коллаж El.kz

Қазақстанда ресми құжаттарды рәсімдеу қымбаттайды – толық тізім

Келесі жылдан бастап Қазақстанда кейбір ресми құжаттарды алу құны қымбаттайды. Бұған айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 3 932 теңгеден 4 325 теңгеге өсуі әсер етуде. Жаңа мөлшер 2026-2028 жылдарға арналған мемлекеттік бюджетте бекітілген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

АЕК ұлғаюына байланысты мемлекеттік баж мөлшері де өзгереді. 2026 жылы негізгі құжаттар бойынша төлем төмендегідей болады:

  • 16 жасқа дейінгі балаларға арналған 24 беттік паспорт - 17 300 теңге (4 АЕК). 2025 жылы - 15 728 теңге.
  • 36 беттік жалпы паспорт - 34 600 теңге (8 АЕК). 2025 жылы - 31 456 теңге.
  • 48 беттік паспорт - 51 900 теңге (12 АЕК). 2025 жылы - 47 184 теңге.
  • Жеке куәлік - 865 теңге (0,2 АЕК). 2025 жылы - 786 теңге.

Егер жеке куәлік бір жыл ішінде екі реттен жиі жоғалса, оны қайта алу құны 1 АЕК - 4 325 теңге болады.

Жүргізуші куәлігін алу құны 5 406 теңгеге (1,25 АЕК) дейін өседі.

Неке қию туралы куәлік үшін төлем де өзгеріп, 4 325 теңге (1 АЕК) болады.

Ал ажырасуды рәсімдеу 2026 жылы 8 650 теңге (2 АЕК) болып белгіленген. Биыл бұл көрсеткіш 7 864 теңгені құрады. Яғни некені тіркеуден екі есе қымбат.

Туу туралы куәлік алғашқы рет тегін беріледі. Бірақ құжатты қайта жасату қажет болған жағдайда 0,5 АЕК  - 2 163 теңге төленеді.

Қандай азаматтар мемлекеттік баж төлеуден босатылады?

Кейбір санаттағы тұрғындар құжаттарды ақысыз аша алады. Олар:

  • мемлекеттік және ұлттық марапат иегерлері,
  • «Күміс алқа» және «Алтын алқа» иеленген көпбалалы аналар,
  • соғыс ардагерлері мен әскери іс-қимылдарға қатысқандар,
  • мүмкіндігі шектеулі жандар және мүгедек балаларды бағып отырған ата-аналар,
  • әлеуметтік мекемелердегі қарттар,
  • жетім балалар және мемлекет қамқорлығындағы тәрбиеленушілер,
  • Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккендер.

Айта кетейік, бұған дейін келер жылы ең төмен жалақы қанша болатынан хабарлаған едік.