Жаңалықтар

Қазақстанда судьялардың ең аз айлығы 700-800 мың теңге

Қазақстанда судьялардың ең аз айлығы 700-800 мың теңге
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 14.06.2024 12:24 757

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Конституциялық заңға енгізілетін түзетулер мақұлданған еді. Осы мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты кулуарда еліміздегі судьялардың жағдайы мәз емес екенін айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Судьялардың жағдайы біз ойлағандай мәз емес. Жалақылары көтеріліп еді, кейін инфляция салдарынан қайтадан азайып қалды. Сонымен қатар оларды үймен, көлікпен және басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз ету мәселесі шешілмей тұр. Ал жалақылары бастапқы сатыда небәрі 300 мың теңге көлемінде алады. Тіпті одан төмен болуы да мүмкін, - дейді Абзал Құспан.

Депутаттың сөзінше, еліміздегі шалғай аудандарға судьялар барғысы келмейді.

Осы мәселеге қатысты ҚР Парламенті Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Нұрлан Бекназаровтың пікірін сұрадық.

Шалғай аудандағылар аудандық судьяның жалақысын алады. Аудандық судьялардың жалақысы 700-800 мыңнан басталуы керек. Қосымша еңбек өтілдеріне қарай судьяларды қамтамасыз ету мәселесі де ерекше қаралған, - дейді Бекназаров.

Сөзінше, судьялардың шалғай аудандарға бармауы әлеуметтік пакеттердің аздығынан емес, ол тұрмыстық жағдайына байланысты. Тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі, ондағы тұрғылықты азаматтардың аздығынан.

Негізінде аудандық мәртебедегі аз қамтылған соттар болсын, тұрғындардың санына қарап реттеледі, белгіленеді. Сондықтан қазір осындай мәселе туындап отыр. Қазіргі таңда 350-ден астам вакансия бар. Соның ішінде 20-ға жуығы ғана шалғай аудандар мен аз қамтылған судьяларда. Бүгінгі нормада сот кандидатурасын анықтап, ұсыныс беретін Жоғарғы сот кеңесінің құқығын кеңейтіп отырмыз. Ол шалғай аудан аз қамтылған судья соттарының құрамына кандидатурларды ұсынған кезде, талаптар қалдыра отырып, конкурс ұсыну мәселесі қаралады. Бос орындарды толтыру қажеттігінің мақсаты – тұрғындардың сотқа жүгінуін, Конституциялық белгіленген құқықтарын қамтамасыз ету. Өйткені соты жоқ шалғайлардағы азаматтарымыз 200-300 шақырымды шарлап барып жүгінуіне тура келеді, - деді Нұрлан Бекназаров.

Соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов судьялардың шалғай аудандарға бармауына қатысты пікір білдіре кетті.

Егер адам судья болғысы келсе, онда Жоғарғы сот оны қайда жібереді, сонда баруы тиіс. Ол конкурсқа қатысады. Барлығы бірдей Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істей алмайды ғой. Шалғай аудандарда да жұмыс істеу керек. Мен 30 жылдан бері Қазақстанның сот жүйесінде жұмыс істеп келемін. Барлық өңірде қызметте болдым. Сондықтан судьялар судья ретінде жауапкершілік ала алса, барлық өңірді көруі керек, - деп қысқа қайырды Шәріпов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға