жасанды интеллект

Қазақстанда кейбір кітаптарды сақтауға тыйым салынбақ

01.04.2026 15:35

Қазақстанда кейбір кітаптарды сақтағаны үшін жауапкершілік енгізіледі деген ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік «енді кез келген кітап үшін айыппұл салынуы мүмкін бе?» деген сұрақ қойып отыр.

Оқи отырыңыз: 

Бүгін Мәжіліс депутаттары экстремистік және террористік материалдарға қатысты тыйымды кеңейтетін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат арнайы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейді. Нақтырақ айтқанда, бұған дейін заңда мұндай материалдарды әкелуге, басып шығаруға, дайындауға және таратуға тыйым салынған болса, енді осы қатарға оларды сақтау мәселесін де нақты енгізу ұсынылып отыр.

Экстремистік және террористік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, дайындауға және таратуға қойылған тыйымнан бөлек, заң жобасында оларды сақтауға да тыйым енгізу ұсынылып отыр, – деді депутат Болат Керімбек.

Алайда бұл бастамаға қатысты сұрақ та туындады. Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода мұндай жауапкершілік онсыз да бар екенін еске салды.

Ондай норма қазірдің өзінде бар емес пе? Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте мұндай материалдарды сақтағаны үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл өзгеріс не үшін қажет? – деді ол.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Алмас Наймантаев бұл өзгеріс жаңа жаза енгізбейтінін түсіндірді. Оның айтуынша, мәселе жаңа шектеуде емес, заңдарды біріздендіруде.

ӘҚБтК-де мұндай материалдарды сақтау үшін жауапкершілік бұрыннан бар. Бірақ салалық заңдарда тек әкелуге, дайындауға және таратуға ғана тыйым көрсетілген, – деді ол.

Яғни сөз кез келген кітап туралы емес. Тек сот шешімімен экстремистік немесе террористік деп танылған материалдар жайлы болып отыр.

Айта кетейік, мұндай материалдарды сақтағаны үшін айыппұл да қарастырылған. Жеке тұлғалар 86 мыңнан 865 мың теңгеге дейін айыппұл төлейді. Лауазымды тұлғалар үшін бұл сома 1,2 миллион теңгеге дейін жетсе, бизнеске 8,6 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Бұған дейін ЖИ дәуіріндегі дипломның құны  туралы жазған едік.