Жаңалықтар

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?
Фото: © Getty IMAGES 27.08.2023 11:49 1867

Қазақ топырағында дүниеге келіп, кейін тағдыр жазуымен өзге елге көшкен азаматтар өте көп. Олардың өзге ұлттар, яғни, тарихи отанына қоныс аударушылар. Олар Қазақстан егемендік алғаннан кейін үдере көшсе, кейбірі беріде қоныс аударғандар. Ал олардың арасында кейін әлемге танымал спортшы болған жұлдыздар жеткілікті. Мұндай «қазақтар» Олимпиада Ойындары мен әлем чемпионаттарында жасындай жарқырап, спорт түрлерінен жеңімпаз атанды. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі тоқсаныншы жылдар басынан бері күні бүгінге дейін Қазақстаннан өзге елге көшіп, айтулы табыстарға қол жеткізген спортшылар өміріне шолу жасап көрді.

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Надежда Торлопова  

Надежда Торлопова 1978 жылы 23 қарашаша Шығыс Қазақстан облысына қарасты Шемонаиха ауданындағы  Убинка ауылында дүниеге келген. Ол мектеп бітіргеннен кейін Өскемендегі колледждердің бірінде білім алды. Спортпен айналыспаған шығыстың қызы студенттер арасында баскетбол құрамасында ойнаған. Кейін Ресейге қоныс аударған. Балалы болған болған Надя ұлы 6 жасқа толғанда өз қолымен бокс секциясына жетелеп апарды. Бірақ анасынан жырақтап көрмеген ұл спортқа бірден бауыр баса қоймайды. Сол себепті, болашақ боксшы секцияға жазылып, 2006 жылы ұлы үшін былғары қолғапты қолға киюге мәжбүр болды. Осылайша күндер зулап өте берді. Арада 3 ай өткенде Надежданың ұлынан гөрі өзі бапкер үшін қызық бола бастаған. Осылайша қалалық біріншілікке қатысуға үгіттейді. Бұл ретте «жоғалтатын ештеңесі жоқ» Надя көп ойланбай келісе салады. Барлық қызық осы жерден басталды. Ол қалалық біріншілікте топ жарды. Одан кейін талантты қызды бірден Орталық федералдық округ чемпионатына алып барды. Бұл шамамен 2007 жылдар болатын. 2008 жылы Ресей біріншілігінде қола жүлде иеленген оның жұлдызды шағы басталды. Надя 2009 және 2011 жылдары әйелдер арасында Еуропа чемпионатында чемпион атанды. Ал 2010 жылы әлем біріншілігінде топ жарып, айды аспанға шығарды. Бұл кезде ол Ұлттық құрамада орнын біржола бекітіп қойған еді. 2012 жылы Қытайда өткен әлем чемпионатында қола еншілеп, Лондон Олимпиадасының жолдамасына қол жеткізді.

75 келіде шаршы алаңның шаңын қаққан шемонаихалық қыз осылайша әлем назарын өзіне аударды. Тұманды Альбионда өткен төртжылдықтың басты бәсекесінде финалға дейін жеткен ол күміспен күптелді. Олимпиада күмісін алтынмен пара-пар деген Надежда боксты қойып, отбасына көңіл бөлетінін мәлімдеді. Себебі, сол уақытта оның 5 жыл бойы үйдегі жұмысы жарының мойнына артылған еді.

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Иван Нифонтов

Иван Нифонтов 1987 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. Ол 1997 жылы Барнаулға қоныс аударды. Алайда олар үшін тағдыр жазуы күтпеген жерден болды. Тоқсаныншы жылдары Иванның ата-анасы Молдовадан шарап тасып, кәсіптің дәмін татпақ болды. Пәтерді банкке кепілге қойып, несие алды. Алайда ақшаны алған ата-анасының таныстары Германияға кетіп, сол аттанысымен молынан жоғалды. Банк төленбеген қарыз үшін Нифонтовтардың үйін алып қойды. Бұл 1997 жыл еді. Сондықтан олар Павлодарға жақын Барнаулдағы туыстарын сағалап, амалсыз қоныс аударды. Ал бұл уақытта қарызға батқан ата-ана дзюдодан болашақ әлем чемпионын тәрбиелеп жатқанын білген жоқ еді. 2005 жылы Барнаулда мектеп бітірген Иван араға екі жыл салып ел чемпионатында қос қоланы иеленді. Оның бірін жастар арасындағы сыннан алса, екіншісін ересектер арасында қол жеткізді. Осылайша, талапты ұл арада екі жыл өткенде кәрі құрлық Еуропа мен әлем чемпионатында оза шауып, Ресей құрамасына қос алтынды сыйға тартты. Ал Лондонда өткен Олимпиада Ойындарында 81 келіде қола медальға қол жеткізді. Ал 2015 жылы алғаш рет өткен Бакудегі Еуропа Ойындарында күміспен күптелді.

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Камран Шахсуварлы

Камран Шахсуварлы 1992 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол бокспен айналыса бастағаннан айтулы табыстарға қол жеткізіп, Ақтөбе облысының құрамасына енді. Тіпті, С.Қонақбаевтың жүлдесіне арналған жарыста жеңімпаз атанған. Алайда 2013 жылы Камранды әзербайжандық спорт басшылары тарихи отанына шақырды. Ол 2014 және 2015 жылдары халықаралық жарыстарда Әзербайжан атынан сынға түсіп, толағай табыстарға жете бастады. Ал Рио Олимпиадасына аттанғанда одан үміт күтті деу тым артықтау болар еді. Елеусіз боксшы сол жолы жартылай финалға дейін жетіп, финалға шығар сында кубалық әлем чемпионы Арлен Лопеске (кейін екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды) ұпай санымен жол берді. Сөйтіп Рио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Камран мұнымен тоқтаған жоқ. Ол 2017 жылы Гамбургте өткен әлем чемпионатында қола , Ислам ынтымақтатығы Ойындары мен Еуропа чемпионатында күміс медальға қол жеткізді.

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Хидаят Гейдаров

Дзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Хидаят Гейдаров 1997 жылы Қарағанды қаласында туған. Әлем жаңа ғасырға аяқ басқанда оның Арқаны мекен еткен ата-анасы тарихи отандарына аттанып кетті. Сол кезде үш жастағы Гидаяттың кейін әлем таныған дзюдошы боларын ешкім білген жоқ еді. Хидаят шашы ұзын дзюдошы ретінде де танымал. Дегенмен, оның жолы әзірге Олимпиада Ойындарына түскен жоқ. Есесіне, Гейдаров әлем чемпионаттарынан үш рет қола жүлде иеленді. Еуропа біріншілігін екі рет ұтып, бір мәрте күміс жүлдегер атанды. Ислам Ынтымақтастығы Ойындарында алтыннан алқа тағынса, студенттер Ойындарында күміс және қола (команда) медальды қанжығаға байлады.

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Сергей Водопьянов

Сергей Водопьянов 1987 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. 9-сынып бітіргенше еліміздің оңтүстік-шығысындағы қалада тұрған болашақ әлем чемпионы екімыңыншы жылдардың басында Ресейге қоныс аударды. Оның ата-анасы 2002 жылы ағайындарына жақын тұруды көксеп, Краснодар аймағына аттанады. Бұл уақытта 15 жастағы Сергей боксты танып, жеңіске жетудің мәнін ұғып қалған болатын. Ресейге аттанған жас боксшының арада бес жыл өткенде әлем чемпионы атанатынын ешкім білген жоқ, әрине. Бірақ, Краснодарға барғаннан кейін ол бокс қолғабын қайта қолға алды. Араға көп уақыт салмақ олардың отбасы Мәскеуді маңайлады. Бұл уақыттары Сергей жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған еді. 2007 жылы оның жұлдызды шағының бастауы болды. 54 келіде сынға түскен ол бокстан сол жылы РФ чемпионы атанып, финалда омбылық қазақ боксшысы Зинат Жандыбаевтан басым түсті. Ал Никита Хромов басқаратын Ресей құрамасында ол сол жылы Чикагода өткен кезекті әлем чемпионатында алтынға ие болды. Алайда Талдықорғанда туған ұлдың жолы Бейжіңде сәтсіз болды. Дүбірлі аламаннан құр қайтқан ол 2009 жылы Миландағы әлем чемпионатында күмісті кеудесіне ілді. Өкініштісі сол, 2011 жылы Бакуде өткен әлем чемпионаты, 2012 жылы Лондондағы Олимпиада Ойындары ол үшін сәтсіздікпен аяқталды.

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Виталий Дунайцев

Қостанайда кіндік қаны тамған Виталий Дунайцев Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. Бокстан 64 келіде 2015 жылы Дохада өткен әлем чемпионатында топ жарды. Тіпті, Еуропа біріншілігінде де үздік шыққан. Ол тоғыз жасына дейін солтүстіктегі Қостанайда тұрды. Кейін ата-анасы оны Украинамен шекарадағы Белгород облысына алып кетті. Тарихи отандарына көшкен Витяның өз жерінде спорттағы жұлдызы жанды деуге болады.

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Владимир Кличко

Украина демекші, әйгілі кәсіпқой боксшы Владимир Кличко қазіргі Абай облысының орталығы Семейде туған. Ата-анасы кеңес замында көшіп жүріп, Қазақстанда көп жыл еңбек етті. Сондай уақыттарда әуесқой және кәсіпқой бокстың болашақ жұлдыздарының үлкені Семейде, кішісі қырғыз топырағында шыр етіп дүние есігін ашты. Кличколардың үлкенінің кәсіпқой бокстан бөлек, әуесқой бокста да айтарлықтай табысқаны жеткені белгілі. Ол 1995 жылы әуесқойлар арасынла әлем чемпионатында күміспен күптелді. Кейін аса ауыр салмақта кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанды. 

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Өзге ұлттардан бөлек, ұлты қазақ спортшылар да жат елге барып жұлдызы жанды. Кезінде самбо және дзюдомен айналысқан Айдын Смағұлов тоқсаныншы жылдар соңында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсетті. Алайда Базарбек Доңбайдан аса алмаған ол амалсыз қырғыз елінің атынан күресуге бел буды. Ол дзюдодан 60 келіде сынға түсіп, 1999 жылы Бішкекте өткен Орталық Азия Ойындарын ұтты. 2000 жылы Осакадағы Азия чемпионатында күміспен күптеліп, сол жылдың күзінде құрғақ құрлық Аустралияның Сидней қаласында өткен Олимпиада Ойындарында қола қоржынға басты. Осылайша егемен қырғыз елінің тарихындағы Олимпиада жүлдесін иеленген алғашқы спортшы ретінде тарихта қалды.

 

Қазақстанда туып жат елде жарқыраған спортшылар кімдер?

Нұрхан Сүлейменоғлы (Сүлейменов)

1971 жылы Түркістан облысында дүниеге келген Нұрхан Сүлейменов бокспен бала кезінен айналысқан. Жиырмадан енді асқан шағында Қазақстан егемендігін жариялап, ұлттық құрама мүшесі болған ол халықаралық жарыстарға қатыса бастады. Тоқсаныншы жылдардың басында Түркияға барған кезекті турнирде көзге түскен қазақ боксшысына түріктер қызығып, ұсыныс жасайды. Келісім берген Нұрхан Түркия азаматы атанып, халықаралық жарыстарда Сүлейменоғлы деген текпен сынға түсе бастады.  Оның шаршы алаңдары даңғыл жолы өте сәтті басталды. 63,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырық түйістірген Шымкенттің тумасына 1993 жылы өз салмағында кәрі құрлы Еуропаның чемпионы атанды. 1995 жылы әлем чемпионатында финалға шығып, күміс жүлдені еншіледі. Нұрхан ұлты қазақ бокшылар арасында әлем чемпионатының финалына щыққан үшінші спортшы саналады. 1996 жылы Атланта Олимпиадасында алғашқы қарсыласын жеңгенімен, екінші айналымда Куба боксшысына есе жіберді. Дегемен 1996 және 1998 жылы өткен Еуропа біріншілігінде екі рет финалға шығып, күміс жүлдегер атанды. Ол 1997-1999 жылдары өткен әлем біріншілігіне және 2000 жылы Сидней өткен Олимпиада Ойындарына қатысты. Өкінішке қарай, оның жолы сол сында келте болды.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға