Қазақстанда шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталды
Қазақстанда ауыл шаруашылығы алқаптарын шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Саят Сақмолдин мәлімдеді.
Шегірткеге қарсы уақытылы және сапалы күрес шараларын ұйымдастыру – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі басым бағыттардың бірі. Биыл үйірлі шегірткелерге қарсы қорғау шаралары 2,7 млн гектар аумақта жүргізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 400 мың гектарға аз. Бүгінгі күні барлық өңірлерде өңдеу толық аяқталды, – деді ол.
Мониторинг тиімділігін арттыру мақсатында зерттеулерге 4625 маман жұмылдырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп. Сондай-ақ Жол картасы әзірленіп, іске асырылып отыр.
Жалпы 443 арнайы техника, соның ішінде 24 жеңіл авиация ұшағы, 31 аса жеңіл авиация техникасы, 49 агродрон пайдаланылды.
Өңдеу барысында қолданылған барлық препараттар қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді және жоғары биологиялық тиімділікке ие.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытаймен бірлескен зерттеулер, онлайн-кеңестер және шегірткенің таралуы бойынша деректер алмасу тұрақты түрде жүргізіліп отырды.
Шара қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануына, сондай-ақ шегірткенің көрші мемлекеттердің шекаралас аумақтарына көшуіне жол берілмеген.

