El.kz

Қазақстанда тағы үш жол ақылы болуы мүмкін

03.03.2026 11:30

Соңғы жылдары Қазақстанда жол инфрақұрылымын қаржыландырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде ақылы автожолдар жүйесі кезең-кезеңімен кеңейіп келеді. Енді республикалық маңызы бар тағы үш бағытты ақылы негізге көшіру мәселесі қоғамдық талқылауға шығарылды. Құжат қазір қоғамдық талқылауға ұсынылған, жоба 17 наурызға дейін ашық талқыланады.

Министрлік ұсынған тізімге Балқаш – Бурылбайтал (645 км), Талдықорған – Өскемен (773 км) және Бурылбайтал – Күрті (226 км) бағыттары енген. Түсіндірме жазбада аталған жобаны қабылдау әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық тұрғыдан кері салдарға әкелмейтіні көрсетілген.

  1. Балқаш – Бурылбайтал (645 км)

Бұл бағыт Алматы – Қарағанды дәлізінің маңызды бөлігі саналады. Қазіргі таңда оның бір бөлігі ғана ақылы (шамамен 91 км), енді толық 645 шақырымын ақылы ету ұсынылып отыр. Жол I-б санатына жатады, яғни барлық көлік түрлері үшін төлем қарастырылған.

Аймақ тұрғындары үшін (Қарағанды, Жамбыл, Алматы облыстарының бірқатар аудандары) айлық және жылдық абонементтер енгізу жоспарланған.

  1. Талдықорған – Өскемен (773 км)

Бұл бағыт стратегиялық тұрғыда Шығыс Қазақстанды оңтүстікпен байланыстырады. Ұсыныс бойынша:

  • Жеңіл көліктер алғашқы 32,4 км үшін ғана төлейді;
  • Жүк көліктері мен автобустар толық 773 км үшін ақы төлейді;

Бірқатар облыстардың тұрғындарына абонемент қарастырылған.

  1. Бурылбайтал – Күрті (226 км)

Бұл да Алматы – Қарағанды бағытының бір бөлігі. Егер жоба қабылданса, Алматыдан Қарағандыға дейінгі жолдың басым бөлігі ақылы болады.

Қаржылық тиімділік: нақты нәтижелер қандай?

Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы жолдардың экономикалық әсері туралы баяндады.

Ресми мәлімет бойынша:

  • 2024 жылы – 48 млрд теңге,
  • 2025 жылы – 87 млрд теңге кіріс жиналған.

Бұл қаражат:

  • 1456 дана арнайы техника сатып алуға;
  • 354 мың шаршы метр жол жабынын жөндеуге;
  • 340 мың текше метр көктайғаққа қарсы материал пайдалануға бағытталған.

Яғни, ақылы жолдар өзін-өзі қаржыландыру тетігіне айналып келеді. Мемлекеттік бюджетке қосымша салмақ түсірмей, жол күтімін қамтамасыз ету – басты аргумент.

Тариф саясаты: кім қанша төлейді?

Жолдар екі санатқа бөлінеді:

I санат (магистральдар)

Жеңіл көліктер:

  • 2 тг/км (алдын ала төлем)
  • 2,5 тг/км (кейінгі төлем)
  • Ауыр жүк көліктері:
  • 37–44 тг/км дейін.

II санат (2 жолақты сапалы жолдар)

  • Жеңіл көліктер үшін – тегін;
  • Жүк және автобус тарифтері төмендетілген мөлшерде.

Үкімет отырысында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақылы жолдардың тиімділігі туралы мәлімет берді. Оның сөзінше, ақылы жолдардан 87 млрд теңге кіріс түскен.

Бұл қаражат толықтай жолдарды күтіп-ұстауға және автожол техникасын сатып алуға бағытталды, – деді ол.

Сондай-ақ биыл тағы алты жол учаскесін ақылы санатқа енгізу жоспарланып отыр. Олар: Қарағанды – Балқаш – Бурылбайтал (554,6 км), Бурылбайтал – Курты (226,4 км), Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат (89 км), Талдықорған – Өскемен (773 км), Атырау – Астрахань (277 км), Мерке – Шу – Бурылбайтал (78 км).

Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде жол инфрақұрылымын дамыту аясында ақылы жолдар саны кезең-кезеңімен артып келеді. Ресми мәліметке сәйкес, жиналған қаражат жол сапасын сақтау мен инфрақұрылымды жаңартуға жұмсалады.