Жаңалықтар

Қазақстанда үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық орталығы құрылады

Қазақстанда үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық орталығы құрылады
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі 14.01.2024 08:26 919

Еліміздің оқу-ағарту министрі жұмыс сапарымен Алматы қаласына барып, арнайы және инклюзивті білім беру мәселелері бойынша ғылыми қоғамдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі оқу-ағарту министрлгіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында 2024 жылға арналған жұмыс жоспары туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі арнайы және инклюзивті білім департаментінің директоры Лаура Бутабаева айтып берді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ерте көмек көрсету мақсатында бүгінгі таңда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінің санын арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазір елімізде 215 ППТК жұмыс істейді, 2024 жылы қосымша 9 түзету кабинетін ашу жоспарлануда.

Қазіргі күні мектептерде 700-ден астам инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді, 2024 жылы олардың саны тағы 57 бірлікке ұлғайтылатын болады. Сонымен қатар, биыл 14 ПМПК ашу жоспарлануда.

Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев инклюзивті білім беру жүйесін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл бағытты дамытудың маңыздылығын түсіне отырып 2023 жылдың желтоқсанында министрлік құрылымында арнайы және инклюзивті білім департаменті ашылды.

Бүгінгі кездесу барлық мүдделі тараптармен бірлесіп арнайы және инклюзивті білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға және шешуге дайын екендігіміздің дәлелі. Арнайы білім әр баламен жеке жұмыс жасауды, әр балаға назар аударуды қажет етеді. Осы мақсатта Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар біз кадрларды даярлау және қайта даярлау мәселесін қарастырамыз. Сондықтан педагогтер оқытатын жоғары оқу орындарының бағдарламаларына «инклюзивті білім беру» модульін қосу жоспарланып, педагогтер үшін біліктілікті арттырудың жаңа курстары әзірленуде, - деді Ғани Бейсембаев.

Дөңгелек үстел барысында ғылыми қоғамдастық өкілдері: педагогика ғылымдарының докторы, профессор Роза Сүлейменова, доцент, педагогика және психология институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғалия Абаева, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың басшылары сөз сөйледі. Олардың қатарында «Дара» қорының «Қазақстанда инклюзивті қоғам құру» жобасының үйлестірушісі Сәуле Дүйсембекова, Болат Өтемұратов қорының директоры Марат Айтмағамбетов те бар.

Шара соңында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев департамент директорына еліміздегі инклюзивті білім беруді дамытудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға