Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) өткізу ережелері өзгертілді. Енді тестке тіркелгенімен, белгілі бір себептермен емтиханға келе алмаған талапкерлер оны басқа күні тапсыра алады. Тиісті бұйрыққа Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қол қойды, деп хабарлайды El.kz.
Құжат 2017 жылдан бері қолданылып келе жатқан ҰБТ өткізу қағидаларына өзгерістер енгізеді.
Өткізіп алған тестілеуді басқа күнге ауыстыруға болады
Жаңа ережеге сәйкес, ҰБТ-ға қатысуға өтініш бергенімен, тестілеуге келмеген талапкерлер тестті ҰБТ өтіп жатқан кезеңдегі келесі күндердің бірінде тапсыра алады. Бірақ бұл тек бос орын болған жағдайда ғана мүмкін.
Мұндай мүмкіндік келесі дәлелді себептер болған жағдайда беріледі:
- ауру немесе ауруханаға жатқызылу;
- жақын туысының қайтыс болуы;
- республикалық немесе халықаралық олимпиадаларға, байқауларға немесе спорттық жарыстарға қатысу;
- төтенше жағдайлар.
Бұл жағдайда талапкер Ұлттық тестілеу орталығының директорына өтініш жазып, оны растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.
Өтініш беру мерзімдері бекітілді
Ережеде тестілеуге қатысу үшін өтініш беру мерзімдері де нақтыланды. Онлайн өтініш беру келесі кезеңдерде жүзеге асады:
- 20–30 желтоқсан
- 15–25 ақпан
- 10–25 сәуір
- 25 шілде – 5 тамыз
Тіркелу кезінде талапкер тестілеу өтетін орынды, емтиханның күні мен уақытын өзі таңдайды.
Мерзімінен кейін де тіркелуге болады
Егер талапкер белгіленген мерзімде өтініш бермесе, дәлелді себеп болған жағдайда оған кейін тіркелуге рұқсат берілуі мүмкін. Бұл да тек бос орын болған жағдайда іске асады.
Мұндай себептерге ауру, жақын туысының қайтыс болуы, олимпиадаларға қатысу немесе төтенше жағдайлар жатады.
Апелляция беру тәртібі өзгерді
Тестілеу аяқталғаннан кейін компьютер экранында нәтижелерді талдау картасы – жауап нұсқалары мен жиналған балл көрсетіледі.
Талапкерге нәтижелермен танысып, шешім қабылдау үшін 10 минут уақыт беріледі:
- апелляция беру;
- тестілеуді аяқтау.
Апелляцияға өтінішті тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беруге болады. Апелляция нәтижесі 30 жұмыс күні ішінде жарияланады.
Кейбір мамандықтар үшін пәндер комбинациясы өзгерді
Сонымен қатар «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламалары тобына арналған бейіндік пәндер комбинациясы түзетілді.
Бұл мамандыққа түсу үшін талапкерлер:
- химия,
- физика немесе биология пәндерін тапсыруы керек.
Тестілеудің жалпы құрылымы өзгерген жоқ. Талапкерлер бұрынғыдай:
- Қазақстан тарихы,
- математикалық сауаттылық,
- оқу сауаттылығы,
- және екі бейіндік пән тапсырады.
Бұған дейін Қазақстанда ҰБТ-ны халықаралық стандартталған тестілерге бейімдеу жоспарланып отырғаны белгілі болған еді.

