El.kz

Қазақстанда тоғыз ай ішінде 55 жаңа мейрамхана ашылды

30.10.2025 08:19

Елде мейрамхана құрылысы бұрын-соңды болмаған қарқын алды. 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша 55 жаңа мейрамхана пайдалануға берілді. Бұл — соңғы жеті жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Биылғы өсім өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артық. Сарапшылар мұны еліміздегі қызмет көрсету саласының жандануымен және өңірлік инвестициялардың артуымен байланыстырады.

Сонымен қатар елдегі мейрамханалардағы жалпы орын саны 16,2 мыңға жеткен. Бұл — 2018 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал пайдалануға берілген нысандардың жалпы құны 57 млрд теңге шамасында, яғни өткен жылмен салыстырғанда 2,7 есе көп. Бір орынның орташа құны — 3,5 млн теңге, бұл көрсеткіш бір жылда 46%-ға өскен.

Өңірлер бөлінісі:
Мейрамханалардың 40 пайыздан астамы Түркістан облысында салынған (23 нысан). Екінші орында — Қызылорда облысы (7 нысан), үшінші орында — Атырау облысы (5 нысан).
Ал Астанада бар болғаны бір мейрамхана ашылғанымен, мұндағы бір орынның құны ең жоғары — шамамен 12,3 млн теңге. Ол 200 орынға арналған.
Қызығы, Алматы қаласында биыл ресми түрде жаңа мейрамхана пайдалануға берілмеген.

Кафелер де рекорд жаңартуда:
Биыл тоғыз айдың ішінде 68 жаңа кафе іске қосылған — бұл соңғы алты жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Олардың жалпы сыйымдылығы 4,9 мың орын, ал жалпы құны 11,7 млрд теңгеге жетті.

2025 жылдың басындағы мәліметке сәйкес, Қазақстанда 2,4 мың мейрамхана мен 5,2 мың кафе жұмыс істейді. Оларда сәйкесінше 339 мың және 293 мың орын бар.

Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіштер елде ішкі туризм мен қоғамдық тамақтану саласының айтарлықтай дамып келе жатқанын айғақтайды.