©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Қазақстанда ерлер әйелдерден екі есе көп табыс табады

21.10.2025 20:13

Елдің батыс өңірлерінде ерлер мен әйелдердің жалақы айырмашылығы ең жоғары болып отыр, ал оңтүстікте бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде тең, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Finratings.kz дерегінше, Қазақстанда ерлер мен әйелдердің еңбекақысы арасындағы алшақтық әлі де бар. Орта есеппен алғанда, басшылық және мемлекеттік қызметтегі ер адамдар әйелдерге қарағанда 35,4 пайызға көп жалақы алады.

«Черный лебедь, рак и щука» Telegram-арнасының мәліметінше, айырмашылық өңірге байланысты өзгереді. Ең үлкен теңсіздік – батыс облыстарда. Мысалы, Атырау облысында ерлердің табысы әйелдерден ­– 83,4%, ал Маңғыстауда 81% жоғары.

Келесі орында Ақмола (54,4%), Ақтөбе (53%) және Шығыс Қазақстан (52,7%) облыстары тұр.

Гендерлік теңдікке ең жақын аймақ – Жетісу облысы, мұнда айырмашылық бар болғаны 6,4%. Сондай-ақ Түркістан (11,2%), Шымкент (13,7%), Жамбыл (20,1%) және Астана (25,1%) қалаларында да айырмашылық аз.

Сарапшылар бұл теңсіздікті өңірлердің экономикалық құрылымымен байланыстырады: батыста жоғары жалақылы, ер адамдар басым салалар – мұнай-газ және өнеркәсіп салалары дамыған. Ал оңтүстікте жұмысшылардың басым бөлігі әйелдер, әсіресе білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада еңбек ететіндер көп.