Жаңалықтар

Қазақстанда креативті индустрияны қалай дамытамыз

Қазақстанда креативті индустрияны қалай дамытамыз
Фото: © Freepik.com 21.11.2024 10:31 375

Қазақстанның креативті индустриясы соңғы жылдары белсенді дамып, ел экономикасының маңызды бөлігіне айналды. Ол дизайн, кино, сән, сәулет, музыка, IT, ойын әзірлеу, өнер, медиа және жарнама сияқты салаларды біріктіреді. Қазіргі заманның бір бөлігіне айналған бұл саланың елімізде маңызы артып келеді, деп хабарлайды El.kz тілшісі.

Креативті индустрия дегеніміз не?

Креативті индустрия зияткерлік және мәдени өнімдерді жасауға және коммерцияландыруға негізделген экономикалық қызметті қамтиды.

Қазақстанда бұл:

  • Сәндік-қолданбалы өнер;
  • Киноиндустрия;
  • Музыка және сән;
  • Сәулет және дизайн;
  • IT, ойын әзірлеу.

Қазақстандағы креативті индустрияның қазіргі жағдайы қалай?

  1. Инфрақұрылымды дамыту

Astana Hub және Almaty Creative Hub сияқты шығармашылық кеңістіктер шағын бизнестің өсуін ынталандырады және жас мамандарды тартады.

  1. Жергілікті мазмұнның танымалдылығының артуы

Қазақ фильмдеріне, телехикаяларына, музыкасына, сәніне сұраныс айтарлықтай артты. Ұлттық нақыштарды заманауи БАҚ арқылы танымал ету жергілікті контентті ел ішінде ғана емес, шетелде де тартымды етеді.

  1. Шағын кәсіпкерлікті қолдау

Шығармашылық индустриядағы ШОБ субъектілері жеңілдікті несиелеу бағдарламаларына, гранттарға және тәлімгерлікке қол жеткізе алады. Мәселен, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша қолөнершілер мен суретшілердің жобалары белсенді түрде қолдау тауып жатыр.

Бұл бағыттар тек шығармашылықпен ғана емес, сонымен қатар олардың экономикалық пайда әкелу, экспортты дамыту және жұмыс орындарын құру әлеуеті де біріктіреді.

Саладағы мамандар не дейді?

Музыкалық жас көрермен театрының» директоры Асхат Маемиров креативті өнімдердің орталықтандырылған реестрін жасау керегін айтады.

Креативті индустрия бойынша Астана, Алматы және Шымкент сияқты үлкен мегаполистерде хабтар құрылып жатыр. Бұл дұрыс. Бірақ бізде таланттың барлығы ауылдан шығады. Димаш (Димаш Құдайбергенов – ред.) та Ақтөбенің Мұғалжар деген ауданында дүниеге келген. Канн фестивалінің лауреаты Самал Еслямова Солтүстік Қазақстан облысының Аралағаш ауылындағы мектепті бітірген. Бұл тізімді айта берсек, көп. Жалпы халықаралық аренада жүрген қыздарымыз бен жігіттеріміздің көбі ауылдан шыққан. Президент кез келген облысқа барған кезде де әсіресе, балалардың шығармашылығын дамыту орталықтарына барады. Бірақ дәл қазіргі уақытта осы таланттарды шығаруда қандай критерий бар?! Әрине креативті индустрияның тұжырымдамасы бекітілуі керек. Бірақ оны нақты таланттарды табуда қалай жасауымыз керек? Сонау 90-жылдардағыдай «Таланттарды іздейміз» деген конкурстар арқылы өткізіле ме? Менің ойымша, осыған балалардың талантын ашатын орталықтандырылған фестиваль керек. Қазір бізде орталықтандырылған бірде-бір байқау не фестиваль жоқ, - дейді ол.

Маемиров Өзбекстан, Қытай және басқа да мемлекеттердегі қандастарымыздың арасында да таланттар бар екенін және олар бізге қарап отырғандарын қоса кетті.

Креативті индустрияға байланысты Ғылым және жоғары білім министрлігінде арнайы мамандықтар ашылып жатыр ма? Ашылса, қай ЖОО-да ашылады? Себебі креативті индустрия бұл шығармашылық пен индустрияны қатар меңгерген мамандардан құрылатын бағыт. Сондықтан бізге бүкіл заманауи инновациялық әдістермен қаруланған мықты менеджерлер керек. Сол себепті бакалавриаттар мен магистранттарды міндетті түрде креативті индустрияға кәсіби тұрғыдан оқытып, дамыту қажет, - деп санайды Маемиров.

Оның сөзінше, тағы бір мәселе – креативті индустриядағы ұлттық дәстүрлі өнердің орны мен рөлі.

Жапония сияқты алып мемлекеттерде театрлар мемлекетке ұлттық театрды насихаттауда үлкен рөлге ие болып отыр. Қытайдағы атақты Қытай операсы да солай. Ол классикалық операға жатпайтын өнер.

Өткенде Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қолөнер шеберлерінің қандай сұранысқа ие екенін көрдік. Шетелден келген мамандар, туристер қазақтың дәстүрлі музыкасына қызықты, ал қолөнер шеберлері оларға бірталай туындыларын сатты. Бұл бір жағынан бизнес көзі екенін көрдік. Сол себепті орталықтандырылған қолөнер шеберлерінің орталығын құру қажет. Мысалы, 60-70-жылдары жазылған Дулат Исабековтің «Гауһартас» деген спектаклін Музыкалық жас көрермен театры 3,5 млн теңгеге сахналады. Қазір одан тапқан табыс бір жылдың ішінде 103 млн теңгеге дейін жетті. Айтқым келетіні, бізге 3,5 млн теңге емес, 35 млн теңге берсе, оны 350 млн теңгеге дейін жеткізетін едік. Яғни біз заманауи дүниелерді іздемей, рухани құндылықтарымыздан да жақсы дүниелер жасауымыз қажет. Мұндай шығармашылық өнімдердің орталықтандырылған реестрін жасау уақыт күттірмейтін дүние, - деп ұсынысын айтты Асхат Маемиров.

«Қазақ кілемін жоғалтып алмауымыз керек»

«Шырақ» компаниясының құрылтайшысы Сандуғаш Бейсембекова қазақ киізін жоғалтып алғанымызды, бірақ енді кілемімізді жоғалтып алмауымыз керегін жеткізді.

Біз қолдан тоқылатын кілемдерді шығарамыз. Түркістан облысының ауылдарындағы апалар кілемдерді тоқиды. Жалпы саны 15 апа жұмыс істейді. Екі ұсынысым бар.

Біріншіден. Өздеріңіз білесіздер, біз киізді жоғалтып алдық. Көбіміз оны қазір «қазақтың киізі» деп қырғыздардан сатып аламыз. Енді кілемді жоғалтпау үшін біз «Қазақстанда жасалған» деген бренд жасауымыз керек. Ол үшін мемлекет ұлттық тауарға сертификат жасайтын ұйым немесе қауымдастық құруға қолдау жасаса дейміз.

Екіншіден. Бәрі әзербайжан, түркмен кілемін біледі, бірақ қазақ кілемін ешкім білмейді. Біз кілемімізбен экспортқа шыққымыз келеді. Ол үшін тіпті көрме өткізуге дайынбыз. Астанад мұндай көрме өткізілді. Енді Париж, Лондонға бару мақсатымыз бар. Енді ЮНЕСКО-ның Материалдық емес құндылықтар мұрасы тізіміне қазақ кілемін кіргізуге қолдау жасауды сұраймыз, - деп айтты Сандуғаш Бейсембекова.

Университеттерде креативті индустрия мамандар қалай дайындалып жатыр?

Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки креативті индустрия бойынша 6 жоғары оқу орны дайындықты жүзеге асыратынын айтты.

Креативті индустриялар және продюсерлік, креативті индустрияны басқару, оның экономикасының бағытына байланысты бағдарламалар бар. Қазіргі уақытта 7 бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Біраз 3D анимация дизайнға жататындықтан дизайн оқу бағдарламасында көзделген. Биыл ашылып жатқан филиалдардың келер жылдағы бағдарламасында креативті индустрияның заманауи бағдарламалары болады, - дейді вице-министр.

«Креативті индустрия экономиканың дамуының негізгі тірегі»

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, креативті индустрия ол тек қана мәдениет мәселесі емес, ол тұтас мемлекеттің экономикасының дамуының негізгі тірегі болатын қазіргі таңдағы нақты фактор.

Оңтүстік Кореяның тәжірибесін қарайтын болсақ, олардың K-Pop индустриясының өзі осы креативті индустрияның бір бағыты ретінде еліне қаншама қаражат әкеліп жатыр. Меніңше, Қазақстанда да жастарымыздың арасында мұндай өнер иелері бар. Бұл саланың дамуына бағыт бар. Дегенмен мемлекеттік тұрғыдан заңнамалық реттеу қажет. Оның сөзінше, креативті индустрия ол бір ғана авторлық құқықпен шектелмейді. Креативті индустрияның заңнамалық реттеу тетігінде кең ауқымды қамтиды. Депутат субсидия беріп, салықтық жеңілдіктер болуы керегін атап өтті. Креативті индустрияның инфрақұрылымына байланысты да көптеген мәселе бар. Оны заңнамалық тұрғыдан реттеуге ашықпыз, - дейді Мәжіліс депутаты.

Қазақстандағы креативті индустрияның одан әрі өсу үшін орасан зор әлеуеті бар. Ол Қазақстанды дәстүрлер мен заманауи технологиялардың бірегей үйлесімі бар ел ретінде танытатын экономикалық драйвер және мәдени дипломатияның қуатты құралы бола алады. Сондай-ақ бұл жаңа экономикалық драйвер ғана емес, сонымен қатар еліміздің өзін жаһандық мәдени кеңістікте таныту мүмкіндігі. Дәстүр мен инновацияны үйлестіре отырып, Қазақстан креативті экономика саласында көшбасшы болуға қабілетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға