primeminister.kz

Қазақстанда ДНҚ арқылы Алтын Орда ақсүйектерінің шығу тегі зерттелді

01.08.2025 11:05

Халықаралық ғылыми зерттеу тобы жүргізген жаңа генетикалық талдау Алтын Орда элитасының шығу тегі туралы тың деректер берді. Қазақстанның Ұлытау өңірінде орналасқан, тарихи маңызы зор Жошы хан кесенесінде жерленген ер адамның ДНҚ тізбегі алғаш рет анықталды. Сонымен қатар, зерттеу аясында Болған ана, Алаша хан және Аяққамыр кесенелерінен табылған тағы үш адамның сүйектері де талданды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Nplus1 дерегіне сілтеме жасап.

Палеогенетиктердің айтуынша, зерттелген төрт адамның үшеуі XIV ғасырда — Алтын Орданың ең гүлденген кезеңінде өмір сүрген. Ал төртінші адам XVIII ғасырда жерленген. Ортағасырлық үш ер адамның генетикалық сараптамасы олардың түркі-монғол текті екенін және Алтын Орда ақсүйектерінің өкілдері болғанын көрсетті. Ең маңызды тұсы — үшеуінде де сирек кездесетін C2a1a3-F1818 Y-хромосомалық гаплотобы анықталған. Бұл генетикалық маркер ғылыми ортада Шыңғыс ханның ұрпақтарына, яғни чингизидтер әулетіне тән деп саналады.

Бұған дейін бұл гаплотобы тек моңғол билеуші әулеттеріне ғана тиесілі деп есептелетін. Алайда жаңа деректер бұл генетикалық тармақтың негізін қалаушы адам Моңғол империясы құрылмай тұрып, яғни Шыңғыс ханның өзінен мың жыл бұрын өмір сүргенін көрсетіп отыр. Соған қарамастан, C2a1a3-F1818 гаплотобы қазіргі таңда да Шыңғыс хан әулетінің ұрпақтары арасында жиі кездеседі.

Зерттеу барысында ғалымдар аналық жолмен тарайтын митохондриялық ДНҚ-ны да зерттеді. Бұл әдіс жерленген тұлғалар арасындағы туыстық байланыстар мен этногенездік үрдістерді анықтауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Аяққамыр кесенесінде табылған бір адамның ДНҚ-сынан Алаша хан кесенесінде жерленген адаммен генетикалық жақындық анықталды. Олардың арасында шамамен 4–5 ұрпақтық айырмашылық болған, бұл аймақтағы билік сабақтастығы мен элиталар арасындағы туыстық жүйенің тұрақты болғанын көрсетеді.

XIV ғасырда өмір сүрген үш ер адамның генетикалық құрылымының шамамен 80%-ы солтүстік-шығыс Азия халықтарына тән, бұл Қиыр Шығыс пен оған жақын аймақтарда таралған генетикалық желілерге ұқсас. Қалған 20%-ы Қазақстандағы Берел қорғанындағы скиф дәуіріне жататын популяциялармен сәйкес келеді. Бұл мәліметтер Алтын Орда билеуші таптарының аралас текті, яғни көне түркілік және моңғолдық элементтерді бойына сіңіргендігін дәлелдейді.

Ғылыми деректер ресми археологиялық экспедициялар барысында алынған. Сүйек пен тіс үлгілерінен бөлініп алынған ДНҚ Жапония мен АҚШ-тағы мамандандырылған зертханаларда заманауи әдістермен зерттелді. Жобаға Қазақстан, Жапония, АҚШ және Еуропаның жетекші ғылыми орталықтарынан мамандар қатысқан.

Жошы кесенесіне деген қызығушылық бекер емес. Әлі күнге дейін тарихшылар арасында бұл жерде шынымен Шыңғыс ханның тұңғышы — Жошы хан жерленген бе, жоқ па деген сұраққа қатысты пікірталас жалғасып келеді. Археологиялық тұрғыда дәлелденбегенімен, кесене Алтын Орданың саяси және мәдени тарихын түсіну үшін аса маңызды нысан саналады.

Зерттеу нәтижелері Шыңғысхан ұрпақтарының генетикалық бейнесін ашуға және Моңғол империясының Еуразия халықтарына тигізген әсерін тереңірек ұғынуға жол ашады.