Жаңалықтар

Қазақстанда сатылатын марапат пен медальдар көбейіп барады

Қазақстанда сатылатын марапат пен медальдар көбейіп барады
Фото: Satbayev University 13.06.2023 18:15 1335

Елімізде соңғы жылдары мемлекеттік, ведомстволық және жеке ұйымдардың орден, медальдары қарша борап жатқандығы ақиқат. Елімізде 10 орден, 4 медаль және 4 ресми атақ бар. Ал ведомстволық наградалардың саны 200 жуықтады. Кеңестік кезеңнен қалған «кеудеге темір тағып арқадан қағу» саясаты әлі де бар.

Естеріңізде болса, өткен жылдары Ресейге барғанда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мемлекеті ұсынған «Невский орденінен» бас тартты деген қауесет тарады. Бірақ Тоқаевтың: «мен өзімнің президенттік міндетімді атқарып отырған сәтте ешқандай марапат қабылдамаймын» деген сөзінің өзі көпке үлгі болу керек еді. Саңырауқұлақша қаптаған атақ, даңқтар мен орден, медальдар көбеймесе азайып отырған жоқ.

Қазіргі таңда «Қазақстанның құрметті азаматы», «Қазақстанның мәдениет пен өнер саласының үздігі», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», «Қазақстанның үздік ауыл әкімі» сынды бейресми атағын тарататын «Білім және өркениет» ұлттық инновациялық орталығы деген мекеме пайда болды. Ең қызығы осы атақтарды Министрліктер үйінде ресми түрде тапсырады. Мұндай заңсыз атақтардың бар екенін Мәдениет және спорт министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті де, құзырлы органдарда біледі.

Алайда тоқтау салып, тізгіндеуге әрекет етіп жатқан ешкім жоқ. Әр министрлік ай сайын бір медальдан қабылдайды. Дұрыс, қарапайым еңбек адамдарын марапаттасын, құрметтесін. Қарсылығымыз жоқ. Бірақ бұл марапаттар не береді? Мысалы, Еуропа елдерінде ешкім орден, медаль тақпайды. Таратпайды.

Оларды жақсы жұмыс нәтижесі бойынша қомақты бонустар, туристік жолдамалар, тегін механалар мен оқуға мүмкіндік береді. Ал бізде тіпті мемлекеттік наградалардың заңдық күші жоқ. «Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған адам автобуста тегін жүре ала ма? Емханаға тегін қарала ма? Әрине, жоқ. Ал оны тапсырудың ар жағында айтылмаған ақиқаттар жетерлік. Кімдер алып жатыр?

Отызға толмай жатып ерен еңбек сіңіріп тастағандар жетерлік. Бұлай кете берсе басынан балағына дейін темір тағатын Солтүстік Кореяға айналарымыз хақ. Мысалы, көршілес Ресейде 48 мемлекеттік награда 1 мыңнан астам ведомстволық наградалар, 500 ден астам қоғамдық наградалар, 400 ге жуық корпоративтік наградалар және 15 мыңнан астап Ресей субьектілерінің өз наградалары бар.

Қоғамдық наградаларға қоғамдық ұйымдардың, діни мекемелердің, ғылыми орталықтардың наградалары кіреді. Ал корпоратитвтік наградаларға трансұлттық компаниялардың наградалары кіреді.  Кеңестік кезеңде әскери орден медальдар саны 58 болған екен.

Алғашқы «За отвагу» медалі 1938 жылы, соңғысы «70 лет Вооруженных сил» медалі 1988 жылы шығыпты.

Әрине, Кеңестік кезеңде таққан орден, медаліне сай құрметте көрсетілді. Түрлі жеңілдіктер болды. Қырықтың қырқасына шыққан жап жас жігіттердің кеудесінде кем дегенде 9-10 медаль бар. Оның біреу мемлекеттік, екеуі ведомстволық қалған қоғамдық ұйымдардың 50-60 мың тенге көлемінде таға беретін құнсыз медальдары. Қазіргі таңда мұндай жалған атақ, даңқтар тарататын қоғамдық ұйымдар, қорлар, жеке азаматтар бизнес көзіне айналдырғалы қашан.

Бұған тоқтау салмаса ертең шамамыз келмей қалады. Осыған байланысты құзырлы мекемелер тез арады заң жобасын әзірлеп тыйым салу керек. Еліміздегі наградаларға сараптама өткізетін, оның қолданылу  шарттарын заңды негізге алып ережелерін әзірлейтін органдар мұндай мәселені жабулы күйінде қалдыра берсе арты жақсылыққа апармасы белгілі. Тіпті жеті бала тауып «Алтын алқа» таққан аналарымызға да осы атағы үшін жасап жатқан жеңілдіктеріміз шамалы.

Біз дүниетанымы өзгерген, замануи ақпаратпен қамтылған жастарды тәрбиелеп келеміз. Жарқын болашақтың қандай форматта болары белгісіз. Біздің елесіміздегі дамыған ел мен смартфон, интернет арқылы тәрбиеленіп келе жатқан жастардың көзқарасы алуан түрлі.

Ендеше аға бауын өкілдері алтын жалатылған темірді таққанына кеудесін керіп, сол бір темір үшін бет жыртыспай ел ертеңі болашағымызды ұлтжанды, мәдениетті етіп тәрбиелеудің жолдарын қарастырған жөн сияқты. «Ұят болады», «Обал болады» деген екі сөзбен өскен қазақтың ұяң мінез ұл-қыздарына дұрыс бағыт бағдар беріп, еліне үлесін қосу үшін еңбек ететін ұрпақ тәрбиелеуіміз керек.

Ведомстволық наградалармен қоғамдық ұйымдардың бей берекет, қадірін кетіріп шашып жатқан «атақ, даңқтарына» тоқтау салып заңмен реттейтін кез келді деп есептеймін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға