El.kz

Қазақстанда көліктің техникалық тексеру талаптары өзгерді: жүргізушілерге әсері қандай

22.03.2026 10:55

Қазақстанда автокөліктерді міндетті техникалық тексеру жүйесіне енгізілген өзгерістер саладағы бақылауды күшейтіп, цифрландыруды тереңдетуге бағытталған. Тиісті түзетулер Көлік министрінің бұйрығымен бекітіліп, техосмотр өткізу тәртібіне жаңа талаптар енгізілді. El.kz жаңа талаптарға үңіліп көрді.

Негізгі өзгеріс

Жаңашылдықтардың бастысы – диагностикалық карталар рәсімделетін бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы бақылауды күшейту.

Енді техникалық тексеріс станциялары бұл жүйеде тек операторымен ресми келісімшарт болған жағдайда ғана жұмыс істей алады. Бұл талап бейресми қызмет көрсететін немесе формалды тексеріс жүргізетін орталықтардың қызметін шектеуге бағытталған.

Нарыққа әсері

Жаңа талаптар техосмотр нарығына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін. Бұған дейін тек хабарлама арқылы жұмысын бастаған кейбір станциялар енді қосымша талаптарға сай келуі тиіс.

Сарапшылардың пікірінше, талаптарды орындауға дайын емес орталықтар нарықтан кетуі ықтимал. Нәтижесінде қызмет көрсетушілер саны азайып, тек материалдық-техникалық базасы жеткілікті ірі орталықтар қалады.

Бұл өз кезегінде қызмет сапасын арттыруы мүмкін, алайда бәсекенің азаюы бағаның өсуіне әсер етуі ықтимал.

Жүргізушілерге ықпалы

Жаңа ережелердің жүргізушілер үшін әсері екіжақты болуы мүмкін. Бір жағынан, техникалық тексерістің сапасы артып, жолдағы көліктердің техникалық жағдайы жақсарады. Бұл жалпы жол қауіпсіздігін арттыруға ықпал етеді.

Екінші жағынан, кей өңірлерде техосмотр пункттерінің азаюы салдарынан кезек көбейіп, қызмет құнының қымбаттауы ықтимал.

Бақылаудың күшеюі

Цифрлық жүйелердің интеграциясы техосмотрдан өтпеген көліктерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Камералар мен мемлекеттік дерекқорлар арқылы көліктің техникалық тексерістен өткені немесе өтпегені жедел тексеріледі.

Бұл жүргізушілердің техосмотрдан жалтаруын қиындатып, талаптарды сақтауға мәжбүр етеді.

Экологиялық аспект

Реформаның маңызды бағыттарының бірі – экологиялық талаптарды күшейту. Ірі қалаларда ауа сапасының нашарлауы көлік шығарындыларымен тікелей байланысты.

Сондықтан техосмотр барысында көліктің экологиялық талаптарға сәйкестігіне ерекше назар аударылады.

Қазақстандағы техосмотр жүйесіндегі өзгерістер көлеңкелі қызметті азайтып, бақылауды күшейтуге бағытталған. Қысқа мерзімде бұл жүргізушілер үшін белгілі бір қолайсыздықтар тудыруы мүмкін. Алайда ұзақ мерзімде жол қауіпсіздігін арттырып, көлік паркін жаңғыртуға және экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді.