамат кеңес алған.
Волонтерлік қызмет Qazvolunteer.kz онлайн-платформасы арқылы үйлестіріледі. Қазір бұл платформада 3,7 мыңнан астам ұйым мен 1,2 мыңға жуық жоба тіркелген.
Айта кетсек, елімізде волонтерлік бастамалар көбейіп келеді. Жақсылық жасауға ұмтылған, қоғамға пайдасын тигізуді мақсат еткен белсенді азаматтар да жыл санап артуда.

