instagram.com/ruslan_yemelbayev

Қазақстанда ҰБТ түбегейлі өзгереді

Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматқа көшеді. Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрдің айтуынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапары барысында әлемдік деңгейдегі тестология орталығы – Educational Testing Service (ETS) компаниясының атқарушы директоры Амит Севакпен кездескен.

ҰБТ-ның сапасын түбегейлі жақсарту үшін ETS мамандарымен бірлесіп жұмыс бастаймыз. Келесі айда елімізге зерттеушілердің үлкен делегациясы келеді. Бірнеше жылдың ішінде тестілеудің мазмұны мен әдістемесі халықаралық деңгейге сай өзгереді, – деді Саясат Нұрбек.

ETS – жыл сайын 180 елде 50 миллионнан астам тест әзірлейтін, 80 жылдық тарихы бар беделді орталық. Оның тәжірибесін пайдалану арқылы Қазақстандағы ҰБТ сұрақтарының ғылыми нақтылығы мен сапасы айтарлықтай артады деп күтілуде.

Қазіргі ҰБТ ережелері 2017 жылы бекітілген. Тест 5 пәннен (3 міндетті және 2 бейіндік) тұрады, барлығы – 120 сұрақ. Емтиханға 4 сағат уақыт беріледі, ерекше қажеттіліктері бар талапкерлерге – қосымша 40 минут.