Жаңалықтар

Қазақстанда интернет алаяқтық өршіп тұр

Бір күнде 10-нан астам интернет алаяқтық тіркеледі
Қазақстанда интернет алаяқтық өршіп тұр
Фото: El.kz 09.02.2023 18:07 2731

Статистикалық деректерге сүйенсек, COVID-19 пандемиясы басталғалы бері интернет алаяқтық деректері 80%-ке артқан, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір күнде 10-нан астам интернет алаяқтық тіркеледі. Осы орайда заңгер Әлімжан Жұбатқановтан интернет алаяқтықтан қалай сақтануға болатыны туралы кеңес сұраған едік. 

– Қазір ел ішінде интернет алаяқтарының саны артып барады. Мұны тиісті органдар да растап отыр. Осылардың арасында ең жиі кездесетін түрлері қандай?

– Интернеттегі алаяқтықтың ең жиі кездесетін түрі – жоқ тауарды сатып алып, алдын ала төлем жасау. Әсіресе, әлеуметтік желілер дамыған заманда мұндай алаяқтық түрінің жиі кездесуі түсінікті де. Өйткені қазір еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін инстаграм, facebook, telegram секілді әлеуметтік желілерде отырады. Пандемия басталғаннан кейін онлайн дүкендер тіпті көбейіп кетті. Сол желідегі онлайн дүкендердің ішінде жоқ тауардың суретін қойып, жалған ақпарат беретін алаяқтар да бар. Көпшілік дүкен туралы ақпаратты толық тексеріп алмай жатып, төлем жасап жібереді. Содан кейін не тауар жоқ, не ақша жоқ.

Екінші түрі – банк қызметкері болып қоңырау шалу. Алаяқ өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, сіздің есепшотыңыздағы қаржыға қауіп төніп тұрғанын айтады. Сізге код жібереді. Кодты алғаннан кейін алаяқ сіздің жеке мәліметтеріңізге қол жеткізіп, есепшотыңыздағы ақшаны аударып алады. Ескере кететін жайт, банк қызметкері ешқашан код сұрамайды. Мұндай кодты ешкімге айтуға болмайды. 

Үшіншісі – басқа адамның құжаттары арқылы онлайн қарыз алу. Сондықтан жеке куәлігіңізді ешкімге жіберуге болмайды. 
Соңғы кезде "қаражатты сізге қателесіп аударып қойыппын, шешіп беруіңізді сұраймын" деп хабарласатын алаяқтар да бар. Олар осылай із жасырады. 

Сондай-ақ ватсаптан немесе инстаграмнан танысыңыздың атынан хабарласып, қиналып тұрғанын айтып қарызға ақша сұрауы мүмкін. Сондықтан танысыңыз ақша сұраса, ақшаны бермес бұрын сол адам екеніне көз жеткізіп алған дұрыс. 

– Ал сол алаяқтықтан қалай сақтануға болады?

– Ол үшін онлайн дүкендерге төлем жасамай тұрып, дүкен туралы ақпаратты толық тексеріп алыңыз. Әдетте жалған онлайн дүкендердің ашылғанына көп уақыт өтпеген, жаңадан ашылған парақша болады. Екіншіден, пікірлерге қараймыз. Пікір жазу мүмкіндігі өшірілген болуы мүмкін. Өйткені бір рет тұтынушыны алдағаннан кейін ол басқаларды сақтандырып немесе алаяқты үркітіп, ақшасын қайтарып алу үшін комментарий қалдырады. Тауар сатып алғанда жазылушылары көп, жақсы пікірлер жазылған парақшадан сатып алу керек. Немесе таныстарыңыз ұсынған дүкендерден ғана сатып алған жөн. Сондай-ақ онлайн дүкендердің көбінде сауда орындарында орналасқан арнайы орындары болады. Осындай дүкендерден тауар сатып алу қауіпсіз болып саналады. Мұндай дүкендердің нақты мекенжайлары көрсетіледі. 

Сонымен бірге жеке мәліметтерді құпия ұстау керек екенін айтқым келеді. Банк карталарының жеке деректерін, CVV кодты интернет сатып алулар кезінде күмәнді сайттарға енгізуге болмайды. 

Банк қызметкерлері сіздің жеке ақпараттарыңызды нақтылау үшін қоңырау шалмайтынын есте ұстаңыз. Ал Ішкі істер өкілдері тек ресми нөмірлерден ғана хабарласып, хабарлама жібереді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға