Жаңалықтар

Қазақстанда сұйытылған газ өндіретін компаниялар шығынға ұшырап жатыр

Қазақстанда сұйытылған газ өндіретін компаниялар шығынға ұшырап жатыр
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 14.02.2024 15:25 3129

Қазақстандық сұйытылған газ өндірушілер жанармайдың бұл түрінің арзандығынан шығынға батып отыр.Жанармай құю станцияларындағы сұйытылған газдың ағымдағы құны компаниялардың оны өндіруге және жабдықты жаңартуға жұмсайтын шығындарын өтемейді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сұйытылған газ өндірушілердің айтуынша, белгіленген шекті көтерме баға тоннасына ҚҚС-сыз 40 320 теңге болғанда, сұйытылған газды өндіру құны зауытқа байланысты тоннасына 50 000-72 000 теңгені құрайды. Бұл елдегі жанармай құю бекеттеріндегі төмен бөлшек сауда бағасын ұстауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстанда сұйытылған газды тұтыну негізінен автокөлік жүргізушілерінің есебінен өсіп, ал өндіріс көлемі төмендеуде.

Мәселен, "Қазгермұнай" БК" ЖШС сұйытылған газдың бүгінгі таңда  Энергетика министрлігінің белгілеген бағасы өнімнің өзіндік құнынан төмен екендігін, шығындарды өтемейтінін атап өтті.

Кәсіпорын Ақшабұлақ, Нұралы, Ақсай кен орындарындағы ілеспе мұнай газын және Оңтүстік Ақсай кенішінен шығатын табиғи газды өңдеп, Қызылорда облысының тұрғындарын сұйытылған газбен қамтамасыз етеді. "Қазгермұнай" жылына 60 мың тоннаға жуық сұйытылған газ өндіреді.

Бүгінде сұйытылған мұнай газын өндіру құны Министрлік бекіткен сұйытылған мұнай газының бағасынан асып түседі.
Бұл ретте қондырғының пайдалану мерзімін ескере отырып және үздіксіз өндірістік процесті қамтамасыз ету үшін үнемі жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу жабдықты жаңарту, тозған бөлшектерді ауыстыру және тағы басқа қажет,  – деп атап өтті бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары Махамбет Елеусінов.

Сұйытылған газ өндіруге инвестиция салуға мүмкіндігі бар жер қойнауын пайдаланушылар бұған қызығушылық танытпайды. Сұйытылған газды өндіруді жалғастырып жатқан жер қойнауын пайдаланушылар мұны шикізатты өндіретін өңірлер алдындағы әлеуметтік міндеттеме ретінде орындап отыр.

Қазіргі уақытта сұйытылған газ өндіретін кәсіпорындар Энергетика министрлігімен бірге сұйытылған газдың өндіріс құнын өтей алатындай баға белгілеу мәселесін талқылап жатыр.

Нақты айтқанда, бүгінде нарықта компаниялардың сұйытылған газды өндіруге кеткен шығындары өтелмейтін жағдай қалыптасты. Сұйытылған мұнай газын өндіру рентабельсіз болғандықтан сала шығынға ұшырауда, жүйелі жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салу қиынға соғуда. Жаңғырту мен жоспарлы жөндеуге қаражаты жеткіліксіз өндіріс орындарының апатты тоқтаулары жиілеп, елді сұйытылған газбен қажетті мөлшерде қамтамасыз ету қиынға соғуда, - деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігі газ өнеркәсібі департаментінің директоры Бақытжан Таубаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға