El.kz

Қазақстанда спортты қолдау қалай жүзеге асып жатыр?

Еліміздегі спорт саласын қолдау қай кезде болмасын жан-жақты әрі кешенді болған. Олар заңнамалық негіздерден бастап, бюджет пен инфрақұрылым, халықтың қатысуы мен халықаралық нәтижелерге дейін қамтитын кешенді жүйе ретінде қалыптасты. Ең бастысы, 2023–2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасы бекітілген, ал 2025 жылға дейінгі арнайы даму тұжырымдамасында спортты қолдаудың негізгі қағидаттары нақтыланған. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі осы және өзге де шараларға тоқталып, шолу жасады.

Сандар сөйлесін...

2024-2025 жылдары спортқа бағытталған мемлекеттік шығындар қаражаты шамамен 6 млрд теңгеден астам болса, футбол мен хоккей клубтарына 2024 жылы 59,8 млн АҚШ доллары бөлу есебімен айтарлықтай өсім байқалды.

Халықтың спортпен тұрақты түрде айналысу көрсеткіші 38,5 % деңгейінде қалыптасып, 2024 жылы шамамен 7,6 млн адамды.

Сонымен қатар, 2024 жылғы халықаралық жарыстарда Қазақстан қоржынына 1 206 медаль түсті, оның ішінде 399 алтын, 341 күміс және 346 қола медаль бар.

Бұқаралық спортты кеңейту – басты міндет

Қазіргі таңда елімізде 8 миллионнан астам азамат спортпен тұрақты түрде шұғылданады, бұл – халықтың 41,4 пайызы. Мемлекет бұл көрсеткішті 2029 жылға қарай 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Ерекше көңіл бөлініп отырған сала – балалар мен жасөспірімдердің спортқа тартылуы. Қазіргі таңда 240 мыңнан астам бала 7 мыңнан астам спорт секциясына тегін барады. Жыл сайын миллионға жуық адам қатысатын 25 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі.

2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023-2029 жылдарға арналған дене шынықтыру мен спортты дамытудың тұжырымдамасы мақұлданып, оған сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдар спортты қолдау шараларын жүйелі жүзеге асырады.

Бұл тұжырымдама спорт инфрақұрылымын жаңғырту, кадрларды даярлау және халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру сияқты басымды бағыттарды белгілейді.

Президенттің 2023 жылғы Жарлығымен 2025 жылға дейін дене шынықтыру мен спорт саласын дамыту тұжырымдамасына өзгерістер енгізілді, онда спортқа бөлінетін қаржының ашықтығы, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі және азаматтарды тарту міндеттері нақтыланды.

Бұл құжат мемлекеттік, жекеменшік және қоғамдық секторлар арасындағы үйлестіруді күшейтуді және спорт саласын цифрландыруды көздейді.

Бюджет және қаржыландыру

2024 жылы ұлттық спортты дамытуға шамамен 6 млрд теңге бөлінді, оның ішінде халықтық спорт түрлерін насихаттау мен кадрларды оқытуға басымдық берілді.

Сонымен бірге, футбол мен хоккей клубтары үшін 2024 жылға шамамен 59,8 млн АҚШ доллары бөлініп, бюджеттік шектеулер енгізілді.

Қазақстанда Олимпиада ойындарында жүлде алған спортшыларға алтын медаль үшін 250 000 АҚШ доллары, күміс үшін 150 000 АҚШ доллары және қола үшін 75 000 АҚШ доллары қарастырылған.

Бұл ынталандыру жүйесі 2024 жылғы Париж Олимпиадасына дайындық барысында спортшылардың мотивациясын арттырды.

2025 жылы балалар мен жастарға арналған спорттық сессияларды қаржыландырудың басына шаққандағы ережелері бекітіліп, гранттық механизм енгізілді.

Бұл шара ауылдық жерлердегі спорт алаңдары мен секциялар санының өсуіне септігін тигізеді.

Спорт жаттықтырушыларының жалақысы артты

Қазақстанда спорт саласындағы жаттықтырушылар мен нұсқаушы-педагогтердің еңбекақысын көтеру – Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қолға алынған ұзақмерзімді әрі жүйелі процесс. Бұл бастама саланың дамуына және мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған.

2020 жылдан бері спорттық бағыттағы педагог қызметкерлердің жалақысы жыл сайын 25%-ға өсіп отырды. Нәтижесінде 2024 жылға қарай олардың еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда 100%-ға артты. Бұл өсім 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Президент Жолдауында берілген тапсырмаларды орындаудың нақты нәтижесі.

Мұнымен қатар, 2022 жылдан бері дене шынықтыру және спорт саласында жұмыс істейтін әдіскерлер, нұсқаушылар және жаттықтырушылардың базалық еңбекақысы төрт жыл ішінде біртіндеп көтеріліп келеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш те 100%-ға жетеді деп күтілуде.

Жалақыны өсірумен қатар, жаттықтырушы-педагогтердің кәсіби біліктілігін ынталандыру мақсатында қосымша үстемақы жүйесі енгізілмек. Ұлттық стандарттарға сәйкес оқу-жаттығу жұмыстарын сапалы жүргізіп, арнайы тестілеуден сәтті өткен мамандарға 2026 жылдан бастап ай сайынғы лауазымдық жалақысының 30%-ы көлемінде үстеме ақы төлеу жоспарланып отыр.

Бұл реформалар Қазақстанда спорт саласын дамыту, жаттықтырушылардың әлеуметтік мәртебесін арттыру және олардың кәсіби өсуіне жағдай жасау мақсатында қолға алынып отыр. Нәтижесінде спорт мамандығының тартымдылығы артып, елде бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына жаңа серпін берілмек.

Инфрақұрылым және кадрлық әлеует

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың спорт саласына ерекше мән беруінің нәтижесінде кейінгі жылдары спорт инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Соңғы алты жылдың ішінде ел аумағында 314 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 58 жүзу бассейні салынды.

Тек 2024 жылдың өзінде 90 дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Бұл – бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі.

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің саны да едәуір артты. Алты жыл бұрын 481 мекеме жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 521-ге жетті. Осы арқылы дене шынықтырумен және спортпен айналысатын халық үлесі 31,5 пайыздан 41,4 пайызға дейін өсіп, 5,9 миллионнан 8,4 миллион адамға дейін артқан.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта да спорт инфрақұрылымын дамыту жалғасын табады. Биыл республиканың түрлі өңірінде бес жаңа нысанның құрылысы аяқталады. Солардың қатарында елордада бой көтеріп жатқан Ұлттық спорт университеті де бар. Білім беру мекемесі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Ал 2026 жылы Астана, Павлодар және Ақтөбе қалаларында тағы үш ірі спорт нысаны салынбақ.

Сала мамандарының айтуынша, бұл бастамалар бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп қана қоймай, болашақ чемпиондардың дайындығына да оң әсер етеді.

2024 жылдың соңына қарай «ұлттық» спорт түрлері бойынша 17 мамандандырылған клуб, 15 спорт мектебі және бір республикалық дирекция жұмыс істейді, оларда 1 700 жаттықтырушы қызмет етеді, оның 1 000-ы ауылдық жерлерде.

«Республикалық спорт колледжі» 2024–2025 оқу жылында дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша 37 студент қабылдап, оларды кәсіби жаттықтырушы ретінде даярлауда.

Сондай-ақ Қазақ спорт және туризм академиясында 2024-2025 жылдарға арналған оқу-жаттығу бағдарламалары нәтижелері талқыланды.

2024 жылы жүйелі түрде спортпен айналысатындар көлемі Қазақстан халқының 38,5 % – шамамен 7,6 млн адамды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 5 % өсім көрсеткен.

Ұлттық спорт – мәдени мұра мен спорттық жетістік тоғысы

Қазақстанда дәстүрлі ұлттық спорт түрлері жаңа серпін алып, халықаралық деңгейде танылып келеді. Асық ату, аударыспақ, бәйге, жамбы ату, көкпар, қазақ күресі, тоғызқұмалақ және басқа да ұлттық ойын түрлері бүгінде тек елімізде ғана емес, шетелде де белсенді дамып жатыр.

Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс қазақ халқының бай мәдени мұрасын сақтаумен қатар, оны әлемге танытуда маңызды рөл атқарып отыр. Мәселен, төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойыны бүгінде "Азиялық шахмат" атауымен жаһанға танымал. 2006 жылы Лондонда өткен Зияткерлік ойындар олимпиадасында алғаш рет халықаралық деңгейде ұсынылған тоғызқұмалақ қазір 50-ден астам елде ойнаулы. Олардың қатарында Ұлыбритания, АҚШ, Франция, Түркия, Қытай және Ресей сынды мемлекеттер бар.

Сондай-ақ қазақ күресі мен көкпар да шетелдік спорт қауымдастықтарының қызығушылығын тудырып отыр. Қазіргі уақытта 46 елде қазақ күресі федерациясы тіркеліп, жұмыс істеуде. Бүгінге дейін бұл спорт түрінен 11 әлем чемпионаты ұйымдастырылған. Соңғы біріншілік биыл ақпан айында Үндістанда өтті. Бұл – қазақ спортының әлемдік спорт картасында өз орнын таба бастағанының айғағы.

Мәдениеттанушылар мен спорт сарапшыларының пікірінше, ұлттық спорт түрлерінің халықаралық аренада мойындалуы – Қазақстанның мәдени бірегейлігін сақтаумен қатар, оның спорттық әлеуетін де арттырады. Сонымен бірге бұл бағыт ел имиджін нығайтып, жас ұрпаққа тарихи тамырды танытуға мүмкіндік береді.

Ұлттық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлеріне 2024 жылдың соңына дейін 700 000 адам қатысып, олардың даярлығына 1 700 жаттықтырушы атсалысты, ауылдық жерлерде — 1 000 тренер.

2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, ұлттық спорт түрлерімен 670 мыңға жуық адам айналысады. Жалпы 16 555 үйірме, 15 балалар-жасөспірімдер мектебі, 17 клуб пен арнайы орталықтар жұмыс істейді.

Қазақ күресі, көкпар, тоғызқұмалақ – ең танымал түрлер. Қазақстанның Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы 112 медаль (43 алтын, 32 күміс, 37 қола) иеленуі ұлттық спорттың бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.

Халықаралық жарыстардағы нәтиже

2024 жылы Қазақстан ұлттық құрамалары 1 206 медаль жеңіп алып, оның 399-ы алтын, 341-і күміс және 346-сы қола болды; параспорттан — 120 медаль (16 алтын, 20 күміс, 20 қола).

Бұл көрсеткіш елдің халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін нығайтуда маңызды рөл ойнады.

Заңнамалық реформа және басқару жүйесі

«Дене шынықтыру және спорт туралы» жаңа заң жобасы Мәжіліс пен Сенат мақұлдауынан өтіп, Президентке қол қоюға жолданды. Заң бірнеше маңызды жаңашылдықты көздейді: бюджеттен кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға лимит енгізу, азаматтығы жоқ спортшыларды мемлекеттік қолдаудан шығару, спорт федерацияларын аккредиттеу шарттарын күшейту, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу міндетін жүктеу, мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдеушілерге заңдық мәртебе беру.

Сондай-ақ, спорт саласына вертикальды басқару жүйесі енгізілмек. Министрлік қарамағына 33 жоғары спорт шеберлігі мектебі, 19 олимпиадалық резерв орталығы, 14 интернат-колледж өтеді. KPI жүйесі арқылы әкімдіктердің жұмыс тиімділігі бағаланатын болады.

Инфрақұрылым және өңірлік қамту

2024 жылы елімізде 90 жаңа спорт нысаны бой көтерді, оның 61-і ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар, Түркістанда ескек есу каналы, Өскеменде үстел теннисі академиясы, Шығыс Қазақстанда жабық стадион мен оңалту орталығы, Щучинскіде шаңғы базасы салынып жатыр. 2025 жылы Ұлттық дене шынықтыру және спорт университетін ашу жоспарланған.

Футбол инфрақұрылымын жаңғырту да жаңа сатыға шықты. Бірқатар өңірде стадиондар салынып, қайта жөнделуде. Алты стадион УЕФА стандарттарына сай салынады. Балалар спорт алаңдары негізінен ауылдарға салынып жатыр.

Болашақ перспективалар мен ұсыныстар

  • Қаржыландыруды ұлғайту: инфрақұрылымды жаңғырту үшін өңірлік бюджеттерге қосымша трансферттер көзделуі тиіс.
  • Масстық спортты дамыту: мектептер мен ЖОО-дағы дене шынықтыру пәндерін жандандыру арқылы жастарды спортқа тарту тиімділігін арттыру қажет.
  • Кәсіби мамандарды даярлау: жаттықтырушы қағидаттарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, біліктілікті арттыру курстарын жүйелі түрде ұйымдастыру ұсынылады.
  • Халықаралық тәжірибе алмасу: шетелдік академиялармен ынтымақтастықты кеңейтіп, жас спортшыларға халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігін ұлғайту тиімді.

2026 жылғы қысқы Олимпиадаға дайындық

Харбинде өткен Азия додасында Қазақстан құрамасы бірқатар спорт түрінен жақсы нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Ел спортшылары биатлон, конькимен жүгіру және фристайл-акробатика секілді бағыттарда жүлдегерлер қатарынан көрінсе де, кей спорт түрлерінде нәтиже төмен болды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов кей спорттық федерациялардың көрсеткішін сынға алып, терең талдау қажеттігін айтты.

«Федерацияларға барлық жағдай жасалды. Қажетті мамандар мен заманауи жабдықтар берілді. Дегенмен кейбір спорт түрлерінде нәтиже көңіл көншітпейді. Мұның себебін нақты анықтап, кешенді сараптама жүргізу қажет», – деді ол.

Ол 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиадаға дайындықты басты назарда ұстау қажеттігін атап өтті. Бүгінде үміткер спортшыларға жеке жоспар жасалған. Дайындықтың сапасын арттыру үшін заманауи технологиялар мен ғылыми тәсілдер қолданылып жатыр.

«Спортшылардың әлеуетін толық ашу үшін барлық жағдай жасалады. Жеке жоспар, инвентарь, WADA талаптарына сай дәрі-дәрмек, спорттық тамақтану, психолог пен нутрициологтың көмегі, қажет болса, жеке жаттықтырушылар іссапары да қарастырылады. Ең бастысы – бәсекеге қабілеттілікті арттыру», – деді министр.

Сондай-ақ Ербол Мырзабосынов халықаралық ареналарда Қазақстанның имиджін көтеру үшін қысқы спорт түрлеріндегі нәтижелердің маңыздылығын ерекше атап өтті.

Айта кетейік, XXV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.