Жаңалықтар

Қазақстанда қандай сарқырамалар бар?

Қазақстанда қандай сарқырамалар бар?
Фото: pixabay.com 09.10.2024 14:19 928

Сарқырап аққан су көрер көзге ерекше әсер қалдырады. Венесуэладағы Анхель, ОАР-дағы Тугела, Норвегиядағы Балайфоссен, АҚШ-тағы Вайхилау және Ниагара сияқты сарқырамалар өзінің мықтылығымен, сұлулығымен, тылсымдығымен таңдай қақтырады.

Еліміз дархан дала, өзен-көл, қалың орман, биік тауларға ғана емес, сарқырамаларға да бай. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі сарқырамалардың топтамасын жасақтап, олардың табиғи ерекшеліктері, экологиялық маңызы және туризмге әсері туралы егжей-тегжейлі баяндады.

Сарқырамалар маңызды экожүйелік және климаттық рөл атқарады. Негізінен елдің таулы аймақтарында шоғырланады. Бұл сарқырамалардың көпшілігі Іле Алатауы, Тянь-Шань және Алтай тауларында орналасқан. Биіктігі, су көлемі, маусымдық өзгерістері мен қоршаған табиғаты бойынша өзіндік ерекшеліктері бар. Сарқырамалар флора мен фаунаға бай. Экожүйенің дамуына ықпал етеді. Олар жергілікті климатқа әсер етіп қоймай, су айналымын реттейді. Су қоймаларын толтырып, өзендер мен көлдердің деңгейін тұрақтандырады. Сондай-ақ, сарқырамалар биоалуантүрліліктің бірегей орталығы болып табылады.

Бұрқан-бұлақ сарқырамасы

Сарқырамаларды тізбектегенде, Бұрқан-бұлақтан бастаған орынды. Себебі бұл сарқырама - Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия бойынша ең биігі. Бұл ғажайып табиғат құбылысы Алматы облысындағы Жоңғар Алатауы тауларында орналасқан. Сарқыраманың биіктігі шамамен 168 метрді құрайды. Қора шатқалында орналасқан. Қаратаудан бастау алады. Ыстық кезде сарқырама маңында жанға жайлы салқындық сезіледі дейді көрген жан. Бұл ғажайыпты тамашалау үшін қалтаның қалың болуы маңызды емес. Саяхат көп шығынды қажет етпейді. Мұнда жету үшін қымбат әуе билеттері, визалар, рұқсат қағаздары немесе арнайы екпелер қажет емес. Жолдың бір бөлігі таулы аймақтан өткен соң, жол талғамайтын көлікті пайдалану керек. Бұрқан-бұлақ Алматы қаласынан 400 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл сұлулықты тамашалауға ең жақсы уақыт – жаз мезгілі. Өйткені осы уақытта мұздықтар еріп, сарқырама суға толады. Жеке көлікпен жолға шықсаңыз, жол қиындығын ескергеніңіз жөн. Жол бойы тастар көп. Кей жерлерде шатқалға қарай түсетін күрделі тау жолдары бар. Жолды Текелі қаласынан бастау ұсынылады. Сарқырамаға дейінгі жол шамамен - 50 шақырым. Қолшатыр мен жылы киім алуды да ұмытпаңыз.

Халық арасында сарқырамаға қатысты аңыз бар. Бұрқан есімді жас жігіт үйленіп, үй болатын жасқа жеткенде, анасымен ақылдасады мыс. Анасы ұлына момын әрі сабырлы жар таңдауға кеңес береді. Анасының ақылын тыңдап, бірақ құлақ аспаған ұлы Қора есімді сұлуға ғашық болады. Қыздың өзімшіл мінезі анасына жаға қоймайды. Ол ұлының таңдауынан бас тартпайтынын көріп, оны таулардың тас қамалына қамап тастайды екен. Сүйіктісінен бас тартқысы жоқ Бұрқан жігіт бұл әділетсіздікке шыдамай, шыңырауға секірген көрінеді. Сол жерде Бұрқан сарқырамасы мен Қора өзені тоғысып, енді ажырамастай болады. Аңыз осылай сөйлейді.

Көкжайлау сарқырамасы

Көкжайлау сарқырамасы Алматы облысында орналасқан. Іле Алатауының көрнекті табиғи нысандарының бірі болып саналады. Бұл сарқырама жаяу серуендеу әуесқойлары үшін танымал орынға айналған. Тау беткейлері мен жасыл жайлаулардың арасында орналасқан сарқыраманың биіктігі шамамен 25-30 метрді құрайды. Оның айналасындағы табиғат ерекше көркем: көк шалғындар, альпілік өсімдіктер, таулы ормандар және таза ауа. Көкжайлау сарқырамасы Алматы қаласының тұрғындары үшін демалыс орны ретінде белгілі.

Түрген сарқырамасы

Түрген сарқырамасы - Алматы облысының Іле Алатауындағы ең танымал табиғи кереметтердің бірі. Түрген шатқалында орналасқан сарқыраманың биіктігі - 55 метрден асады. Шатқал өзінің бай флорасы мен фаунасымен танымал. Мұнда сирек өсімдіктер мен жануарлар кездеседі. Сондай-ақ ежелгі реликті ормандар сақталды.

Түрген шатқалында бірнеше сарқырама бар. Мәселен, «Аюлы» және «Қайрақ» сарқырамалары. Алғашқысының биіктігі - 30 метр. Жасыл шыршалар мен шыңдар арасындағы бейнелі орында орналасқан. Шатқалдағы шыңдар жер сілкінісі кезінде бөлініп, мұзды кезеңге дейінгі іздерді сақтаған көрінеді. «Қайрақ» сарқырамасының биіктігі - 40 метр, барлық шоңғалдарды қосып санайтын болсақ — 74 метр.

Түрген сарқырамасына барар жолда Түйеқұс фермасы, Форель шаруашылығы, Жастық бұлағы, ашық аспан астындағы музей және Есік қорғанын тамашалай аласыз.

Қайыңды сарқырамасы

Қайыңды сарқырамасы - Алматы облысындағы танымал табиғи орындардың бірі. Қайыңды көлімен тікелей байланысты. Бұл сарқырама көлге құйылып, ерекше табиғи ландшафт қалыптастырады. Сарқыраманың суы қайыңдар мен шыршалар арасында ағып, таза көлге қосылып, ерекше су асты орманын құрайды. Қайыңды сарқырамасы мен көлі бір-бірінен ажырамас болғандықтан, бұл аймақ туристер үшін үлкен қызығушылық тудырады. Қайыңды көлінің суы мөлдірлігімен ерекшеленеді.

Көккөл сарқырамасы

Көккөл сарқырамасы – Орталық Алтайдағы ең биік сарқырамалардың бірі. Биіктігі - 70 метр. Алтайдың ең биік шыңы – Мұзтаудың оңтүстік-шығысында 15 км жерде, Ақбұлақ өзені бойындағы Көккөл кенішінің төменгі жағында орналасқан. Бір қызығы сарқыраманың түбінде судың шашыруынан кемпірқосақ көрініп тұрады.

Бұтақты (Бутаковка) сарқырамасы

Бұтақты (Бутаковка) сарқырамасы – Алматы шаһарына жақын жерде, Іле Алатауында орналасқан. Ең көрікті жерлерінің бірі. Бұтақты шатқалы – алматылықтар мен қала қонақтарының жаз айларында жиі келіп, демалатын орны.

Сарқыраманың биіктігі - 10-12 метр. Су ағысының күштілігі сонша, кейде жартастан гүрілдеп құлап ақса, енді бірде жартас бетінде жұқалаң жайылып жатады. Желтоқсан және қаңтар айының бас кезінде жартастар әдемі көгілдір мұзға айналады. Қаңтар-наурыз аралығында сарқырама төңірегінде көшкін жүруі қаупі бар. Сол себепті бұл уақытта аумаққа бармаған жөн.

Иманай бұлағы мен сарқырамасы

Иманаев сарқырамасын «сарқырама» деп атау сәл артық болар. Дегенмен сұлулығы көздің жауын алатындай керемет. Ол Бурабай ауылынан 7 шақырым жерде орналасқан. Егер Абылай хан алаңына жаяу немесе велосипедпен жетсеңіз, сарқырама сізден небәрі 1,5 шақырым жерде болады.  

Сарқырама үш деңгейден тұрады. Биіктігі - шамамен 2 метр. Бурабай көліне құяды. Үстінен велосипед жолы өтеді, сондай-ақ той фотосессиясына арналған шағын алаңы бар.

Сарқыраманың әдемі болып көрінетін уақыты – көктем мезгілі. Қар еріп, су аға бастаған кез - ерекше.

Иманаев сарқырамасы – таза ауамен тыныстап, достарыңызбен жақсы уақыт өткізуге болатын орын.

Жылаған ата сарқырамасы

Жылаған ата сарқырамасы Кентау қаласының маңында орналасқан. Аңыздарға сенсек, бұл жерде қарт ерлі-зайыптылар Гүрзіхан ата мен Шаш-ана өмір сүрген деседі. Бірақ балалары болмапты. Олар үнемі перзент сұрап Аллаға жалбарынған көрінеді. Тілеуі орындалып, анасы баласын 7 жыл бойы тері сөмкеге салып, бағып-қағуы керек болады. Осы уақыт аралығында ерекше шыдамдылық танытқан әйел, бір күн қалғанда сөмкесі иығынан сырғып кетеді екен. Сөйтіп сөмке ішіндегі нәресте ұшып кетеді мыс. Қатты қайғырған әкесінің көз жасынан сарқырама пайда болыпты. Сол себепті де сарқырамаға «Жылаған ата» атауы беріліпті.

Үлкен Шымбұлақ сарқырамасы

Үлкен Шымбұлақ — Алматы облысындағы сарқырама. Ол терең және тар жартас каньонында, Үлкен Шымбұлақ өзенінің төменгі ағысында орналасқан.

Сарқыраманың  биіктігі - 20 метр. Су ағымы бойынша Үлкен Шымбұлақ шатқалындағы Аюлы сарқырамасымен салыстыруға болады. Сарқырама маңында су тимейтін шағын бақылау алаңы бар. Сәуір-маусым, тамыз-қазан айларында саяхаттау ұсынылады. Су төмен қарай ағып, шатқалдың түбінде тереңдігі 2 метрге дейін жететін ванна ойып тастаған. Сарқыраманың төменгі жағында өрік, барбарис, итмұрын және басқа да бұталар өседі.

Қазақстандағы сарқырамалар табиғат аясында серуендеуді жақсы көретіндерді ғана емес, фотографтар мен зерттеушілерді де қызықтырады. Әсіресе жаз айларында сарқырамалар суының деңгейі көтеріліп, көркем пейзаждар ашылады. Көптеген сарқырамаға жету үшін арнайы туристік бағыттар қарастырылады. Көбісі жаяу жүргіншілерге арналады. Бұл аймаққа барып, табиғатпен бір болу, таза ауамен тыныстау және әдемілігін тамашалау мүмкіндігі бар.

Туристер үшін сарқырамаларға экскурсиялық турлар ұйымдастырылады. Тәжірибелі гидтер ілесіп жүреді. Сонымен қатар, көптеген туристік агенттік экологиялық саяхаттарды ұсынады. Бұл саяхаттар кезінде қоршаған ортаны қорғау және сарқырамалардың табиғатын сақтау шаралары қолға алынады.

Қазақстандағы сарқырамалар экологиялық туризмнің дамуына ықпал етеді. Табиғатты қорғау шаралары арқылы бұл аймақтарды ұзақ жылдар бойы сақтап қалу мүмкіндігі бар.

Қазақстандағы сарқырамаларды қорғау мәселесі туризмнің дамуына байланысты өзекті болып отыр. Кейбір сарқырамаларға келушілердің көп болуы және олардың қоршаған ортаға әсері табиғи нысандардың бұзылуына әкелуі ықтимал. Сондықтан экотуризмді дамыту – сарқырамаларды қорғаудың маңызды шараларының бірі. Экологиялық туризм табиғатқа зиян келтірмей, оны сақтауға бағытталуы қажет. Бұл туризм түрі қоршаған ортаға әсерді азайту, қоқыс тастау мәдениетін қалыптастыру және табиғатты сақтау жөніндегі ақпараттық бағдарламаларды қамтиды.

Қазақстан сарқырамалары - табиғи байлықтың маңызды бөлігі. Экотуризмнің дамуы, жергілікті экожүйелерді сақтау және табиғатқа ұқыпты қарау арқылы Қазақстанның сарқырамалары жылдар бойы туристер мен болашақ ұрпақ үшін ерекше табиғи мұра ретінде сақталатыны сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға