Жаңалықтар

Қазақстанда шетелдік ЖОО филиалдары көбейеді

Қазақстандық білім беру жүйесі де өзін-өзі қамтамасыз ететін индустрияға ауыса алады
Қазақстанда шетелдік ЖОО филиалдары көбейеді
Фото: bilim-all.kz 09.02.2023 23:34 1894

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  журналист Арманжан Байтасовқа берген сұхбатында жоғары білім беру жүйесін трансформациялауға қатысты бірқатар өзекті сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Саясат Нұрбектің пікірінше, Қазақстан өз білім беру өнімін экспортқа бағдарлауға ден қойған жетекші шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйену керек.

«Барлық дамыған елдерде білім беру саласы жұмыс орындарын құрумен, жақсы салық түсімімен жеке индустрия болып табылады және экспортқа бағдарланған. Мысалы, АҚШ-тың жеке жоғары оқу орындары білім беру қызметтерін экспорттау есебінен ғана, яғни шетелдік университеттерді шақыра отырып, жылына орта есеппен 600-ден 700 млрд долларға дейін табыс табады.  Алайда үздіктер, әрине британдықтар. Олар жоғары білімді табысты экспорттайды», - деді Саясат Нұрбек.

Оның ойынша қазақстандық білім беру жүйесі де өзін-өзі қамтамасыз ететін индустрияға ауыса алады.

Шет елдердің тәжірибесі Қазақстан үшін «керемет мүмкіндік» бола алады, өйткені әлемде халықтың бұрын-соңды болмаған өсуі байқалады және біздің еліміздің қол жетімділігінде орасан зор білім беру нарығы бар. Бұл тенденциялар «білім беру көші-қонын» күшейтеді және сөзсіз елді көптеген мемлекет үшін білім беру орталықтарының бірі болуды таңдауға мәжбүр етеді.

Сондай-ақ ведомство басшысы Қазақстанды жаңа білім беру орталығына айналдыру үшін қажетті басым бағыттарды айтты.

«Біріншісі – инфрақұрылым. Өкінішке орай, Қазақстандағы академиялық инфрақұрылымға күрделі инвестициялар соңғы рет 70-ші жылдары болған. Назарбаев университетінен басқа, соңғы 65 жылда біз жаңа ештеңе ашқан жоқпыз және инвестиция салған жоқпыз. Қазір білім берудегі үлкен дәуір басталып, мемлекет МЖӘ-ні ынталандыруға, білім беруге жаңа инвестициялар енгізуге мүдделі», - деді министр.

Сонымен қатар Саясат Нұрбек ол үшін заңнамадағы бірқатар нормалар, атап айтқанда, студенттік жатақханаларды салуға мемлекеттік тапсырыс форматына қатысты өзгертілгенін және болашақ инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасалғанын (жатақханаларды салу кезінде мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімін 8 жылдан 6 жылға дейін азайту; жатақханадағы бір орын үшін мемлекеттік тапсырыстың мөлшерін 122 АЕК-тен 195 АЕК-ке, ал Алматы қаласы үшін 144 АЕК-тен 230 АЕК-ке дейін ұлғайту жайлы айтты.

Министр студенттер көп шоғырланған Алматы қаласында жоғары оқу орындарының жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін жатақханалар мен оқу корпустарын салу бойынша жобалық кеңсе құрылғанын, оған министрлік өкілдері, қаржы мамандары, заңгерлер және басқалары да кіргенін айтты. Команда Алматы әкімдігімен бірлесіп, әрбір университетпен мәселені жеке-жеке шешетін болады.

«Тек өткен жылы инвесторлардың қолдауымен 5-6 ай ішінде министрлік Президенттің тапсырмасы шеңберінде жатақханалардағы төсек-орын тапшылығын 87 мыңнан 75 мыңға дейін қысқарта алды», - деді Саясат Нұрбек.

Екінші негізгі мәселе, қаржы тапшылығы. Министр жаңа жатақханалар салу бюджетке әлеуметтік жүктеме болып табылатынын атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселе келешегі ауқымды қазақстандық білім беру нарығының мүмкіндіктері арқылы шетелдік инвесторларды тарту арқылы шешіледі.

Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрі Мемлекет басшысының Қазақстанда 2025 жылға дейін шетелдік жоғары оқу орындарының бес филиалын ашу жөніндегі тапсырмасы туралы да сөз қозғады.

«Біз өткен жылы шетелдік университеттердің үш филиалын аштық, оның бірі – Аризона университеті. Айта кетейік, облыс тарихында алғаш рет америкалық университет Петропавлда толыққанды филиалын ашты. Бір жылға жетпей жатып, Қазақстанның сегіз облысынан адамдар оқуға келді. Америкалық диплом алуға көрші елдерден де өтініштер түсе бастады.Сонымен қатар Қазақстанда Орталық Азияда ашық білім беру кеңістігі құрылды, соның арқасында біз шетелдік студенттерді тарта аламыз», - деді министр.

Саясат Нұрбек жоғары оқу орындары үшін гибридті (онлайн/офлайн) оқыту форматында жаңа мүмкіндіктер ашу үшін мемлекеттік білім беру стандартын өзгерту туралы өзінің алғашқы шешімін еске салды. Бұл шешім цифрландыруды дамытуға және Coursera енгізуге жаңа мүмкіндіктер ашты.

«Дегенмен Қазақстанда жоғары оқу орындары «цифрлық университеттер» мен «цифрлық білім беру» дегеннің не екенін білмейді, кадрлар онлайн форматтағы лекция мазмұны мен контентті шатастырады», - деді министр.

Министр шетелдік университеттер студенттердің қажеттіліктерін талдау арқылы қажетті сұраныстарды анықтап, осы сұраныстарға сәйкес қажетті өнімдерді дайындауды үйренгенін атап өтті. Бүкіл цифрлық экожүйе студенттердің сұраныстарын жекелендіру және соңында табысты азаматты шығарудағы мүмкіндіктер үшін жасалған.

«Егер Қазақстан осындай жүйені құра алса, онда ішкі және сыртқы студенттер үшін біздің біліміміздің құндылығы айтарлықтай артады», - деді Саясат Нұрбек.

Биылғы жылдың қыркүйек айында Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің базасында Heriot-Watt University филиалы ашылатынын және ол  өңірлік жоғары оқу орындарының мәртебесін нығайтуға, еңбек пен академиялық көші-қонды нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

Министрдің айтуынша, отандық кітапхана қоры қазақ тіліне аударылған үздік әлемдік еңбектермен толықтырылған.

Бүгінде 100 әлемдік оқулық қазақ тіліне аударылған. Алайда ведомство алдында оларды электрондық форматқа көшіру бойынша ауқымды міндет тұр.

«Мәселе ішінара шешілді. Қазақстан университеттерінің көпшілігінің кітапханалары цифрландырылған және Coursera-мен Қазақстанда жоқ әлемдік білім беру платформасының 654 үздік курсы қазақ тіліне аударылатыны туралы келістік», - деді ол.

Сондай-ақ Coursera-мен келісімге сәйкес отандық профессорлар танымал платформада орналастырылатын өз контентін жасай алатынына тоқталды.

Сонымен қатар министр Саясат Нұрбек қазақстандық ғылымның өзекті мәселелерін көтерді.

"Егер біз қазақстандық ғылымды сақтап қалғымыз келсе, онда ЖІӨ-нің 1%-ы ғылымға жұмсалуы тиіс", - деді министр.

Мемлекет басшысының арқасында Қазақстанның ғылымды қажетсінетін саласын қаржыландыруды үш жарым есе ұлғайтуға қол жеткізілгенін атап өтті.

Саясат Нұрбек сонымен қатар заманауи өзекті жобаларды құра алатын және болашақта ел экономикасына орасан зор пайда әкелетін бизнес пен ғылым симбиозының перспективаларын атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға