Қазақстанда несиені «пайызсыз» бөліп төлеу дәуірі аяқталуы мүмкін
Қазақстанда кең тараған «пайызсыз» бөліп төлеу қызметтеріне қатысты талаптар күшейтілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2026 жылға арналған қадағалау саясатының негізгі бағыттарын жариялап, тұтынушылық несиелеу нарығына бақылауды күшейтетінін мәлімдеді. Регулятордың негізгі сигналы – халық арасындағы жасырын қарыз жүктемесінің жылдам өсуіне жол бермеу.
Соңғы жылдары қазақстандықтардың қарыз қаражатына деген сұранысы айтарлықтай артқан. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жеке тұлғаларға берілген несиелер көлемі 20 пайызға өсіп, 24,8 триллион теңгеге жеткен. Бұл соманың басым бөлігін тұтынушылық несиелер құрайды. Бір жылдың ішінде олардың портфелі 2,9 триллион теңгеге ұлғайып, 16,7 триллион теңгеге дейін жеткен.
Ресми деректер бойынша несие портфелінің сапасы әзірге тұрақты. 90 күннен астам мерзімі өткен қарыздардың үлесі 3,6 пайыз шамасында. Дегенмен агенттік сарапшылары негізгі тәуекел дәл финтех сервистердің қарқынды өсіп келе жатқан сегментінде жасырынуы мүмкін екенін айтады. Себебі бұл бағыт ұзақ уақыт бойы банктерге қарағанда жұмсақ талаптармен реттеліп келген.
Бөліп төлеу сервистері жаңа талаппен жұмыс істейді
Алдағы өзгерістер ең алдымен бөліп төлеу және BNPL сервистеріне қатысты болмақ. Бұған дейін мұндай қызметтер көбіне сауда орындарының маркетингтік құралы ретінде ұсынылып, «пайызсыз бөліп төлеу» немесе «жеңіл төлем» деген жарнамамен танымал болды.
2026 жылдан бастап BNPL сервистерін ұсынатын компаниялар ресми түрде қаржы нарығының қатысушысы ретінде танылып, олардың қызметі толыққанды қаржылық қызмет ретінде қарастырылады. Сонымен қатар бөліп төлеу кезінде тұтынушы төлейтін нақты толық құн міндетті түрде ашық көрсетілуі тиіс. Яғни тауар бағасына жасырылып келген қосымша төлемдер немесе үстеме бағалар енді анық әрі түсінікті болуы керек.
Тағы бір маңызды өзгеріс – бөліп төлеу арқылы алынған қарыздар туралы ақпарат несие бюроларына жіберіледі. Бұл дегеніміз, енді бірнеше жерде қатар рәсімделген бөліп төлемдер адамның жалпы қарыз жүктемесін есептеу кезінде ескеріледі. Нәтижесінде мұндай міндеттемелер жаңа несие алу мүмкіндігіне де әсер етуі ықтимал.
Банктерге де талап күшейеді
Регулятор тек финтех компанияларына ғана емес, банктерге де талаптарды күшейтуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, кепілсіз несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі қайта қаралуы мүмкін.
Сонымен бірге банктер қарыз берер алдында клиенттің табысы мен оның қолындағы міндеттемелерінің арақатынасын көрсететін қарыз жүктемесі коэффициентін қатаң есептеуге міндеттеледі.
Бұдан бөлек, банктердің несие портфеліндегі проблемалық қарыз алушылардың үлесіне де шектеу енгізілуі мүмкін. Бұл көрсеткіш 10 пайыздан аспауы тиіс. Мұндай талап қаржы ұйымдарын жаңа несие беру кезінде тәуекелдерді мұқият бағалауға мәжбүр етеді.
Ипотека нарығында да өзгеріс болуы мүмкін
Өзгерістер ипотека нарығына да әсер етуі ықтимал. Агенттік Loan-to-Value (LTV) көрсеткішін кеңінен қолдануды жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш несие сомасы мен сатып алынатын тұрғын үйдің құны арасындағы арақатынасты білдіреді. Егер алғашқы жарна аз болса, мұндай несие тәуекелі жоғары деп бағаланып, пайыздық мөлшерлеме де жоғары болуы мүмкін.
Жалпы алғанда, 2026 жыл Қазақстанда тұтынушылық несиелеу нарығына бақылау күшейетін кезең болуы ықтимал. Билік өкілдері нарықтағы шамадан тыс қарыз жүктемесінің алдын алып, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауды көздеп отыр. Ал қарапайым тұтынушылар үшін бұл өзгерістер несие немесе бөліп төлеу рәсімдеу кезінде талаптардың күшейетінін білдіреді.

