Руслан Базарбаев/ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда оқушыларға смартфон қолдануға толық тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда мектеп оқушыларының смартфон пайдалануына қатысты талаптар күшеюі ықтимал. Педагог мәртебесі мен білім беру мәселелеріне арналған заң жобасына енгізілген түзетулерге сәйкес, енді мектептерде ұялы телефон қолдану тәртібі орталықтандырылған деңгейде реттелуі мүмкін.

Қазіргі қолданыстағы норма бойынша әр мектеп әкімшілігі оқушылардың смартфонды қандай жағдайда пайдалана алатынын өздері шешеді. 2024 жылдың басынан бері сабақ кезінде телефон қолдануға заң жүзінде тыйым салынғанымен, үзіліс уақытында оқушыларға гаджет қолдануға рұқсат беріліп келген. Сондай-ақ мұғалімнің келісімімен оқу процесіне қажет болған жағдайда смартфон пайдалануға мүмкіндік бар.

Алайда ұсынылып отырған өзгерістер бұл тәсілді қайта қарауды көздейді. Заң жобасының салыстырмалы кестесінде көрсетілгендей, смартфон қолдану тәртібін мектептің емес, білім беру саласындағы уәкілетті органның бекітуі ұсынылады. Яғни болашақта бұл мәселе бойынша шешімді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі немесе аймақтық білім басқармалары қабылдауы мүмкін.

Депутаттар білім алушылардың құқықтары мен міндеттері туралы 47-баптың келесі редакциясын ұсынып отыр.

Білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс абоненттік құрылғысын пайдалану қағидаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, орта білім беру ұйымдарында оқу процесі кезінде білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс абоненттік құрылғысын пайдалануына жол берілмейді, – делінген құжатта.

Депутаттар ұсынып отырған жаңа редакцияда орта білім беру ұйымдарында оқу процесі кезінде оқушылардың ұялы байланыс құрылғыларын пайдалануына жол берілмейтіні нақты жазылған. Тек уәкілетті орган бекіткен арнайы ережелерде қарастырылған жағдайлар ғана ерекшелік болмақ.

Түзетулерді негіздеуде бірнеше себеп келтіріледі. Атап айтқанда, смартфондарды тек сабақта ғана емес, үзіліс кезінде де шектеу:

  • кибербуллингтің алдын алуға,

  • зиянды әрі деструктивті контенттің таралу қаупін азайтуға,

  • мектептегі тәртіп пен қауіпсіздікті күшейтуге,

  • оқушылар арасындағы тікелей қарым-қатынасты арттыруға,

  • салауатты білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етеді деп көрсетілген.

Еске салайық, 2024 жылдың басында мектептерде сабақ барысында смартфон қолдануға ресми түрде тыйым енгізілген еді. Қазіргі тәжірибеде оқушылар сабақ кезінде телефон қолданбайды, алайда үзілісте гаджеттерге қайта қол жеткізе алады. Егер заң жобасы қабылданса, бұл тәртіп түбегейлі өзгеруі мүмкін.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа норма мектептегі тәртіп пен қауіпсіздік мәселесін жүйелі түрде реттеуге бағытталған. Дегенмен, цифрлық технологиялар заманына бейімделген қазіргі буын үшін мұндай шектеудің тиімділігі мен салдары қоғам талқысында болары анық.