freepik.com

Қазақстанда несие беру ережесі өзгереді: жаңа талаптар қандай?

26.03.2026 18:50

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру ережелері өзгереді. Енді банктер қарыз алушылардың төлем қабілетін бұрынғыдан да қатаң бағалайды.

Кредит беру табысқа тікелей тәуелді болады

Жаңа талаптарға сәйкес, банктер екі негізгі көрсеткішке басымдық береді. Ол қарыз жүктемесінің коэффициенті (ҚЖК) және қарыздың табысқа қатынасы (ҚТҚ).
ҚЖК – адамның табысының қанша бөлігі қазірдің өзінде несиелер мен міндетті төлемдерге кететінін көрсетеді. Ал ҚТҚ жаңа несиені төлеу адамның қаржылық мүмкіндігіне сай келе ме, жоқ па, соны анықтайды.
Яғни, енді банктер тек табысты ғана емес, сол табыстың қаншасы қарызға жұмсалып жатқанын да мұқият есептейді.

Несие үшін ресми кіріс маңызды

Тағы бір маңызды өзгеріс – ресми табысқа қойылатын талаптың күшеюі. Банктер тек расталған кірістерді ескереді.
Атап айтқанда:
– зейнетақы аударымдары;
– міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы өтетін табыс.
Егер адамның тұрақты әрі ресми табысы болса, несие алу мүмкіндігі жоғары болады.

Кімдерге несие алу қиындайды

Жаңа талаптар, ең алдымен, табысын растай алмайтын азаматтарға әсер етеді.
Олардың қатарында:
– жалақысын ресми тіркелмей алатын қызметкерлер;
– еңбек шартысыз жұмыс істейтіндер;
– тұрақты табысы жоқ азаматтар бар.

Неліктен бұл өзгерістер енгізілуде

Жаңа ережелердің негізгі мақсаты – қаржылық тәуекелді азайту. Яғни, табысы жеткіліксіз бола тұра несие алып, кейін оны төлей алмай қалатын жағдайлардың алдын алу.
Бұл өз кезегінде банктер үшін де, қарыз алушылар үшін де қауіпсіз жүйе қалыптастыруға бағытталған.

Ережелер нақтыланады

Қазақстанда мұндай шектеулер бұрыннан бар. Алайда енді олар қайта қаралып, нақтырақ әрі тиімді жұмыс істейтін болады. Банктер әр клиенттің қаржылық жағдайын жеке бағалауға көбірек мән береді.

Өзгерістер қашан күшіне енеді

Жаңа талаптар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап енгізіледі. Сондықтан несие алуды жоспарлап жүрген азаматтарға табысын ресми түрде растау мәселесіне қазірден бастап назар аудару маңызды.

Айта кетейік, 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанда ойлану мерзімі енгізілді. Бұл қарыз алушыға несие алмас бұрын шешімін қайта қарауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жауапты несие беру қағидаттары енгізіліп, азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу көзделді.