Жаңалықтар

Қазақстанда мәйіт донорлығы дамымай тұр

Ұлт денсаулығын сақтап қалу үшін қайтыс болғаннан кейінгі донорлықты қолға алу керек
Қазақстанда мәйіт донорлығы дамымай тұр
Фото: El.kz 15.02.2023 12:00 5042

2023 жылдың ақпан айындағы ахуал бойынша ағза трансплантациясын қажет ететін науқастар саны – 3747. Оның ішінде 81 пациентті балалар құрайды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Трансплантация – ағзаның аса ауруларымен ауыратын көптеген науқастарға өмір сүруге мүмкіндік беретін жалғыз емдеу әдісі. Атап айтқанда, қайтыс болғаннан кейін донорлық органға трансплантация жасау басым бағыттардың бірі болып табылады. Сондықтан қоғамның «мәйіттік донорлық» деген түсінікті дұрыс қабылдауы өте маңызды.

Еліміздің медицинасы бір мәйіттік донордан бес органға трансплантация жасай алады. Ол екі бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе және көздің мөлдір қабаты. Алайда Қазақстанда өлімнен кейінгі донор болу көрсеткіші өте төмен. Трансплантология мамандарының 2022 жылдың 11 айында жариялаған қорытындысы бойынша қазақстандық күту парағынан 300-ге жуық адам донорлық органды күтпей жан тапсырған. Ал қайтыс болғаннан кейінгі донор болуға келісімге тіркелгендер саны 3000-ға жетпейді.

Қазақстанда мәйіт донорлығы дамымай тұр

«Қазақстанда ағза ауыстыруды қажет ететіндердің арасында бірінші орында тұрғандар бүйрегі сыр беретіндер. Екінші кезекте жүрек, одан соң бауыр мен ұйқы безін алмастырғысы келетіндер тізімді жалғастырады. Өкінішке орай, бүгінде трансплантациялардың көпшілігі тірі донорлардан алынуда. Мысалы, бір отбасы мүшесінен екіншісіне трансплантацияланған бүйрек тәрізді. Жүрек органын қажет ететін науқастардың жағдайы мүшкіл. Орташа есеппен жыл сайын күту тізімінен 150-ден 340 адамға дейін шығарылады. Олардың ішінде сауығып тізімнен шығарылғаннан қарағанда, қайтыс болғандар саны басым. 2022 жылдың өзінде 209 трансплантация жасалды, оның 92 пайызы тірі донорлар болды», - дейді транспланттауды үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі республикалық орталықтың директоры Сәуле Шайсұлтанова.

Донор табу мүмкіндігі ең аз пациенттер - балалар. Әсіресе жүрек немесе өкпе трансплантациясын қажет ететіндердің аман қалуы көп жағдайда мүмкін емес. Өйткені Қазақстанда кәмелетке толмағандардан өлгеннен кейін ағзаларын алуға заңмен тыйым салынған.

«Бүгінде алты миллион баланың 112-сі диализде. Олардың өмірі тек осы процедурамен қамтамасыз етіледі. Егер осыдан бес жыл бұрын 12-14 бала бүйрек алмастыруға мұқтаж болса, қазір әрбір миллион халықтың ішінде 17 бала бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Көрсеткіштің өсу себебі - қарапайым мәйіттік донорлықтың болмауы. Донор табылмаса, ата-анасының сараптамалары дәл келген жағдайда трансплантация туғанынан жасалады. Алайда отадан кейін балаға ғана емес, ата-анасына да үлкен күтім қажет болады. Біздің елде мәйіттік донорлықты халыққа дұрысынан насихаттау қажет», - дейді «University Medical center» корпоративтік қоры директорының орынбасары Шолпан Алтынова. 10 жыл ішінде 1600-ден астам трансплантация операциясы жасалса, оның 1400-ден астамына туыстық донорлық отасы жасалған. Яғни, 10 жыл ішінде 1500-ге жуық қазақстандық бір бүйрекпен өмір сүріп жатыр. Бұл көрсеткіш елімізде сау азаматтарымыздың біртіндеп азаюын көрсетеді. Ресми мәліметтерге сәйкес, 46% жағдайда балаларға донор аналары болады.

Қазақстанда мәйіт донорлығы дамымай тұр

Органды донордан алып реципиентке салудың өзіндік уақыты бар. Ағза алынған кезде оны салғанға дейінгі ең шыдамды орган - бүйрек. Трансплантациялау уақыты қаншалықты тез болса,  соғырлым органның жаңа ағзадағы өміршеңдігі ұлғаяды. Мысалға:

- Бүйрек организмнен алынғаннан кейін 24 сағат ішінде салынуы керек;

- Бауырдың максималды мұзды ортада консервациялық сақталу ұзақтығы 10 сағат;

- Жүрек пен өкпе негізінен 4 сағатта трансплантациялануы керек. Дегенмен Қазақстанның  бүгінгі жетістігінің бірі орган сақтау ұзақтығын арттыра алды. Жүрек пен өкпені 10 сағаттан артық сақтай алады.

Трансплантация жасағанда хирургиялық және иммунологиялық жағынан  күрделі органдар бар. Хирургия отасы бойынша – бауыр, иммунологияда - бүйрек трансплантациясы қиын болып есептеледі. Аталмыш отадан кейін науқастың реабилитациясы ұзақ мерзімді қажет етеді.

Мәйіттік донорлық пациентке бас ми өлімі тіркелгеннен кейін белгіленеді. Бүкіл әлем бойынша органдардың донорлық процесі іс жүзінде бірдей, яғни мидың өлу белгілері пайда болған кезде дәрігерлердің консилиумы мидың өлімін бекітеді. Бас ми өлімін диагностикалау 6-24 сағат ішінде жүргізіледі. Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағза трансплантациясы секторының Аға ординаторы алдағы бес жылда трансплантацияның көрсеткіштерін арттырамыз дейді. Яғни елімізде белгілі бес органнан бөлек жатыр, ас ішек, ұйқы без органдарының трансплантациясы жасалмақ.

«Дүние жүзінде буын, тері органдары да трансплантацияланады. Реципиент жұбын таңдау кезінде қан тобы, резус-фактор, бойы мен салмағы ескеріледі. Сонымен қатар, донор мен реципиенттің өзара үйлесімділігін анықтау үшін қан жасушаларымен кросс-матч сынағы алынады. Донорлық органдардың тапшылығы болған кезде донорлық органдар ешкімге сәйкес келмейтін жағдайлар болмайды», - дейді онколог, хирург, трансплантолог дәрігер Мэлс Асықбаев.

Әлемдік көрсеткіштерге сәйкес орган донорлығы мен трансплантация бойынша Испания мен Хорватия көш бастап тұр.  Дамыған елдерде трансплантациялаудың 85%-ы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан трансплантация жасалады.

Қазақстанда мәйіт донорлығы дамымай тұр

Фото: El.kz

Қазақстанда Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 40 донорлық аурухана бекітілген. Осы 40 аурухананың ішінде соңғы 10 жылда трансплантациялау бюросына тек 174 адам ғана өтініш қалдырған.

Ислам діні бойынша егер адам денсаулығына қауіп төнген жағдайда донор боламын деген азаматтың өміріне қауіп төнбейтін болса, орган ауыстыруға және қан құюға тыйым салынбайды. Осы турасында бас имам, ұстаз Нұрлан сауапты іс жайлы тарқатып айтып берді.

«Алла тағала мұқтаж жандарға, тығырыққа тірелген адамдарға демеуші сүйеніш болатын жандарды ерекше жақсы көреді. Себебі қайырымдылықтың мәртебесі дінімізде ерекше жоғары. Адам баласының бақыты біреуді бақытты етумен еселенеді. Соған тәуелді десек те болады.  Мұсылман белгіленген екі шарт бойынша донор болуына рұқсат етіледі. Алғашқысы қайырымдылық тегін болуы керек. Нақтылайтын болсақ, адам өз мүшелеріне қандай да бір төлем тағайындауға құқығы жоқ, өйткені адам ағзасы бізге белгілі бір уақытқа аманат етіледі. Екінші жағдайда - егер адам қайтыс болғаннан кейін донор болуға келісімін берсе. Яғни адам өзі шешім қабылдай алатын кезінде өсиет қалдыруы керек», - деді ол.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа ерік білдіруді тіркеудің екі жолы бар. Бірінші әдіс - тіркелген жері бойынша емханаға тікелей жүгіне алады. Екінші әдісі - электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы тіркелуге болады. Ол үшін өтініш беруші порталда авторизациялануы және «транспланттау мақсатында қайтыс болғаннан кейін тіндердің және органдардың өмір бойы ерікті түрде қайырымдылық жасауға келісімін тіркеу» қызметіне тапсырыс беруі қажет. Бұдан әрі барлық қажетті жолдарды толтырып, ЭЦҚ өтініміне қою арқылы бірнеше минуттан кейін мәртебе жаңартылып, ерік білдіруді екі тілде тіркеу туралы анықтама қолжетімді болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға