Қазақстанда қауіпсіздікті күшейтетін жаңа заң күшіне енді
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Мемлекет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігінің үйлестіруші рөлін күшейтуді және құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды тапсырған болатын. Осыған сәйкес өрт қауіпсіздігі, өндірістік қауіпсіздік, азаматтық қорғаныс сынды негізгі бағыттарды қамтитын заң жобасы әзірленді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
2025 жылғы 24 маусымда Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат 10 кодекс пен 37 заңға 600-ден астам түзету енгізуді көздейді.
ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев жаңа заңның басты бағыттары туралы айтып берді:
Өрт қауіпсіздігі
Жаңа заңға сәйкес, адам көп жиналатын және биіктігі 28 метрден асатын ғимараттар пайдалануға берілер алдында ТЖМ өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі жөнінде қорытынды береді. Бұл талап өрескел заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Сонымен қатар:
-
Ауданы 2000 шаршы метрден асатын сауда нысандарын міндетті сақтандыру жүйесі енгізіледі;
-
Өрт автоматикасына қызмет көрсету және монтаждау үшін рұқсат беру тәртібі нақтыланады;
-
Хан Шатыр, ЭКСПО секілді нысандар үшін арнайы техникалық шарттарды келісу нормасы енгізіледі;
-
Ірі төтенше жағдайларда өрт сөндірушілерге тамақпен қамтамасыз ету қарастырылған.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік
Министрлікке қауіпті өндірістік объектілер мен техниканы қайта жаңғыртудың жиынтық жоспарын келісу құқығы берілді. Авариялық-құтқару қызметтеріне арнайы ғимараттар, оқу-жаттығу базалары, зертханалар мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілу талабы қойылды.
Сондай-ақ:
-
Қауіпті өндірістерде мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың ерекше тәртібі енгізіледі;
-
Ұйымдарда өндірістік бақылау қызметін міндетті түрде құру бекітілді.
Сейсмикалық қауіпсіздік
Заң сейсмология саласындағы негізгі ұғымдарды бекітті. Жергілікті органдарға:
-
сейсмикалық карта жасауды,
-
сейсмикалық тәуекелдерді бағалауды,
-
сейсмологиялық станциялар желісін кеңейтуді және автоматтандырылған ескерту жүйесін жаңғыртуды жүргізуге құзырет берілді.
Халықты жедел хабардар ету
Енді төтенше жағдай қаупі туындағанда, кезекші қызметтің лауазымды тұлғалары жедел бұйрықсыз-ақ хабарлау жүйесін іске қоса алады. Бұл дағдарыс кезінде уақытты үнемдеп, шешім қабылдау тиімділігін арттырады.
ТЖМ-нің бақылау функциялары
2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті ТЖМ құрамында орталық және жергілікті органдарға қатысты бақылау жүргізеді. Бұл – мемлекеттік ден қою жүйесін күшейтуге бағытталған қадам.
Азаматтық қорғаныс
Қорғаныс құрылыстарын жылжымайтын мүлік ретінде құқықтық кадастрға тіркеу енгізіледі. «Қарапайым пана» ұғымы заңнамаға енді – бұл негізінен жертөлелер мен жерасты паркингтері. Сонымен бірге:
-
Республикалық жедел штаб құру тәртібі,
-
Әкімдіктерге төтенше жағдай жариялау және өрт сөндірушілерді материалдық жабдықтау өкілеттігі қарастырылған.
Туристердің қауіпсіздігі
Аумақтық ТЖ департаменттеріне туристік бағыттар туралы алдын ала ақпарат алып отыру міндеттеледі. Бұл жорыққа шыққан азаматтар уақытында оралмаған жағдайда жедел іздестіру мен медициналық көмекті ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік материалдық резервті орталықсыздандыру
2027 жылдан бастап жұмылдыру резервін басқару функциясы түрлі салалық министрліктерге (ТЖМ, Қорғаныс, Энергетика, Денсаулық сақтау, т.б.) беріледі.
Әлеуметтік кепілдіктер
Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін:
-
тұрғын үй төлемдері мен жекешелендіру құқығы,
-
қызметтік ауысым кезінде көтерме төлемдер мен жүк тасымалы шығынын өтеу,
-
ТЖ кезіндегі ақшалай ынталандыру,
-
санаторий-курорттық емделуге жолдама алу құқығы енгізілді.
Сондай-ақ ерікті өртке қарсы құрылымдар үшін:
-
жарақат алған жағдайда өтемақы,
-
негізгі жұмыстан уақытша босату және жалақыны сақтау қарастырылған.
Қорытынды
Қабылданған заң – азаматтық қорғау саласын кешенді жаңғыртуға арналған маңызды қадам. Бұл құжат ел азаматтарының қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтеріп, ТЖ саласында тиімді, заманауи және үйлестірілген жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

