Жаңалықтар

Қазақстанда кімдер тегін баспана ала алады?

Қазақстанда кімдер тегін баспана ала алады?
Фото: коллаж El.kz 06.01.2025 16:45 10375

Қазақстанда белгілі бір әлеуметтік санатқа жататын азаматтар мемлекеттен тегін баспана ала алады. Мұндай көмек Қазақстан Республикасының  «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес көрсетіледі. Осы орайда тегін тұрғын үйге кімдер үміткер бола алатыны, жекешелендіру тәртібі, сондай-ақ өтініш беру және оны қарау үдерісі жайлы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сауал жіберіп, жауап алдық. 

Елімізде тегін баспананы кімдер ала алады?

Қазақстан Республикасының  «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабы 8-тармағына сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне тегін алуға:

1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

2) бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

3) Чернобыль атом электр станциясындағы зардаптарды жоюға қатысушылар;

4) Семей ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккендер;

5) Арал маңындағы экологиялық апат салдарынан зардап шеккендер;

6) бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, оның ішінде Ауғанстанда қызмет өткеру кезінде мүгедек адамдар деп танылған әскери қызметшілер;

7) 20 жыл еңбек сіңірген өтілі бар әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметшілері, ішкі істер органдарының қызметкерлері, мүгедектігі бар бала болған кезде – 10 жыл;

8) қызмет өткеру кезінде қаза тапқан әскери қызметшінің, арнайы мемлекеттік органдардың қызметшілері, ішкі істер органы қызметкерінің отбасы мүшелері;

9) саяси қуғын-сүргін құрбандары;

10) ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер өтініш бере алады.

Қалған азаматтар мұндай тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша, яғни тұрғын үйдің баланстық құнынан тұрғын үйдің физикалық тозуын шегергендегі құны бойынша сатып ала алады.

Баспананың аумағы қандай?

Заңның 75-бабы 1-тармағына сәйкес, әр адамға мемлекеттен кемiнде 15 шаршы метр және көп дегенде 18 шаршы метр тұрғын үй беріледі. Бiрақ кемiнде бiр бөлмелi пәтер немесе жатақхананың бөлмесінен кем емес мөлшерде беріледі.

Мемлекеттен баспана алуға қалай өтініш беру керек? 

Тұрғын үйлерді жекешелендіру тәртібімен меншікке сатып алу үшін өтініш беруші халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе е-гов арқылы тұрғын үй комиссиясының қарауына мынадай құжаттар ұсынады:

- жалға алушының отбасының барлық кәмелетке толған мүшелері қол қойған тұрғын үйді жекешелендіруге өтініш;

- жалдау шарты;

- меншікке өтеусіз алуға құқығы бар азаматтар санатына жататынын растайтын құжат.

Баспана қанша уақытта беріледі?

Тұрғын үй комиссиялары күнтізбелік 30 күн ішінде тұрғын үйді жекешелендіру туралы шешім қабылдайды не дәлелді бас тартуды жазбаша түрде шығарады.

Баспананы кімдер жекешелендіре алады?

Баспананы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайға мұқтаждар есебінде тұрып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжай алған заңның 68-бабында көрсетілген санаттардағы тұлғалар жекешелендіре алады.  

Оны жекешелендіру үшін не істеу керек?

Заңның 10-3 бабы 2-тармағы 14-тармақшасына сәйкес Республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары заңда айқындалған шарттарда және тәртіппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайларды жекешелендіруді жүзеге асырады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға