Қазақстанда тоғыз танымал әлемдік университеттің филиалдары ашылады
Премьер-министр Әлихан Смайылов Азия университеттері альянсы (АУА) саммитінің аясында Астана қаласында өтіп жатқан ұйым президенттерінің форумына қатысты. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Премьер-министр бұл іс-шара COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін альянс университеттері басшыларының алғашқы жүзбе-жүз кездесуі екенін атап өтті.
COVID-19 пандемиясы, технологиялық революция, жасанды интеллекттің дамуы және басқа да факторлардан туындаған әлемдегі қарқынды өзгерістер әртүрлі салаларда, әсіресе білім беру саласында инновациялық шешімдерге деген сұранысты арттыруда, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы әлемдегі үрдістерді ескере отырып, Қазақстан 2027 жылға қарай ғылыми зерттеулерді қаржыландыру деңгейін ЖІӨ-нің 1%-на дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Сонымен қатар экономиканың барлық саласын қарқынды цифрландыру аясында Үкімет еңбек нарығына қажетті мамандарды тиісті деңгейде дайындау үшін жоғары оқу орындарының цифрлық архитектурасын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Оған қоса беделді шетелдік университеттермен арадағы ынтымақтастық нығайып жатыр. Мәселен, төрт халықаралық ЖОО Қазақстан өңірлерінде өз филиалдарын ашты. Олардың арасында University of Arizona мен Heriot-Watt University бар. 2029 жылға дейін кем дегенде тағы тоғыз танымал университетті шақыру жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта өңірлердегі қазақстандық университеттерді халықаралық деңгейдегі оқу орындарына айналдыру бойынша бастамалар іске асырылуда. Ол үшін оқу орындарын жабдықтау және зерттеу зертханаларын құру жұмыстары жүріп жатыр. Аталған орталықтар өңірлердегі стандартты көтеріп, академиялық және ғылыми дамуға ықпал ететін болады, – деді Әлихан Смайылов.