GOV.kz

Қазақстанда ерекше балаларды кемсіткендерге жаза күшейтілмек

Елімізде ерекше қажеттіліктері бар балалар туралы қорлайтын және жеккөрушілік сипаттағы пікірлер жазатын адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді. Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Әбдиев қоғамда мұндай теріс көзқарастың күшейіп келе жатқанына назар аударды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Депутат өз сауалын премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға жолдап, мүгедектігі бар балаларға қатысты айтылып жүрген дөрекі және адамның ар-намысына тиетін сөздерді сынға алды.

Әлеуметтік желілерде балалар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бағытталған жеккөрушілік сөздер жиілеп кетті. Бірнеше ай бұрын бір блогер аутизмі бар балаларды өлтіруге үндеу тастады. Бұл тек әлеуметтік араздықты қоздыру емес, сонымен қатар қоғамды қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа итермелеу деп бағалауға болады. Кейін тағы бір блогер аутизмге шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарын қорлап, бұл диагнозды ананың “дұрыс өмір сүрмеуінен” деп түсіндіруге тырысты. Мұндай сөздер ерекше бала бағып отырған ата-аналарға зор психологиялық соққы болады, - деді Ерлан Әбдиев.

Сондай-ақ, депутат мұндай әрекеттер үшін қатаң жаза қарастырылуы керек екенін айтты. Әйтпесе кез келген адам қалағанын айтып, жазасыз қалады деп мәлімдеді.