Жаңалықтар

Қазақстанда іс жүргізу түрлері бойынша тәуелсіз кассациялық соттар құрылады

Қазақстанда іс жүргізу түрлері бойынша тәуелсіз кассациялық соттар құрылады
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 19.06.2024 12:45 585

Мәжіліс сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Заң жобасы аясында Қылмыстық-процестік кодекске (ҚПК), Азаматтық процестік кодекске (АПК), Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске (ӘРПК) және басқа да заңдарға түзетулер енгізіледі.

Жобада азаматтық және қылмыстық істер бойынша істерді алдын ала қарау кезеңін алып тастау ұсынылып отыр. Сотқа жүгінудің бірыңғай ережелері енгізіледі.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі жаңа міндетпен толықтырылады. Бұл азаматтарға құқықтық қатынастардың нақты саласындағы дауларды шешу практикасында бағдар алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ талап қоюшының таңдауы бойынша экс-аумақтық соттылықты әкімшілік істерге де қолдану ұсынылады, бұл соттарға деген сенімді арттырады, - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Үнзила Шапақ.

Сөзінше, сонымен қатар аумақтық әділет органдарына жеке сот орындаушыларының әрекеттеріне не әрекетсіздігіне шағымдарды қарау құқығы беріледі. Яғни сотқа талап арыз берілгенге дейін шағымды аумақтық орган қарауға тиіс. Бұл сот талқылауларының санын қысқартып, атқарушылық іс жүргізудің жедел орындалуына ықпал етеді.

Сонымен қатар Қазақстанда іс жүргізу түрлері бойынша тәуелсіз кассациялық соттар құрылатын болады.

Мемлекет басшысы 2023 жылы 12 қыркүйекте отандық бизнес өкілдерімен кездесуде дербес кассациялық саты құру мәселесі бойынша заңгерлер және кәсіпкерлер қауымымен консультациялар өткізу қажеттілігін атап өтті.

Осыған орай заң жобасы аясында ҚПК, АПК, ӘРПК дербес кассациялық соттарды құруға байланысты тиісті түзетулер енгізіледі. Жаңа редакцияға сәйкес Жоғарғы соттың рөлі өзгереді. Сот төрелігін тек жергілікті және кассациялық соттар ғана жүзеге асырады. Жоғарғы соттың негізгі мақсаты сот тәжірибесін нақтылау және біркелкілігін қамтамасыз ету болады.

Осыған байланысты Жоғарғы сот судьясының бастамасы бойынша Жоғарғы сот органы жергілікті соттардың шешімдерін ерекше жағдайларда қайта қарайды: сот тәжірибесіне қайшы келетін шешімдер қабылданса немесе құқықты дамыту мүддесінде қайта қарауды талап етсе. Сондай-ақ Жоғарғы сот төрағасының өкілдігі институтын жою ұсынылып отыр, - деді Үнзила Шапақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға