pexels.com

Қазақстанда тұрғылықты жерге тіркеу жүйесіне маңызды өзгерістер енгізілмек

03.07.2025 18:38

Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балаларды тұрақты тұратын мекенжайы бойынша міндетті тіркеу талап етілмейтіндіктен, елде нақты демографиялық мәліметтерді жинау барысында елеулі мәселелер туындап отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Осы олқылықты жою мақсатында Ішкі істер министрлігі жаңа бұйрық жобасын ұсынып, баланы туған сәттен бастап тіркеуді ата-аналар үшін міндетті ету ұсынылып отыр. Бұл бастама 2020 жылдан бері Ұлттық статистика бюросында 14 жасқа дейінгі балаларға қатысты мекенжайлық деректердің болмауына байланысты қабылданып отыр. Мұндай деректердің жоқтығы еліміздің демографиялық ахуалын толық және дәл бағалауға кедергі келтіріп келеді. Жаңа ереже күшіне енген жағдайда, балалардың тіркеу деректері туылған сәттен бастап автоматты түрде енгізілетін болады.

Бала тіркеу рәсімін жүргізу үшін оның жеке басын куәландыратын құжаттардың бірі — мысалы, туу туралы куәлік қажет. Бұл ретте жас шегі 16 жасқа дейін белгіленіп отыр. Құжаттарды рәсімдеу "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жүзеге асады. Бұйрық жобасы аясында корпорация қызметкерлеріне жеке куәліктер мен төлқұжаттар беру жөніндегі өкілеттіктерді бекіту қарастырылған. Бұл тәжірибе пилоттық жоба ретінде сынақтан өтіп, ІІМ дерегінше, көші-қон бөлімдеріндегі кезектерді азайтуға және қызметкерлерге түсетін жүктемені жеңілдетуге септігін тигізген.

Корпорация қызметкерлерінің мемлекеттік функцияларды атқаратын тұлғалармен теңестірілуі — азаматтарды құжаттандыру процесіне кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Ведомство ұсынылған өзгерістердің ешқандай теріс салдары жоқ екенін және олардың азаматтардың мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуін жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті.

Бұған дейін МӘМС-сіз қандай қызметтер қолжетімді екені туралы жазған едік.