Қазақстанда премиум санаттағы АИ-100 бензині өндірілмек
Мөлдір Қайнар тілші
Қазақстанда премиум санатындағы АИ-100 маркалы бензин өндірісі жолға қойылмақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Kazinform мәліметінше, әлемнің кейбір елдерінде АИ-100 маркалы бензин сататын жанармай бекеттерінің саны артып келеді. Бұл өз кезегінде сұраныстың өсуін көрсетеді. Осыған байланысты қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары да осындай жоғары сапалы жанармай өндіруді бастауға дайындық жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта елімізде АИ-100 маркалы бензин өндірілмейді. Дегенмен, отандық зауыттарда осы отын түрін шығару үшін техникалық және технологиялық жұмыстар қолға алынған. Алдағы уақытта технико-экономикалық негіздеме әзірленгеннен кейін, елде нарықтағы сұранысқа сай автомобиль бензинінің маркалары анықталмақ.
АИ-100 маркалы бензин көбіне спорттық көліктер мен суперкарларда қолданылады. Сондай-ақ, бұл жанармай жоғары жылдамдыққа жетуге бейімделген қуатты қозғалтқышы бар автомобильдер үшін де тиімді саналады.

