©El.kz/Артем Чурсинов

Қазақстанда Ресей мен Беларусьтен әкелінетін көліктерге утильалым өсуі мүмкін

Қазақстанда Ресей мен Беларусьтен импортталатын автомобильдер мен ауыл шаруашылығы техникасына салынатын утилизациялық алымды арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тиісті бұйрық жобасын дайындап, оны қоғамдық талқылауға шығарды.

Құжатқа сәйкес, Қазақстанға Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасынан әкелінетін жеңіл көліктер мен ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алымды есептеу кезінде арнайы көтермелеуші 2 коэффициентін қолдану ұсынылады. Бұл іс жүзінде утильалым мөлшерін Ресейде 2025 жылғы 1 желтоқсаннан бастап қолданылатын ставкалармен теңестіреді.

Оқи отырыңыз:

Ал Қазақстанда құрастырылған көліктерге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше емес елдерден, Армения мен Қырғызстаннан импортталатын автомобильдерге коэффициент 1 сақталып, қолданыстағы мөлшерлеме өзгеріссіз қалады.

Неге өзгеріс қажет?

Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, бұл қадам ЕАЭО аясындағы өзара саудада төлемдер арасындағы теңгерімсіздікті жоюға және бағалық әрі реттеуші арбитражды болдырмауға бағытталған. Қазіргі таңда Қазақстаннан Ресей мен Беларуське экспортталатын көліктерге сол елдерде белгіленген утилизациялық алымнан бөлек, кедендік баж, қосылған құн салығы мен акциздер арасындағы айырма да қосымша есептеледі. Нәтижесінде көліктің құны іс жүзінде толықтай қайта төленеді.

Мысалы, Қазақстаннан Ресейге көлік экспортталған кезде 20 пайыздық ҚҚС алынады. Бұған қоса, Ресейде утильалымды есептеу кезінде базалық мөлшерлемеге елдер арасындағы ҚҚС айырмасы қосылады (қазіргі таңда – 8 пайыз, 2026 жылы – 4 пайыз).

Алайда ЕАЭО Кеден кодексінің 454 және 456-баптарына сәйкес, Қазақстанда еркін кеден аймағы немесе еркін қойма режимінде шетелдік компоненттерді пайдалана отырып шығарылған көліктер ЕАЭО тауары болып саналады. Демек, мұндай автокөліктерге Ресей мен Беларусь тарапынан «кедендік коэффициенттер» қолдану заңға қайшы.

Осы себепті Ресей мен Беларусьтен Қазақстанға әкелінетін көліктерге утильалымды көтеру арқылы одақтас елдер арасындағы қаржылық теңгерімсіздікті жою көзделіп отыр. Нәтижесінде ресейлік және белорус көліктер үшін утильалым Ресей заңнамасында бекітілген деңгеймен теңеседі.

Ауыл шаруашылығы техникасы да қамтылады

Жоба авторларының айтуынша, бүгінде Қазақстанда Беларусь пен Ресей брендтеріне тиесілі ауыл шаруашылығы техникасы лицензиялық келісімдер негізінде шығарылады. Алайда бұл келісімдерге қарамастан, елімізге дайын өнімдер тікелей жеткізіліп отыр. Осыған байланысты параллель импортты шектеу үшін де утильалымның көтерілген мөлшерін енгізу ұсынылған.

Өнеркәсіптік саясат департаментінің директоры Әділбек Бектібаевтың айтуынша, Қазақстан утильалым мен импорт саясатын мемлекет, бизнес және тұтынушылар мүддесінің теңгеріміне негіздей отырып жүргізіп келеді.

Біздің мақсат – отандық өндіріс пен импорт үшін түсінікті әрі болжамды ережелерді сақтау. Бұл ашық нарық пен тұрақты экономикалық саясаттың белгісі, – деді ол.

Сарапшылар не дейді?

Автонарықты мониторингтеу және талдау агенттігінің бас директоры Артур Мискарян Қазақстанда утильалымды Ресейдегідей арттыруды қолдайтынын айтқан. Оның пікірінше, мөлшерлемені кемінде үш есе көтеру қажет.

2022 жылы утильалым 50 пайызға төмендетілгеннен кейін АҚШ, Корея, Жапония және Қытайдан «сұр импорт» күрт өсті. Егер ескі болса да кез келген техниканы әкеле берсек, ел автопаркін жаңарту мүмкін емес, – деп жазды ол Telegram парақшасында.

2026 жылы утильалым қалай өзгерді?

Биыл көлікті бастапқы тіркеуге дейін төленетін утильалым мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) өсуіне байланысты артады. Базалық мөлшерлеме – 50 АЕК, яғни 196 600 теңгеден 216 250 теңгеге дейін ұлғаяды. Нақты сома көліктің санатына байланысты есептеледі.

Утилизациялық алымды қалай төлеуге болады?

Утильалымды Recycle.kz сайтында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы төлеуге болады.

ЕАЭО-ға мүше емес елдерден әкелінетін көліктер үшін:

  • кедендік декларацияның көшірмесі;
  • мемлекеттік шекарадан өткенін растайтын бақылау талоны;
  • көлік қауіпсіздігін растайтын құжат немесе типті мақұлдау құжаты қажет.

Қажетті деректер анықталмаған жағдайда:

VIN нөмірі көрсетілген жүкқұжат немесе CMR;

шот-фактура (инвойс) сұралады.

ЕАЭО елдерінен (Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстан) келетін көліктер үшін:

  • көлік құралының тіркеу құжаты;
  • қауіпсіздік сертификаты;
  • қабылдау-тапсыру актісі;
  • VIN нөмірі көрсетілген жүкқұжат немесе CMR қажет.

Импорт күні шекаралық бақылау талоны арқылы расталады. Егер талон болмаса, өтінім берілген күн импорт күні болып есептеледі.

Өтінім толтыру кезінде барлық деректің дәл әрі анық жазылғанына көз жеткізу қажет. Құжаттар анық сканерленуі тиіс. «Жасыл даму» өтінімді бір жұмыс күні ішінде қарайды. Қате кеткен жағдайда қайта өтінім беруге тура келеді.

Бұған дейін автокөлікке «VIP-нөмерді» қалай онлайн рәсімдеуге болатыны туралы жазғанбыз. Сонымен қатар Қазақстан жолдарындағы апат себептеріне де тоқталдық