Қазақстанда отбасыны қолдау орталықтарының саны 131-ге жетті
Қазақстанда 130-дан астам Отбасыны қолдау орталығы жұмыс істейді. Биыл наурыз айынан бастап барлық орталықта FSM social цифрлық жүйесі енгізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл жүйе әр отбасының электронды профилін жүргізуге, түрлі қызметтердің жұмысын үйлестіруге мүмкіндік беріп, көмекті жедел әрі нақты жеткізуге жол ашты. Қазіргі уақытта FSM арқылы 44,5 мыңнан астам өтініш тіркелген. Соның ішінде отбасыларға 20 мыңға жуық заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік кеңес беріліп, 15 мың отбасы тұрақты бақылауға алынды. Әрқайсысына жеке жоспар жасалып, оны орындауды кейс-менеджерлер қадағалайды.
Кей жағдайларда отбасының өзі көмек сұрамаса да, полиция, дәрігерлер мен педагогтардан түскен 5 мыңнан астам хабарлама негізінде қолдау көрсетілген. Бұл орталықтардың қиындықты алдын ала анықтап, дер кезінде көмек беруге ұмтылатынын көрсетеді. Сонымен қатар қызметкерлердің біліктілігі тұрақты жетілдірілуде. Жыл басынан бері 17 мыңнан астам маман арнайы оқудан өтті. Астана орталығында құжатсыз қалған үш баланың анасын қолдап, балаларға туу туралы куәліктер жасалып, жәрдемақы рәсімделген. Ал Түркістан облысында орталық, полиция және дәрігерлердің араласуымен қараусыз қалған төрт бала аман алып қалынды.
Орталықтар профилактикалық жұмыстарды да белсенді атқарып келеді: отбасы күніне арналған іс-шаралар, спорттық және мәдени акциялар, жас жұбайларға арналған тренингтер өткізіледі. Бұл – отбасылық құндылықтарды нығайтып, ажырасу деңгейін төмендетуге бағытталған маңызды қадам. Бүгінде елімізде мұндай орталықтардың саны 131-ге жетті. Олар – кез келген отбасы көмек, кеңес пен қолдау ала алатын сенім мен қамқорлық кеңістігі.

