Жаңалықтар

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 381 ардагері бар

Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 381 ардагері бар
05.05.2022 15:08 7480

Қазіргі кезде елімізде 381 Ұлы Отан соғысы ардагері мен ҰОС-дағы Жеңіске жетуге үлес қосқан 97 758 азамат тұрып жатыр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сакеев Орталық коммуникациялар алаңында өткен баспасөз маслихатында айтты.

–2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып, ай сайын алатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері: ҰОС қатысушылары үшін – 193 714 теңге (289 адам); ҰОС мүгедектері үшін – 201 615 теңге (98 адам); басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс қимылдарының ардагерлері үшін (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Египетте, Иракта және т. б.) – 205 041 теңге (24 943 адам);ҰОС қатысушыларына теңестірілген тұлғалар үшін – 161 174 теңге (3 886 адам);ҰОС мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар үшін-124 409 теңге (14 780 адам); ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне – 132 060 теңге (69 248 адам), - дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сакеев.

Сондай-ақ вице-министр қарт адамдарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық және жергілікті деңгейлерде жүзеге асырылатынын жеткізді.

– Ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіліп отыр. Олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады, - дейді вице-министр.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл Жеңістің 77 жылдығы қарсаңында ардагерлерге естелік сыйлықтар табысталады.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға