t.me/KZgovernment

Қазақстанда қайта өңдеу, құрылыс және өндіру көлемі артты

15.07.2025 09:16

Үкімет отырысында экономиканың негізгі секторларының экономикалық көрсеткіштері қаралды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Серік Жұманғариннің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 5,5%-ға өскен. Аталған өсімге машина жасаудағы өндірісті 11,1%-ға, тамақ өнімдерін – 10%-ға, мұнай өңдеу өнімдерін – 9,6%-ға, металл бұйымдарын – 14,6%-ға, құрылыс материалдарын – 8,6%-ға және химия өнеркәсібі өнімдерін – 7%-ға арттыру есебінен қол жеткізілді.

Жоғары өсу қарқынын тау-кен өнеркәсібі сақтап отыр (+8,4%). Бұл мұнай өндірудің 11,6%-ға және көмір өндірудің 11,7%-ға артуына байланысты. Сонымен қатар құрылыстың өсу қарқыны 18,4%-ға дейін жеделдеді. 7,9 млн м2 тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың тиісті кезеңінен 6,6%-ға артық.

Бюджет кірісі жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті.

Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік бюджеттің кірісі 11,4 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 118,8%. Бұл салық тәртібі мен Қазақстан экономикасының өсуінің нәтижесі, — деп атап өтті Серік Жұманғарин.

Бірінші жартыжылдықта «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша басым салаларды қаржыландыру көлемі 2,9 трлн теңгені құрады. Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мәліметінше, жыл соңына дейін оны 8 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл экономикаға қосымша өсім береді – шамамен 1,3 пайыз. Холдингті бюджеттен капиталдандыру екінші жартыжылдықта жалғасатын болады. Бұл біздің нақты сектордың мүмкіндіктерін кеңейтуге қосқан тікелей үлесіміз,— деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

Жаңа салық тетіктері бюджетке шамамен 3-5 трлн теңге қосымша түсім береді. Бұл бюджеттің кіріс бөлігін нығайтуға және экономиканың өсуін ынталандыруда мемлекеттің мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. Биыл шамамен $25 млрд тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарлануда. Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл үшін белсенді тәсіл қолданылады.

Бизнес қажеттіліктеріне бағдарланған өңірлік инвестициялық бағдарламалар қалыптастырылды. Олар шетелде инвесторларды нысанаға алу үшін негіз болады. Fast Track немесе «жасыл дәліз» жүйесі бойынша экономиканың басым салаларында 134 инвестор мемлекеттік қызметтерді жедел алудан өтті, — деп атап өтті вице-премьер.