Жаңалықтар

Қазақстанда Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясы ұсынылды

Қазақстанда Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясы ұсынылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі 03.09.2024 20:40 469

Қазақстанда ОКҚ алаңында Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясын таныстыруға арналған брифингі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кездесуде мемлекет басшысының отбасы саясаты саласындағы жолдауын жүзеге асыру шаралары, сондай-ақ Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамда отбасы құндылықтарын насихаттауға арналған тапсырмаларының орындалуы талқыланды.

Отбасы күнін атап өтудің жаңа концепциясы осы міндеттерді шешуге бағытталған. 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтеді. Әр күн арнайы тақырыпқа арналады. Оның ішінде отбасылық дәстүрлер, неке жоспарлау, репродуктивті денсаулық, саналы ата-ана болу, отбасылық демалыс және басқа да тақырыптар бар. Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мұндай форматтың мерекені кең ауқымда өткізуге және оның тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бүгінгі таңда отбасы мен некенің жағымды имиджін қалыптастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, балаларының қарт ата-аналарына қамқорлық жасауы – ұлттық маңызы бар міндеттер, - деді Евгений Кочетов.

Брифингте отбасы саясатының негізгі бағыттары, мемлекеттік қолдау шаралары, сондай-ақ «Қазақстандық отбасылар» ұлттық баяндамасында ұсынылған әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары туралы да айтылды.

Сауалнама нәтижелері бойынша респонденттердің 62,7%-ы  отбасында қамқорлық, өзара құрмет көрсету және қолдау маңызды деп санайды. Одан кейін орында – махаббат (43,2%) және балалар (38,7%) мәселесі. Сондай-ақ зерттеу барысында еңбекқорлық, адалдық және үлкендерге құрмет көрсету – еліміздегі өскелең ұрпаққа үйретілетін басты құндылықтар екендігі анықталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға