Қазақстанда референдум қалай өтіп жатыр?
Бүгін, 6 қазан күні, еліміздегі сайлау учаскелерінің басым бөлігі таңғы 07:00-ден бастап жұмысқа белсене кірісіп кетті. Тек 84 учаске өз жұмысын 06:00-де бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Республика бойынша дауыс беруге арналған барлығы 10 мыңнан астам учаске бар. Ал Астана қаласында жұмыс істеп тұрған 460 учаскенің 352-сі – ашық, 34-і – жабық, 74-і дипломатиялық өкілдіктер мен елшіліктерге бөлінген. Бірінші болып Сеул мен Токиодағы учаскелер ашылды. Референдумды 30 елден келген 177 шетелдік байқаушы бақылап, 200 шетелдік журналист ақпарат таратуда.
Суреттер: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Жалпы сайлаушылар тізімінде 12 миллион 244 мың 683 азаматтың аты-жөні бар. Егер дауыс беру тізіміне енген азаматтардың 50 пайыздан астамы қатысса, референдум өтті деп саналады.
Суреттер: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Байқауымызша, референдумға дауыс беруге келген халықтың қарасы көп. Олардың қатарында жасы енді 18-ге толған азаматтар да бар. Учаскелерде музыка қосылып тұр. Адамдардың көңіл күйі жақсы, біразы дауыс беруге отбасымен бірге келуде.
Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Ерте келіп дауыс бергендерге сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар референдумда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да дауыс беруіне барлық жағдай жасалды. Республика бойынша сайлауға қатысатын әрі дауыс беру үшін арнайы көмекті қажет ететін 77 мың 759 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Басым көпшілігі – көру қабілетінен айырылғандар, жалпы саны – 29 мың 920 адам. Олар ерекше қажеттіліктері бар 3 санаттағы азаматтардың 38,48 пайызын құрайды.
Сурет: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ
Сайлау учаскелеріне барып, дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.
Айта кетейік, референдумның ресми нәтижелері туралы Орталық комиссияның хабарламасы бұқаралық ақпарат құралдарында 7-12 қазан аралығында жарияланады.