Қазақстанда қанша жас баспанаға мұқтаж
Сарапшылар мәліметінше, елімізде 18 жастан 35 жасқа дейінгі аралықта 1,3 миллион қазақстандық баспанаға мұқтаж, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Вице-премьер Роман Скляр 1 наурыздан бастап жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама жүзеге асатынын растады. Бұл бағдарламаның қажет екенін статистикаға қарап-ақ білуге болады. Себебі бүгінгідей бағамен және айлықпен, одан қалды ипотеканың пайыздарымен баспанаға қол жеткізе алмайтындар көп.
Бұл бағдарлама республикалық бюджеттен бірлесіп қаржыландыру қаражаты есебінен іске қосылатын болады: «Отбасы банк» және республикалық бюджет. Ол белгіленген мерзімде іске асырылатын болады, - деп жауап берді Скляр.
Сөйте тұра, «Отбасы банк» былтыр 24 705 жас қазақстандық қоныстойын атап өткенін мәлімдед. Олар 414 млрд теңге сомасына тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде қарыз алған.
Олар негізінен 1 бөлмелі және 2 бөлмелі пәтер сатып алған, ал олардың құны орта есеппен 19,7 млн теңгені құраған. Дегенмен бұл теңізге тамшыдай ғана үлес. Өйткені Қазақстанда 18 бен 35 жасқа дейінгі аралықта 1,3 миллион отандасымыз әлі күнге дейін баспанаға мұқтаж.
Мұндай жастар үшін елімізде өңірлік жастар бағдарламалары жұмыс істейді және солардың шеңберінде жылдық 5%-бен ипотекалық несие алуға болады.
Жастарға қандай ипотекалар қолжетімді
Қазіргі уақытта еліміздің барлық аймағында жастарға арналған әртүрлі ипотекалық бағдарлама бар. Мұндай бағдарламалар Алматы, Астана, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, сонымен қатар Абай және Ұлытау облыстарында жұмыс істейді.
Барлығының шарттары бір-біріне ұқсас: қарыз алушының жасы 35-тен аспауы керек, жұмыс өтілі – өңірге байланысты 6 айдан 12 айға дейін, соңғы бес жылда атында баспанасы болмауы керек, бастапқы жарна – 5%; ипотеканың максималды мерзімі – 19 жыл.
Баспананың бағасы да әртүрлі болуы мүмкін, дегенмен қарыз беру сомасында шектеу бар – ол өңірге байланысты 10 миллион теңгеден 20 миллион теңгеге дейін ғана.
Егер таңдалған нұсқа бұл қаражаттан қымбат болса, онда бағдарламаға қатысушылар қарыз сомасы мен тұрғын үй бағасы арасындағы айырмашылықты өз бетінше жабады. «Отбасы банк» қызметкерлерінің сөзінше, жастарға арналған бағдарлама алғаш рет 2017 жылы Алматыда іске қосылған.
Соңғы жеті жыл ішінде ипотеканы жеңілдетілген шарттар бойынша бүкіл ел бойынша 5 400 жас қазақстандық ресімдеген. Жастарға жеңілдетілген несие беру бағдарламасының бюджеті 98 млрд теңгені құрады. Дегенмен мұның жастарға арналған ипотекалық бағдарламалармен ғана шектелмейтінін естен шығармаған жөн. Себебі көптеген екінші деңгейлі банк құрылыс салушылармен бірігіп пайыздық мөлшерлемесі орташа нарықтан әлдеқайда төмен болуы мүмкін түрлі серіктестік бағдарламаларды ұсынады.