Жаңалықтар

Қазақстанда мектеп формасының үлгісі өзгерді

«ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка» деп  қойылатын талап алынып тасталды
Қазақстанда мектеп формасының үлгісі өзгерді
Фото: gov.kz 10.01.2023 16:23 2101

Оқу-ағарту министрлігінің 2022 жылғы 30 желтоқсандағы бұйрығымен орта білім беру ұйымдарының мектеп формасына қойылатын талаптарға өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Қыз балалар үшін, ұл балалар үшін де мектеп формасының элементтеріне түймелері немесе құлпы бар тоқылған жемпір / кардиган, поло жейде немесе футболка қосылады.

Ұлдарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті жейде немесе түймелері бар тоқылған кардиган, поло жейде немесе футболка кіреді. Ер балаларға арналған шалбардың балағы ұзын және аяқтың тобығын жауып тұрады.

Қыздарға арналған мектеп формасына пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық блузка немесе түймелері бар тоқылған кардиган, поло жейде немесе футболка кіреді. Қыздарға арналған шалбар аяқтың тобығын жауып тұрады.

Сондай-ақ «ұлдарға ақ көйлек, қыздарға ақ блузка» деп  қойылатын талап алынып тасталды. Галстук енді міндетті элемент емес.

Мектеп формасына тағылатын ерекше белгілерді (эмблема, басқа да орта білім беру ұйымдарының белгісі) орналастыруға рұқсат етіледі.

Мектеп формасына арналған маталар ретінде сапасы жақсартылған, төзімділігі жоғары, бактерияға қарсы, микробқа қарсы және антистатикалық қасиеттері бар жартылай жүн мен мақта маталарды қолданған жөн. 

Мектеп формасы мәселелерін талқылауға балалардың ата-аналары мен басқа да заңды өкілдері, мектептің өзін-өзі басқару мүшелері, қамқоршылық кеңесі және ата-аналар комитеті қатысып, өз ұсыныстарын енгізуі көзделеді.

Мектеп формасының стилін және белдемшенің ұзындығын таңдауды орта білім беру ұйымы және жалпы мектеп ата-анасының хаттамасымен бекітетін кеңес анықтайды.

Бұл ретте білім беру органдары мектеп формасын отандық өндірушілерден  сатып алуды ұсынды, бірақ олар мектеп формасын шығаратын жекелеген өндірушілерге артықшылық бере алмайды.

Бұйрық 2023 жылдың 10 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға