Жаңалықтар

Қазақстанда су тапшылығы қалай шешіліп жатыр?

Қазақстанда су тапшылығы қалай шешіліп жатыр?
Фото: Коллаж El.kz 21.11.2023 14:15 2950

Қазір елімізде 600 мыңнан астам адам таза суға зәру. Жыл басында осындай мәлімдеме жасаған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз 2050 жылға қарай суға өте мұқтаж елге айналатынын айтқан еді. Биылдың өзінде су тапшылығы салдарынан ауыл мен егін шаруашылығы шығынға батты.

Сарапшылардың пайымдауынша, елімізде 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 50 пайызға артады.

Мемлекет басшысы «бұл – ауылдағы ағайын ғана емес, қала халқы үшін де өте өзекті мәселе» екенін алға тартты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында «Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Халқымыз «Судың да  сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады», - деді.

Эколог Азаматхан Әміртай қазіргі таңда су мәселесі барша халыққа ортақ, сондықтан оны бірлесіп шешу керек деп санайды.

Қазақстанда су мәселесін 30 жылдан бері тек қағаз жүзінде шешіп келді. Биылғы жолдауында мемлекет басшысы су мәселесіне қатты көңіл бөліп отыр. Суды үнемдеу мәселесі бойынша арнайы заңдар қабылдау керек. Елімізге ағын судың 80 пайызы көрші елдерден келеді. Сондықтан біз су дипломатиясын дамытуымыз қажет. Сонда ғана су мәселесін шеше аламыз. Ауылдар мен елді-мекендерге су жеткізу мәселесі ақсап тұр, әлі күнге дейін көп ауылдарда ауыз су тіпті, шаруашылыққа су жетпейді. Сондықтан бұл мәселені саяси дәрежеде көтеру маңызды.  Су мәселесін шешуге тек мемлекеттің құзыры жетеді. Біз оны кәсіпкерлерден сұрап, талап ете алмаймыз. Бұл мәселені тек қана мемлекет басқарады, - деді эколог.

Қазақстанның ғана емес, Орта Азиядағы өзекті мәселелердің бірі – су. Сондықтан мемлекет басшысының жарлығымен елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Бүгінде министрлік ауыз судан бастап, трансшекаралық су мәселелері бойынша шаралар мен келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Осы ретте мемлекет басшысы 20 жаңа су қоймасын салуды және 15 су қоймасын қайта жаңартуды тапсырды.

Су ресурстар министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 1,7 км3 жинақтау көлемі бар 9 жаңа су қоймасы салынады. Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында да 11 су қоймасын салу жоспары бар. Осылайша ауыз сумен қамтамасыз ету және су экожүйелерін тұрақты ұстау үшін ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте пайдалануға болатын қосымша 1,7 км3 сумен қамтамасыз етіледі.

Бұл елімізде су тапшылығын шешуге және оның алдын алуға мүмкіндік береді.

«Baytaq» жасылдар партиясының басшысы Азаматхан Әміртай эколог ретінде бұл мәселені бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Су қоймаларын салу өте дұрыс идея. Оны саламыз деп мердігер іздеп, жемқорлық болып тағы да созылып кетпесе болды. Су қоймаларын жарты жылда салып тастау керек. Көктемде су ериді, ол уақытта су қоймалары салынып, дайын тұру керек. Кейбір су қоймаларында су дұрыс игерілмегендіктен қиын жағдайға тап болып отырмыз. Мысалы, Шардара су қоймасы  дұрыс қадағаланбағандықтан шыбын-шіркей көбейіп, халықтың егініне көп зиянын келтірді, - деді ол.  

Еліміздегі су тапшылығы жөнінде сарапшылар мен су мамандары бұған дейін де осы мәселені көтеріп дабыл қақты. Тіпті халықаралық сарапшылар Орталық Азиядағы су тапшылығы артуы мүмкін екенін де айтты. Мамандар бұл мәселені шешудің жолын да қарастырған.  

Экологияда техникалық су деген түсінік бар. Пайдаланылған суды тазартып, қайта пайдалануды техникалық су деп те айтуға болады. Қардың еріген суларын да дұрыс пайдалану қажет. Конализациялық суларды тазартып қайта пайдаланған жөн. Ағынды суларды тазарту қондырғыларын орнату керек.   Ол суларды біз көлік жууға, өсімдіктерді, ағаштарды суаруға пайдалана аламыз. Мысалы, Астана қаласының өзінде көпқабатты үйлердің кейде жоғары қабаттарына су жетпей жатады. Ол су қоймасындағы су көлемінің аздығын көрсетті, - деп түсіндірді Азаматхан Әміртай.

Су ресурстар министрлігінің ақпаратынша, Қазақстанда Ұлттық гидрогеология қызметі қайта құрылады. Мекеме жерасты суларын басқару, іздестіру-барлау жұмыстарын және мемлекеттік мониторинг саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылық және басқа да қажетті құзыреттерге ие болады. 

Биыл Қазақстанның оңтүстік өңірінде егін маусымында шаруалар біраз шығынға батқаны белгілі. Себебі, трансшекаралық су дипломатиясының оңтайлы шешілмеуі. Алдағы егін маусымында да жағдай дәл осылай ушығып кетпес үшін Қазақстанның Су ресурстар министрлігі мәселені ертерек қолға алып жатыр. Жаңадан құрылған министрлік бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су жіберу туралы келісімге келді. Екі ел Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіруге уағдаласқан. Сондай-ақ, Шу-2 айналма каналын салу мәселесін де қарастырған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға