Қазақстанда медициналық ұйымдарға тіркелу науқаны жалғасуда
2025 жылдың 1 қарашасына дейін азаматтар өздеріне қолайлы немесе жаңа емхананы таңдауға және ауыстыруға мүмкіндік алады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тіркеу рәсімі барынша жеңілдетілген және онлайн қолжетімді: жаңа медициналық ұйымға тіркелуді eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы рәсімдеуге болады.
Науқаннан тыс уақытта емхананы тек ерекше жағдайларда ауыстыруға рұқсат етіледі:
- басқа елді мекенге көшу кезінде;
- жұмыс немесе оқу орнын өзгерткенде;
- емхананың қайта ұйымдастырылуы немесе жабылуы жағдайында.
- Мұндай ауысу жылына бір рет қана жасалады.
eGov порталы арқылы емхананы ауыстыру тәртібі:
Порталда авторизациядан өту.
«Азаматтарға/Бизнеске» → «Денсаулық сақтау» бөлімін таңдау.
«Емханаға тіркелу» қызметін ашып, қажетті деректерді толтыру.
Өтінімді қолжетімді тәсілдердің бірімен растау.
«Қызметтер тарихы» бөлімінен мәртебесін тексеру.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, медициналық ұйымға тіркелу - науқастың белгілі бір емханада қызмет алу құқығын бекітіп қана қоймай, сонымен қатар МӘМС жүйесі аясында тегін қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін маңызды шара болып саналады.

